ДӘСТҮРІМІЗДІҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ - ӘБУ ХАНИФА
Ханафилік құқықтық мектебі исламдық доктриналық мектептердің ең маңыздылардың бірі екендігі баршаға мәлім. Бұл, ең алдымен, ханафилік бағытта ұстанушылар санының орта ғасырлар мен қазіргі кезеңдегі басқа да құқықтық мазхабтардың ұстанушылары санынан бірнеше есе көп болуымен түсіндіруге болады.
Оның сыры Таяу Шығыстың интеллектуалды ортасында еркін ойлайтын мектеп ретінде пайда болып дамығанында. Бұл мазхаб либералды болып есептелді және кейбір зерттеушілердің айтуы бойынша VII ғасырда Араб түбегінде үстемдік еткен қатаң догмаларға қарсы тұрды. Сондықтан да ханафилік бағыттың консервативті Медина қаласының саяси элитасының күн тәртібіне айналған еркін ойлайтын Бағдатта алғашқы ұстанушылары пайда болуы кездейсоқ емес.
Ханафи мазхабын 699 жылы Куфа қаласында дүниеге келген Әбу Ханифа ән-Нуғман ибн Сабит негізін қалады. Дәл осы Куфа, Басра, Масул және халифаттың басқа да көптеген қалалары тек ғылым мен техниканың орталығы болып қана қоймай, сонымен қатар Аббасилердің кезеңінен бастап рухани өмірдің, теологияның, философияның, ғылымның нағыз ошағына айналды. Қасиетті Құран кітабы мен пайғамбар хадистерінің теологиялық аспектілеріне сүйене отырып, Әбу Ханифа өткір ойымен, қисынды ой-өрісімен, сондай-ақ ілім-білімге қатысты тиімді де әділ шешімдер қабылдауымен де ерекшеленді. Бұл шешімдер бүгінгі күнге дейін адамзат үшін жалпылай танылған діни және рухани адамгершілік нормалары болып табылады. Бұның айқын дәлелі, Имам Ағзам дамытқан және көптеген исламдық және зайырлы мемлекеттер қолдаған фиқх ілімі үшінші мыңжылдықта да өз маңызын жойған жоқ.
Тарихи деректерден қазіргі Орталық Азия территориясының негізгі бөлігі бір кездері Мәуеренахр және Қорасан деп аталғаны белгілі. Мәуеренахр мен Қорасанда Ханафи ілімінің таралуына ең алдымен аймақтағы саяси жағдай ықпал етті. Тарихқа үңілетін болсақ, VIII ғасырдың басында Мәуеренахр мен Қорасанда басқа аймақтармен салыстырғанда ислам дінін қабылдағандар саны арта түскен. Ханафи ілімі Мәуеренахрда тарай бастады және Қорасанның басқа қалаларында қарқынды дамуын жалғастырды. Әбу Ханифа шәкірттерінің талпыны мен табандылығының арқасында Бұхара мен Самарқанд қалалары Ханафи ілімінің орталықтарына айналды. Әбу Ханифаның шәкірттері Ханафи ілімінің Мәуеренахр аймақтарында таралуына орасан зор үлес қосты. Әсіресе Самарқандта Әбу Ханифа көптеген шәкірттері тәрбиеленді. Олардың кейбіреулері қаланың қазылық қызметін атқарды. Олар жұмыстан бос уақыттарында ғылыммен де айналысты. Шәкірттерінің кейбіреулері болса толығымен ғылымға берілді. Бұның нәтижесінде Самарқандта Саманидтердің мемлекеті құрылып гүлденген тұста барлық қадилер ханафи ғұламаларынан болды. Ханафи ғұламалары қази қызметтерін атқарған сол заманда да ғылымға көңіл бөлуді жалғастырып, Әбу Ханифа ілімінің аймаққа таралуына зор үлес қоса алды. Ал мемлекеттік қызметте болмаған шәкірттер Ханафи ілімін орнықтыруға бар күш-жігерін салды. Матуриди сенімін ұстанушы Әбул Муин ән-Насафи, ертеректе «усул» және «фуруғ» саласында муғтазила бағытын ұстанған Мәрв, Бәлх, Мәуеренахр және Қорасандағы ханафи мазхабының өкілдері уақыт өте келе өз көзқарастарынан бас тартқаны және фикх бағытында Әбу Ханифаның жолын ұстанғандықтары туралы мәліметтерді келтіреді.
Әбу Ханифа сопылықтың аскетизмі кезеңінде өмір сүрді. Ол дәулетті, ауқатты адам болғанымен өз еркімен аскеттік өмірді ұстанатын, дүниенің арқасынан кетпей қарапайым өмір сүрген. Құран мен Сүннетке негізделген діни түсінікті ұстанған Әбу Ханифаның өзі захири және батыни ілімдерді біріктіре алды. Ғибадат, мужахада, жомарттық мәселелерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Зүһд кезеңінің негізгі ерекшеліктері оның өз өмірінде көрініс тапты. Кейбір сопылық деректерде ол туралы айтылмаса да, зүһд, уәра және ақыретті таңдау мәселесінде жоғары мақамға ие және әулие болған тұлғалардың бірі.
Бұл мазхабтың басты ерекшелігі – оның жергілікті дәстүрлерге төзімділігі болып табылады. Ханафи мазхабы еліміздің жергілікті халықтарының әдет-ғұрыптарын ескереді, өйткені олардың ұлттық дәстүрлері Исламға қайшы болмағанын айтады. Олар Құран, сүннет, ижма, қияс және т.б. шариғаттың қайнар көздері болғанын айтқан. Осылайша, Ханафилік бағытта қайнар көз ретінде «урф», яғни халықтың «әдет-ғұрпы» деген ұғым бар. Жалпы алғанда, Ханафилік – Исламдағы ең жұмсақ концепциясы бар мазхаб. Ханафилік мазхабта сонымен қатар аналогия принципі де маңызды. Ол ғылыми көзқарасқа тән рационалды ақыл-ой құралы ретінде қолданылады. Сондай-ақ жазаны барынша жеңілдету тенденциясы тек Ханафилікте ғана байқалады.
Әбу Ханифа бақилық болғаннан кейін көптеген ғұламалар имам Әбу Ханифаның қабірін зиярат етті. Имам Шафиғи, зүһд қозғалысының шыңына жеткен Абдулла б. әл-Мүбарак, сол кезеңдегі Бағдаттың қазысы Хасан б. Умара олардың үшеуі ғана. Риуаяттар бойынша, Имам Шафиғи Бағдатта болған кезде Әбу Ханифаның қабірін зиярат етпей кетпейтін. Бірде таң намазын оқығанында құныт дұғасын айтпайды, сонда намаз оқып болғаннан соң шәкірттері ұстазының не үшін оқымағанын сұрағанда, бұл топырақта Әбу Ханифа жерленген, оған деген құрметі үшін оқымағанын айтады. Кейбір әдебиеттерде Имам Шафиғидің басына бір қиыншылық түскенде Әбу Ханифаның қабірін зиярат етіп, Алла разылығы үшін екі рәкат нәпіл намаз оқып, Әбу Ханифаны дәнекер етіп, ниетінің жүзеге асуын Жаратушыдан сұрайтындығы жазылған.
Есболғанов Бекжан
"Қайрат" мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.