ПАЙҒАМБАРҒА ﷺ МАХАББАТ - ИМАННЫҢ КЕМЕЛДІЛІГІ
Алдымен Аллаға, сосын Оның Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббат жүрекке орнықпайынша мүміннің иманы кемелділікке жетпейді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Сендердің біреулерің қашан мені өзінің бала-шағасынан, әкесінен және барлық адамдардан жақсы көрмейінше толық иман келтірмейді» (Бұхари риуаяты).
Бірде Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Уа, Расул Алла! Шынында мен сізді өзімнен басқа нәрсенің бәрінен де қатты жақсы көремін!» – дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болғанның атымен ант етейін, сен мені өзіңнен де қатты жақсы көруің керек», – дейді. Омар (р.а.): «Олай болса мен сізді өзімнен де қатты жақсы көремін», – дейді. Пайғамбар (соған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Міне, енді (дұрыс болды), уа, Омар!» – дейді. (Бұхари).
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Махаббаттың шынайылығы үш нәрседе көрінеді:
– сүйіктісінің сөзін басқаның сөзінен жоғары қою;
– сүйіктісімен бірге болуды басқалармен бірге болудан артық көру;
– сүйіктісінің разылығын басқалардың разылығынан жоғары қою».
Ендеше Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббаттың белгілері мынадай болады:
1. Сөйлеуде, істе Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұқсауға тырысып, оның әмірлеріне бойұсынып, тыйымдарынан тыйылу.
2. Оны (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көруге, әрі Онымен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кездесуге құлшыну, өйткені әрбір сүюші өзінің сүйген нәрсесіне құштар болады.
3. Аты аталған кезде Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлықтап, құрмет тұту, оған көп салауат айту.
4. Алла мен Оның Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көрген нәрселерді жақсы көріп, жаман көрген нәрсені жаман көру.
5. Ислам діні мен мұсылмандарды жақсы көру.
6. Дүниеде тақуалықпен ғұмыр кешіп, ақыретке дайындалу.
Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылғанына яғни мәулітіне қуанып, шаттанудың өзі оған иман келтірген мұсылман түгілі кәпірге де пайда келтірген. Пайғамбардың (оған Алланың салауцкаты мен сәлемі болсын) әкесі Абдулланың бір әкеден туған інісі Әбу Ләһәб (шын аты Абдул-узза) ағасының ұлы Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылғанына ерекше қуанып, осы сүйінші хабарды жеткізген күңін құлдықтан азат еткен. Бірақ кейінірек Әбу Ләһәб Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бітіспес дұшпанына айналады. Ислам дініне түбегейлі қарсы шығып, кәпір күйінде өледі. Ол туралы Құранның «Мәсәд» сүресінде айтылған. Риуаят бойынша Әбу Ләһәб өлгеннен соң туыстарының бірі оны түсінде көреді. Сонда оның о дүниедегі жағдайы туралы сұрағанда татып жатқан азабының тек Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келгеніне қуанып, күңін азат еткен дүйсенбі күні ғана аздап жеңілдейтіндігін жеткізген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің дүниеге келуін әрі өзіне пайғамбарлық түскенін, тіпті, апта сайын еске алып, шүкіршілік еткен. Дүйсенбі күні нәпіл ораза тұтуының сыры жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Осы күні мен дүниеге келдім әрі осы күні маған пайғамбарлық түсті», – деген. (Мүсілім риуаяты).
Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын.) аты аталғанда оған салауат айтуымыз керек. Салауат Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген құрметтің, сүйіспеншіліктің, ыстық ықыластың, адалдықтың белгісі. Салауат айтуымыз Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұрын өзіміз үшін қайырлы. Әнас ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он мәрте салауат жолдайды да, оған разы болады. Оның он күнәсін кешіреді», – деген.
Жаратқан Ие Құран Кәрімде былай дейді:
«Шын мәнінде, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер, сендер де оған салауат, сәлем айтыңдар!» («Ахзаб» сүресі, 56-аят).
Қазіргі заманда адамзатқа өзара мейірім, рақым, шапағат жетіспейді. Қоғамда орын алып тұратын небір келеңсіздіктер, дау-дамай, талас-тартыс, кикілжің, текетірестердің түпкі негізі бір-біріне деген рақымшылықтың, кешірімділіктің жоқтығы десе болады. Күллі әлемге мейірім, рақым ретінде жіберілген Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салып кеткен сүттен ақ сүннет жолын берік ұстанғанда ғана алуан түрлі түйткілдің түйіні оңай тарқатылары хақ. Алла Тағала Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәртебесінің асқақтығын осылайша айқындап берді. Риуаят бойынша бір сахаба: «Уа, Алланың Елшісі! Сізге қалай салауат айтамыз?» – деп сұрағанда осы қасиетті аят түскен. Кейбір тәпсірлерде бұл аяттың түсіндірмесінде былай делінген: «Алла Тағала бұл ізгі істі алдымен Өзі бастап һәм періштелерін қостатып бастайтындығын жеткізді. Сол арқылы Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәртебесін айрықша биіктетіп, адамзаттың арасындағы шоқтығының шырқау шегін көрсетті. Әрі осы іске күллі адамдардың арасында тек мұсылмандарды лайық көргендігін білдірді. Сондықтан Жаратқанның Өзі бастаған осынау ұлы істі Оның зор нығметі деп шүкіршілікпен қабыл алу қажет. Бұл жайт періштелердің Адамның алдында сәжде етуінен де шарапатты іс. Өйткені бұл істі Жаратқан Иенің Өзі бастап тұр».
