ӨЗГЕ ПИҒЫЛ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ
Расында адам баласы Ұлы Алланың жаратқан маһлуқаттарының ішіндегі ең абзалы әрі көріктісі. Тіптен бойына күнә алдырмайтын періштелердің өзі, адамға Алланың әмірімен құрмет сәждесін жасаған. Алайда, осындай құрметтегі адам нәпсінің жетегіне түсемін деп, дүниеде орны толмас өкінішке кенеліп жататыны ақиқат. Алла Тағала қасиетті Құранда "Қоф" сүресінің он алтыншы аятында “ولقد خلقنا الانسان و نعلم ما توسوس به نفسه Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлағанын білеміз” дейді.
Міне осылайша пенде нәпсі сыбырына сенемін деп, пейіліне сыз түсіріп алады екен. Сызды нәпсі жайлаған адам жаны өмір сынағында көп сүрінеді, кейде, тіпті жардан құлайды. Содан болар, қайғырса заманды қарғап, жыласа адамды сілеп, ойлағаны бір қарынның қамы болар тұлғаға айналған жанның пиғылы тарып, өзгенің өрісіне шабар жыртқыштай, ақырады. Адамның пиғылы тарылса, Алланың берерінен құр қалады.
Ал, пиғыл мен пейілді кеңейту үшін не істемек керек? Пиғыл мен пейіл деген не? Хакім Абай атамыз пиғылға қатысты отыз сегізінші қара сөзінде былай деген: «...Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді. Фиғыл (пиғыл) — пəнденің қазығы — осы жақсы хакимдер əр нəрсе дүниеде солардың истихражы бірлəн рауаж табады.... Жә, ол (Алланың) сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек неменен табылады, қалайша табылады, оны білмек керек. Ол — Алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап танымаққа керек. Өз пиғылдарыңды соған өз халінше ұқсатуды шарт қыл», — деген.
Пиғыл адамның бір іске, құбылысты тануға т.б. деген бекіген ұстанымы, беталысының дені деген бейтарап және оң мәнінде көрініп тұруы. Қазақ арасында кеңпейілді немесе пиғылы тар, өз пиғылынан тапты, «Пиғылы жаманды құдай табады, тоны жаманды ит қабады; Құдай пиғылына қарай береді», — деген сияқты тіркестер айтылады. Оң пиғыл өрге жүреді, терісі төрдегі басыңды көрге сүйрейді. Адамның пиғылы оң болса, оның ісі де оңға басады, мәртебесі де артады, ары таза болады, ал пиғылы теріс болса, ісі кері кетеді, ел алдындағы абыройынан айырылады, соған қарай жазасын алады деп түсінген. Адамның адамдығы пиғылынан, пейілі кемелдігінен.
Жалпы әр істің түбінде пиғыл жатыр. Игі пиғыл игі іс, Аллаға жағымды. Көмескіні білетін Алла, құлының пиғылын да біледі. Ақ пен қараға ілесіп кете беретін адам пиғылы қайда апаратынын да Алла жақсы біледі. Нәпсі деген бар. Нәпсіге ілесіп кеткен пиғыл қара дақтай. Нәпсіні тізгіндеген жанның пейілі кең.
«Егер әркім өз пиғылын арамдық ойдан тазартатын болса, бүкіл ел ұры-қарыдан, зиянды әдеттен пәк болар еді», - деген екен Шыңғысхан. Өзгеге қолмен, сөзбен зиян келтіредің алдында, адам пиғылы әрекет етеді екен. Әлбетте, пейілі кең, пиғылы ақ пенде, өзгеге зиян келтірмек түгілі, ол туралы ойдың өзінен сескенеді. Әркім өз пиғылын таза ұстап, пейілін кеңейтсе, Алланың алдында мәртебесі көтерілер еді.
«Пасықтың пиғылы лас», - деген сөз бар. Демек, пасықты пасық етіп тұрған, оның арам пиғылы. Өзге пиғыл адамды адамдықтан айырып, тасын өрге емес, басын құзға домалатады. Өзге пиғыл жарға жығады деп бекер айтылмаған. Қай істе болсын адамды адам еткен ол оның кең пейілі, ақ пиғылы. Ақ пейілдіні Алла сүйеді. «Амалдар ниетке байланысты», - деген шарығы кең Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі бар. Бұл хадисте де, пенде, қандай амал етпес бұрын сондай ниетте болады. Ниетің ақ болса, ісің де оң, қара болса, амалың терісінен келеді. Амалға әрекет басы жүректегі пиғылың мен ниетіңнен басталады.
Қоғам өскен сайын, Алласын танып, Пейішінен үміт еткен кең пейілді жандармен қатар, нәпсінің жетегіне кететін теріс пиғылдылар да бой көрсете береді. Алдап-арбап, улап-сулап, амқал етеді. Әсте, нәпсінің не сыбырлағанын білетін Алла пендесінің пиғылын білмейді ме!? Алла, ондай амал етушілерді өз жөніне салып қояды. Ал, пейілі жазира даладай болғанның да өз құрметі бар. Әрі, оның тасы да өрге жүріп, рухы да бай бола береді.
Пиғылы тар адамға кең дүние де тарлық етеді. Кеңпейілдіге қуыс та дала. Алла «Сонда кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал, енді кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді», – дегенді ескерсек, әр жақсылық пен жамандықтың алдында тұратын пиғыл мен пейілімізді тізгіндей алсақ, Құдіретті Жаратушының алдында маңдайымыз ашық болары анық. Ендеше, пиғылымыз тарылмасын.
Нұрбол Тағаев
"Әбу Бәкір" мешітінің бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.