КӨЛІКТЕ НАМАЗ ОҚУҒА БОЛА МА?
Жерге түсіп намаз оқуға мүмкіндік болмаса (мысалы, жер лай, дала қатты суық, боран т.б.), жерге түсіп намаз оқу өзіне немесе мал-мүлкіне қауіп төндірсе немесе жолда аялдағанға дейін намаз уақыты өтіп кететін болса, онда пойыз, ұшақ және басқа қатынас көліктерінде де намаз оқуға рұқсат етіледі.
Құран Кәрімде: «(Алла Тағала) Сендерге дінде ешқандай ауыртпалық артқан емес» («Хаж» сүресі, 78-аят) және «Шамаларың келгенше Алладан қорқыңдар» («Тәғабун» сүресі, 16-аят), – делінген.
Қатынас көліктерінде оқылатын бес уақыт парыз және үтір уәжіп намаздарда құбылаға қарау жәнетік тұру (қиям) мүмкіндікке қарай толық орындалуы керек.
Белгілі себептермен (ауру, бас айналу, т.б.) тік тұрып намаз оқи алмаса, отырып оқиды. Отырған күйінде қолдарын байлап, аяттарды оқиды, тізесіне таянып, сәл иілген хәлде рукуғ жасайды. Сәждені әдеттегіндей орындайды. Отыруға шамасы жетіп, алайда иіліп рукуғ пен сәжде жасауға шамасы келмесе, отырған күйінде рукуғті сәл еңкейіп, сәждені төменірек иіліп орындайды (Хидая, 1/347).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намазды тік тұрып оқы. Шамаң келмесе, отырып оқы. Оған да шамаң келмесе, жамбастап жатып оқы», – деді (Бұхари).
Шариғат бойынша суда кетіп бара жатқан кемеде ешқандай себеп болмаса да парыз және уәжіп намаздарды отырып оқуға рұқсат етіледі. Мүмкіндік болса, тік тұрып немесе кеме тоқтаған кезде су жағасындағы жерге түсіп намаз оқығаны абзал. Бірақ жағалауда байланып тұрған кемеде намазды себепсізден себепсіз отырып оқу дұрыс емес (Марақи әл-фәлах, 346-348).
Жолаушы намазды құбылаға қарап оқиды. Өйткені парыз намаздарда құбылаға қарау – шарт. Құбылаға қарауға мүмкіндік болмаса, оның оқасы жоқ. Сондықтан ұшақта, автобуста орындығының отырған бағытына қарап оқиды. Ал пойызда мейлінше құбыла жаққа қарауға тырысады.
Жолдағы қатынас көліктердің бірінде оқылған намаздың қайта өтелуі міндетті емес.
Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ,
«Мұнара» газеті, №21, 2021 жыл
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.