Аятта атап өтілген салауат сөзі Алла Тағаланың рахым-мейірімі әрі Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) періштелеріне мадақтауы, ал періштелерден жарылқау тілеу, ал адамдардан дұға, тілек дегенді білдіреді. Әлқисса, салауаттылық сөзінің мағынасы қазіргі қазақ тілінің сөздігінде көшелілік, парасаттылық, сұңғылалылық, ұлағаттылық деген мағыналарды да қамтиды. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанушы деп жаман әдеттерден ада, денсаулығын күтіп ұстайтын ар-ұятты жанды атайды.
Шынтуайтында, бұл сөздің түпкі мағынасы дініміздегі Пайғамбарға (оған Аланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту деген мағынадан өрбиді. Абыз жыршы Әбубәкір Кердері айтқандай:
Ағузі мен бісміллә – әрбір сөздің бастауы
Әлхамдулилла, салауат – мұсылман
пенде аузынан дұрыс емес тастауы.
Ақиқатында, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп салауат айтатын жан – нағыз парасатты мұсылман, мақтаулы үмметке лайықты ардақты һәм ұлағатты жан. Халық арасында Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп салауат айтатын адам биік рухани деңгейге жетеді деген ұғым болған. Сондықтан сондай жандарды аузы дуалы, дұғасы қабыл болатын салауатты, салихалы мүмін деп сипаттаған. Асылы, бұл нанымның діни негізі бар. Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат пен сәлем жолдау – нағыз салихалы құлдың ғибратты ғадеті.
Сайып келгенде тіліміздегі осындай сөздерден асыл дініміздегі терминдердің қазақтың төл ұғымдарына айналғанын көреміз. Халқымыздың салт-санасының, тілінің Ислам дінімен бірге өрілгендігіне куә боламыз. Имам Мүсілім жеткізген риуаятта Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір азаннан соң өзіне салауат айтып, өзіне уасила яғни жәннаттағы биік мәртебе тілеуін бұйырды. Маған кім сол уасиланы сұраса, оған шапағатым болады деп сүйіншіледі.
Имам Ахмет пен Термези жеткізген риуаятта сахаба Үбәй ибн Кағб (р.а.):
«Уа, Расул Алла! Мен сізге көп салауат айтамын. Дұғамның қанша бөлігін сізге салауат айтуға арнайын?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалағаныңша», – деп жауап береді. Үбәй: «Төрттен бірін бе?» – деп сұрайды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалағаныңша айт. Алайда арттырғаның өзің үшін қайырлы», – дейді. Үбәй: «Онда үштен бірін сізге салауат етейін?» – деп сұрайды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалағаныңша айт. Дегенмен, көбейткенің өзіңе жақсы», – деп жауап береді. Үбәй: «Олай болса, дұғамның жартысын сізге салауат етейін» – дейді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалағаныңша айта бер. Егер көбейтсең, өзіңе қайырлы», – деп жауап береді. Үбәй: «Ендеше барлық дұғамды сізге салауат етейін» – дейді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олай етсең, қайғы-мұңыңнан арыласың, күнәңа жарылқау табасың», – деп жауап береді. Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның сахабалары мен әулетіне салауат, сәлем айту дұғаның қабыл болуының бір шарты. Ардақты сахаба Әли ибн Әбутәліп (р.а.): «Мұхаммед пен Мұхаммед әулетіне салауат айтылмайынша дұға қабыл болмайды», – деген.
Имам Бұхари жеткізген хадисте Кағб ибн Аджра (р.а.) былай дейді: «Біз Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расул Алла! Бұдан бұрын бізге Алла сіздерге қалай сәлем беруімізді үйреткен. Ал енді сіздерге қалай салауат айтамыз?» – деп сұрадық.
Сонда Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Мұхаммед пен Мұхаммед әулетіне Ибраһим мен Ибраһимнің әулетіне салауат жолдағаныңдай салауат жолда! Уа, Алла! Мұхаммед пен Мұхаммед әулетіне Ибраһим мен Ибраһимнің әулетіне береке дарытқаныңдай береке дарыт!» – деп айтыңдар», – деді».
Салауат Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген құрметтің, сүйіспеншіліктің, ыстық ықыластың, адалдықтың белгісі. Салауат айтуымыз Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұрын өзіміз үшін қайырлы. Әнас ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он мәрте салауат жолдайды да, оған разы болады. Оның он күнәсін кешіреді», – деген. Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауатты алуан түрлі жолдармен айтатындар, өлеңге қосып өрбітіп, термемен, ән-жырмен жеткізетіндер бар. Дегенмен, ең қысқа түрі: «Аллаһумма салли ъалә сәйидинә Мухаммәд уа ъалә әәли сәйидинә Мухаммәд»
Мінекей, әлемдерге рахым ретінде жіберілген ардақты Елшіге (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, ұлықтайтын Мәуліт мерекесі таяп қалды. Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты Мұхаммедке Жаратқан Иеміздің жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болғандай сансыз салауаты мен сәлемі болсын! Адамзаттың ардақтысына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген шынайы ықылас, құрметімізді, сүйіспеншілігімізді жаңартып, иманымызды толықтыруға барынша тырысайық. Алла Тағала Мәуліт мерекесін елімізге құтты етсін! Әмин!
Кенжеәлі қажы ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти
Иман журналы №10 (219) 2022 жыл
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.