Оның мінез-құлқы Құран еді...
Қасиетті Құран Кәрім Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскендіктен, екі дүние сәруары Алланың сөзіне айрықша мән беріп, оған амал етіп, оны бірден жаттауға тырысатын.
Алла Тағала Құранда: «(Әй, Мұхаммед!) Құран түскенде оған асығып тіліңді қозғалтпа. Шын мәнінде оны жинау, оқу Бізге міндет. Ал оны Біз оқығанда, оның оқылуына ілес. Сосын оны түсіндіру Бізге міндет» деп баяндалған («Қиямет» сүресі, 16-19-аяттар).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранға айрықша уақыт бөліп, оны асықпай әрі анық оқитын. Бұл туралы Раббымыз «Музәммил» сүресінің 4-аятында: «...Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы» деп бұйырған.
Алла елшісі аяттардан әсер алып, ерекше сезіммен көңілі босап, Жаратушыға жалбарына дұға жасайтын. Ардақты Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мені Худ сүресі және бауырлары (Уақиға, Хаққа, Мурсалат, Нәбә, Такуир, Ғашия) қартайтты» деген. Алла елшісі Құраннан тозақ және ондағы ауыр азаптар туралы аяттарды оқығанда егіле жылап, қорыққан күйде Раббымыздан пана тілейтін.
Біз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранға қатысты амалдарынан Алланың сөзін тек тілмен емес, жүрекпен оқып, оның мағынасына да назар аудару қажеттігін түсінеміз. Құран – зуылдап оқып шығатын жәй кітап емес, ол екі дүние бақытына жетелейтін Алланың сөзі. Сондықтан Алланың сөзін оқуға, жаттауға ниет еткенде арнайы дәрет алып, ерекше құлшыныспен оқу ләзім.
Күндіз және түнде Құранға көңіл бөліп, күн сайын Алла сөзінің белгілі бір бөлігін оқу – Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) міндетті амалдарының бірі еді. Өйткені Хақ Тағала өз елшісіне Құранда: «Әй, бүркеніп жатушы (Мұхаммед!) Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта. Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос. (Түннің жартысында не одан аз, я көп тұруда еріктісің). Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы» деп бұйырған («Музәммил» сүресі, 1-4-аяттар).
Хақ елшісі Құран оқудан жалықпайтын. Мүмкіндік болған сәтте Құранға жармасып, зер салып оқып, аяттың мәні мен мағынасын көкейге түйіп, одан қорытынды шығаратын. Құранды өміріне серік еткен адамның өмірі де Құранға айналады.
Бірде бір кісі Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінез-құлқы туралы сұрап, баяндап беруін өтінді. Сонда Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Сендер Құран оқымайсыңдар ма?» деп кері сұрақ қояды. Ол: «Иә, оқимын» деп жауап бергенде Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Оның мінез-құлқы Құран ғой» деген екен.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.