ЖАТ АҒЫМҒА ЕРУ ЖАЗАҒА АПАРАР БІР ҚАДАМ
Алла Тағала қасиетті кітабында: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» [1] деген. Алла Тағала мұсылман құлдарына бір болуды, бөлінбеуді бұйырады. Бірлік, ынтымақ болған жерде өркендеу, даму болады. Жат ағымға еру, ұрыс-жанжал бөлінуге алып барады, ұрыс болған жерден береке де кетеді.
Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сендерге әрқашанда жамағатпен бірге болуды және бөлінушіліктен сақтанып жүруді тапсырамын. Шынында шайтан, жалғыз қалған адаммен бірге, ал екі адам болған жерден аулақ жүреді. Кімде-кім жұмақтың жайлылығын қаласа жамағатты ұстансын», - деген. Пайғмбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінен бізге білінгені жалғыз болу, бөліну, ынтымақты бұзу, шайтанға ілескен адамдардың ісі екенін баяндайды. Абдулла ибн Масғуд (р.а) айтты: «Итағат етіңдер (бойұсыныңдар) және ардайым көпшілікпен бірге болыңдар».
Расында осы екеуін мықтап ұстануды Алла бұйырған: «Көпшіліктен бөлінгенді ұнатқан заттарыңнан гөрі көпшілікте жүріп ұнатпаған заттарың жақсырақ». Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген адам». Ата-бабаларымыздың даналық сөздерінде: «Бөлінгенді бөрі жейді – жарылғанды жау жейді», - деген сөзі осы дәлелдерге айғақ болса керек. Тағы бір даналық сөздерде: «Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар» [2] - деген.
Хадистерде бөлінуді айыптап, бірігуге баса назар аударған: «Бір-бірлеріңнен қызғанбаңдар, сауда саттықта бір-бірлеріңді алдамаңдар, бір-бірлеріңе дұшпандық жасамаңдар, бір-бірлеріңнен бет бұрмаңдар, бір-бірлеріңе араздық жасамаңдар, бірінің саудасының үстіне сауда жасамаңдар. Ей, Алланың құлдары! Бауыр болыңыздар, мұсылман мұсылманның бауыры, оған зұлымдық жасамайды, мұсылман бауырын жәрдемсіз қалдырмайды, мұсылман бауырын төмен санамайды» [3] - деген.
Ислам дінінде болған мұсылмандар, «олардың жолы» деген сөзді «саяси бірлік» мағыналарынада қолданған, «Бір қарыс та болса жамағаттан айырылған адам Ислам дінінен шыққан болады» [4] Мұндай хадистер қоғамның саяси бірлігі, тыныштығы мен тұтастығына қатысты ынтымықты берік ұстау деп түсіндіріледі. Мұсылманның жеке өмірінде де жамағатпен болуы ұсынылады. Жалғыз өмір сүру (оңаша болу) тек фитна (бүлік) уақытынан басқа уақытта рұқсат етілмейді. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жамағаттан шықпаңдар, бөлінуден сақ болыңдар. Күдіксіз шайтан жалғыз қалғандармен бірге, бірақ екі адамнан алыс. Кім жәннаттың ортасын қаласа жамағатқа жабыссын» [4] - деген.
Адам табиғаты бойынша бірге өмір сүруге мұқтаж. Өмірдің қиындықтарын жеңіп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тек тату тәтті өмір сүргенде ғана мүмкін. Ислам дінінде көпшіліктен ұзақтап, мұсылмандардың бірлігін бұзу қатаң айыпталумен бірге үлкен күнә. Діни бөлінуден кейін аяттарда ең көп сақтандырылған мәселе – саяси бөліну. Тарихтағы және бүгінгі таңдағы саяси билік үшін күрес азаматтық соғыстарға, анархия мен лаңкестікке әкеліп соқтырады.
Хадистердегі жамағатпен бірге болып, жат ағымнан аулақ болудың, саяси бірлікті сақтауды талап етуі, осындай қақтығыстардан, алауыздықтан аулақ болуды көздейді. Діни сенімдер мен шариғи үкімдерді теріске шығаруға тең келетін діннен шығу жағдайларын қоспағанда, бар мәселелерді саяси бірлікті сақтау жолымен шешу керек екені ұсынылады. Дәстүрлі дінімізден шығып, жат ағымның жетегінде кеткендердің көбі әлеуметтік желінің құрбандары десек болады. Сол жат ағымға ергендердің көбі ашулы, ымырасыз, ата-баба дәстүрін құрмет қылмайтын. Кез-келген сәтте бүлік шығаруға дайын тұрады. Әлеуметтік желідегі шейхсымақтарының, ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс деп білетін жат ағым өкілдеріне, отбасылық өмір, қоғамның бірлігі, тыныштығы деген қағидаттар олар үшін жат ұғым. Дәстүрлі дініміз бірлікке, ынтымаққа, бір-бірін сыйлап құрметтеуге, адамдармен, қоғаммен ынтымақта өмір сүруге шақырады.
1) Құран Кәрім, Халифа Алтай, 3, 103
2) http://bilim-all.kz
3) Муслим, Бир, 32
4) Термизи, Адаб, 78
Байдуллаев Өнербай
Сұлтан Қорған мешітінің
наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.