КЕРЕҒАР АҒЫМДАРДАН САҚТАНАЙЫҚ
«Ислам - татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні» Н.Ә. Назарбаев.
Ислам діні қазақ даласына қанат жайғалы халқымыз асыл діннің нәрімен сусындап, бір Аллаға құлшылық етіп келеді. Қандай қиын – қыстау кезеңдерді бастан кешсе де, ақ жолдан таймай, шариғаттың шеңберінен шықпай барға қанағат, жоққа сабыр қыла білген. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп елден ерекшеленгісі келіп тұратындарды аса жақтыра қоймайды. Бұл да тектен текке емес. Қаншама қиын қыстау кезеңді бастан кешкен халқымыз үшін ауызбіршілік қай кездеде де керек-ақ. Ел көрген, жөн білетін ел ағаларының сөзі шамшырақ іспетті. Есті сөзге тоқтай білген халқымыз сан ғасырдан бері тарихтан өзінің орнын алып үлгерді.
Десек те, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп, діннің алауыздануы мен түр түрге бөлінуі біздің қоғамды да айналып өтпеді. Алла бір, пайғамбар бір деген түсінік ортақ болғанымен, сан тарауға бөліну мен тек өз ұстанымын жөн санап, өзгенің пікірін жоққа шығару үлкен білімсіздіктің нәтижесі екенін көрсетуде. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, шекарамыз шегенделсе де халықтың рухани дүниесі жат ағымның жетегінде кетіп, үлкен күйзеліс әкелген тәуелділікке тап болдық. Өзге діндердің миссионерлік қызметін айтпағанда, өз арамызда жік-жікке бөлініп, ғасырлар бойы жалғасын тапқан ата-бабамыздың ақ жолын жоққа шығарушылар күн санап өсуде. Мұны ХХІ ғасырдың рухани ауруы десек қателеспейміз. Себебі қиын-қыстау кезеңді бастан өткізген бабамыз бір Аллаға ғана иман келтіріп, адамгершіліктен аттаған емес. Қазіргі мамыражай уақытта бейбітшіліктің қадірін білмей қолдан мәселе жасап жатқандардың артында үлкен саяси күштердің болуы да ғажап емес.
Теріс діни ағымдармен күрес әлемдік деңгейде болып жатқан үрдіс. Еліміз осы ретте ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен айналысады.
Кереғар пікірдегі адамдарды анықтаудың екі түрлі жолы бар. Біріншісі, сыртқы формасы арқылы. Ер адам болса балағын қысқарту мен сақалын күтімсіз өсіру. Әйелдерде қара киім кию. Мұны Пайғамбардың (с.а.с.) кезіндегі киім кию үлгісімен байланыстырады. Екінші жолы сұхбаттасу арқылы. Сұхбат барысында ол адамның дәстүрді қолдамайтынын байқауға болады. Атап айтсақ, дастарханға бата берген соң бет сипау, келіннің үлкендерге сәлем салуы, өмірден қайтқан адамның туыстарының артынан құран бағыштауы, еске алуы, қабірін зиярат етуі, сәбиді қырқынан шығару тағы да сол секілді жөн-жоралғыларды жоққа шығарады. Жауап біреу. Бұл шариғатта жоқ. Сондықтан «бидғат» деп есептейді. Расымен де кейбір жоралғылар асыл дінімізде кездеспейді. Десек те, исламға қайшы әрекет болып та саналмайды. Сондықтан ғұламаларымыз дінге қайшы әрекет болмаса орындаудан тыймаған. «Әр елдің салты басқа иттері қара қасқа» демекші, салт-дәстүр мен ұлттық менталитет қоғамды бөлінушіліктен сақтап, керісінше, тұтастыққа әкеледі.
Қазіргі таңда көкейдегі сұраққа ғаламтор арқылы жауап табу қалыпты құбылысқа айналды. Дәл осы интернет желісі көптеген жандардың жат ағымға кетуіне бірден бір себеп болып отыр. Іздеген сауалға орай бірнеше сайттар өз жауаптарын ұсынады. Адамның ұсталар тұсы да осы жерде. Ұрымтал тұсынан дөп тиетін жат ағымның сайттары өз қызметін ұсыну арқылы діни білімі шектеулі жандарды өз қақпанына оңай түсіреді. Осындай қауіптің алдын алу үшін арнайы Діни басқарманың бекіткен сенімді сайттарын біле жүрген жөн.
Мuftyat.kz, azan.kz, asyldin.kz, ummet.kz, mazhab.kz, kazislam.kz секілді сайттар діни сауаты бар азаматтардың негізінде құрылған. Одан бөлек, кітаптардан материалдар оқығанда Дін істері комитеті мен Діни басқарманың оң қорытындысын алған еңбектерді қолданған абзал. Себебі, теріс пиғылдағы жандар өз көзқарасы мен шетелдік белгісіз тұлғалардың негізінде ақпарат таратуы көптеген жандардың адасуына әкеліп соқтыруда. Негізгі көздеп отырғандары елді адастыру арқылы өз жақтарына тарту, санын көбейту, елдің тұтастығын бұзу үшін бейбітшіліктің қабырғасын сөгу.
Телефон, гаджеттер арқылы келетін әртүрлі діни тексттер мен видео-аудио материалдарды қолданғанда да абай болғанымыз жөн. Себебі оның астарында да діни идеологияның болуы ғажап емес. Көпе-көрнеу келген көк аттыдан іргемізді аулақ салу үшін өз жолымыздың бар екендігін ұмытпағанымыз абзал. Біреудің қаңсығы бізге таңсық бола алмайды. Өр рухты қазақ деген асыл ұлттың ұрпағы екенімізді ұят санамай, керісінше мақтан тұтуымыз керек. Ашаршылық, соғыс, жаулап алу, ұлтты жою үшін жасалған қаншама қиянаттарды көрген еліміз елдің тыныштығын басты орынға қояды. Қоғам ішінде бүлік шығарушы емес, елдің мүддесі үшін қызмет ететін, өз жолымен жүретін, заманауи тенденциялардан қалыс қалмай керісінше әлемдік масштабта ойлана алатын көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақтан болуға әрекет етуіміз керек. Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) ұстаңдар да, бөлінбеңдер» деген аяты халықты татулық пен бірлікке үндейді.
ӘзІлханов Кенжебек
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.