ХАСАН БАСРИ ҒИБРАТЫ
Аса Қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Ислам тарихында ерекше орны бар, заманында өзінің білімі мен діндарлығы дара көрініс тапқан тұлғалардың бірі әрі бірегейі ол имам Хасан басри (Басралық Хасан). Расында кемеңгер ғасырлардың екінші буыны, табиғин тұсында өмір сүріп, өнегелі ұстаз бола білген. Бойын күнә істерден таса ұстап Құдайға деген құлшылығында ыждағаттылығымен рухани деңгейі ихсан дәрежесіне жетіп Әулие атанған ғалым еді. Ол жайында Атақты қолбасшы болған Масламат ибн Абду ал-малик: “Мынадай тұлға бар жерде қоғам қалайша адаспақ” деп баға берген.
Хасан ибн Ясар Басридың өміріне үңіле қарап ізденсек, ол жерден Алланың рахым пайғамбары болған Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шаңырағының берекесіне тап боламыз. Өйткені Хасан Басридың анасы Хойрах Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайы Умму Сәлама (Алла ол кісіден разы болсын) қызметшісі болатын. Хасан Басри дүниеге келгенде Умму Сәлама (Алла ол кісіден разы болсын) қатты қуанып қолына алғанда: «Иа Хойрах! бұл сәбидің есімін кім деп қойдың» - деп сұрайды. Сонда Хасан Басридың анасы: «Оның есімін сіз таңдасаңыз» деп әдептілік танытады. Момындардың анасы: «Олай болса Алланың берекетін тілеп Хасан деп атайық» дейді. Деректерде Хасан Басридың анасын кейбір істерге жұмсаған кезде жас сәби жылай қалса «Момындардың анасы Умму Сәләма сәбидің аузына омырауын салып жұбататын», - делінген. Осылайша Хасан Басри ардақты Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасында тәрбиеленеді. Анамыз Умму Сәләма (Алла ол кісіден разы болсын) өзінің көрегенділігі мен Хасан Басриді қайта-қайта мешітке жіберіп үлкен ғалым болған сахабалардың батасын алдыратын. Күндердің бірінде Умму Сәләма (Алла ол кісіден разы болсын) жас баланы Момындардың әміршісі халифа Омар ибн Хаттабқа жіберіп батасын алғызады. Сонда Омар (Алла ол кісіден разы болсын):
اللهم فقهه في الدين و حببه الي الناس
«Аллахым дінге деген түсінігін аша гөр және адамдарға оны жақсы көргізе көр», - деп дұға жасайды. Ал әкесі Ясар Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан келген уахиды жазушысы болған ансарлық Зайд ибн Сәбит (Алла ол кісіден разы болсын) көмекшісі болған. Міне осылайша Хасан Басри ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлеміә болсын) берекесіне жақын болған. Расында сол кезеңде дін исламның қайнар көзі болып табылатын саңлақ сахабалардың білімінен сусынданып саралы сана қалыптастырып, хикметпен керегесін нықтаған болатын. Білімін шыңдауда ғалым сахабалардан болған Али ибн Абутолиб, Абу Муса әл-Ашари Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн әл-Аббас, Анас ибн Малик және Жәбир ибн Абдилләһ сыңды сахабалардан дәріс алып, ғылым меңгерген болатын.
Хасан Басри он төрт жас шамасында ата-анасы Басра қаласына қоныс аударады. Басра қаласына келген кезде де білімге деген құштарлығы мен сол қаланың бас мешітінде атақты сахаба Абдулла ибн Аббас сыңды ғалымдарды келгенде олардан білім алуын жалғастырып, білгенін басқаларға үйрете бастайды. Тіптен ислам қоғамында басралық Хасан деген атпен таныла бастайды. Уақыт өте келе ел билеген хандар мен басшылар онымен кеңесіп, құрметтеп қадірлей жүреді. Елге білімі мен құлшылығының жемісі болған ғибратты уағыздары мен кемеңгер хикметін насихаттап, адамдарға пәни өмірдің жалғаны мен ақыреттің ақиқатын салыстыра отырып дін ілімін жеткізеді.
Сондай ғибратты сөздерінің бірінде: «Бір кісі Хасан Басриға келіп: «Уа, ұстаз маған дүние мен ақыреттің жағдайын түсіндіріп бересізбе?» деп сұрайды. Сонда Хасан Басри тақуалық тізгінін танытып, ой түбінен маржан тастай жарқыраған мысалды қарапайым көрініспен салыстырып былай дейді: «Дүние мен ақырет шығыс пен батыс сынды. Қай жағына жақындасаң екінші жағынан алыстайсың. Дүниенің қызығына жақындасаң ақыреттің қызығынан алыстайсың. Ал енді ақыреттің қызығына жақындасаң дүниенің қызығынан алыстайсың. Қай жағының қызығы көптігін өзің тапқайсың», - деп сұраушы адамға таңдау қалдыра жауап қайтарады. Осы сынды кемеңгер Хасан Басриден көптеген ғибрат қалған.
Қорыта келгенде өз заманының ардақтысы болып, адамдардың сүйіспеншілігіне бөлене білген тақуа тұлға Хасан Басридың ғибратынан Алланың Қасиетті Құранындағы мың бір аят еске түседі: «Шын мәнінде құлдарынан ғалымдары Алладан қорқады” Расында Алла өзінен шынайы қорыққан құлын құрметті етіп қояры сөзсіз. Дана қазақ даласында: «Бата алғанның бағы бар» деген сөз бекер емес. Жастайынан ізгі жақсы сахабалардың батасын алып тал бесіктегі тәрбиесі Рақым нұры болған Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шаңырағынан бастау алған Хасан Басри ғибраты мол тұлға болды.
«Әбу Бәкір» мешітінің бас имамы
Нұрбол Тағаев
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.