ҚАБІР БАСЫНДАҒЫ БӘСЕКЕ - ЫСЫРАП
Асыл иманы қайталанбайтын тұлға Хадиша (Алла ол кісіден разы болсын) дүние салып, жерлеуге апара жатқанда, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанына ең жақын түрде жақындап жүреді және қабіріне қойған кезінде де, барынша жақын жерде тұрып топырағын салады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұншалықты жақындықта амал етіп жүргенін байқаған сахабалары:
-Уа Алланың Елшісі, неге мұншалықты жақын жүріп неге сонша жақындап топырағын салдыңыз,- дегенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қабір иесін танымайды», Хадишамды да танымай қалып қысып жіберіп қинап қоямаса екен деп жанында жүрдім деген екен.
Әлемдерге рахмет үшін жіберілген, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жары, ең алғашқы иманға келген, ислам үшін Алла үшін малын да, жанын да құрбан еткен, Хадиша (Алла ол кісіден разы болсын) анамыз жайлы осылай делінсе, біздің жағдайымыз не болады екен? Сондай ізгі тұлғаның қабірі, тек топырақпен көмкерілген, тіпті танып алу үшін ешқандай ерекше белгі де қойылмаған. Қабірдің сыртын барынша әсемдеп, есепсіз, орынсыз шығынға жол беріп жатқандар, шынайы қабір деген не? және оның сыртын әсемдеудің, ол қадірін арттырамын деп жасап жатқан адамы үшін, ешқандай пайдасы жоқ, керісінше ең ауыр ауыртпашылығы бар амал екенін біледі ма екен?
Қабір – Алла алдындағы өз міндетін орындаған, өзгелерге ізгілік еткен кісілерге тынығып, рахат көретін жәннат бақшаларының бірі. Ал өз міндетін орындамаған пенделер үшін азап тартатын жәһаннам шұңқыры болмақ. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірдің жағдайын былайша суреттейді: “Қабір – не жәннат бақшаларының бір бақшасы, не болмаса жәһаннам (тозақ) шұңқырларының бір шұңқыры”, - деген.
Негізінде өлген адамдардың денелерінің қабірге жерленуіне байланысты барзақ өмірі - қабір өмірі делінген. Өлімнен кейін кайтадан тірілуге дейін жалғасатын өмір - қабір немесе барзақ әлемі деп аталады. Кез-келген адам өлгеннен кейін топыраққа көмілсе де, яки көмілмей суға батып балықтарға жем болып, немесе отқа жанып күл болып кетсе де міндетті түрде қайта тірілгенге дейін қабір, яғни барзақ өмірін бастарынан өткізеді. Өйткені рух қабірдегі денесімен белігілі бір байланыста болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамды жерлеп болғаннан кейін қабірдің жанына тұрып былай дейтін: «Бауырларыңыз үшін Алладан кешірім тілеп (иманында) тұрақты етуі үшін дұға етіңдер. Еш күмәнсіз ол қазір сұраққа тартылып жатыр». Аса рахымды ерекше мейірімді Алла Тағала Құранында хаж сүресінің 7-аятында:
وَأَنَّ السَّاعَةَ آتِيَةٌ لَّا رَيْبَ فِيهَا وَأَنَّ اللَّهَ يَبْعَثُ مَن فِي الْقُبُور
Сондай-ақ қиямет күні міндетті түрде келеді, оның орнайтындығында ешбір күмән жоқ. Һәм Алла қабірлерде жатқан өлілердің бәрін сөзсіз тірілтеді. Қиямет күнінің басталуы сөзсіз. Бұл мәселеде күмәндануға орын жоқ. Осы уақытқа дайындалу керек. Кейбір адамдар бұған сенбесе де, бұл ақиқат болады. Әзірге олар сенбеуі мүмкін, бірақ олар қайта тіріліп, қабірлерінен шыққан кезде оларға сенуден басқа амал қалмайды. Алайда, ол кезде кеш болады. Алла Фатыр сүресінің 22-аятында:
وَمَا يَسْتَوِي الْأَحْيَاءُ وَلَا الْأَمْوَاتُ ۚ إِنَّ اللَّهَ يُسْمِعُ مَن يَشَاءُ ۖ وَمَا أَنتَ بِمُسْمِعٍ مَّن فِي الْقُبُورِ
Сондай-ақ тірілер мен өлілер тең болмайды. Расында, Алла (ақиқатты) қалаған құлына ғана естіртеді, ал сен қабірлерде жатқандарға (еш нәрсе) естірте алмайсың.
Ендеше Алла аятында баяндағандай өлілер мен тірілер тең емес. Адам өзі тірі болып тұрып, өлінің халін қайдан түсініп, қайдан білсін? Алла тек ақиқатты айтып, бізге тура жолды көрсетіп, біз білмейтінді білдіріп, жаманшылықтан сақтаушы. Алла ешқашан өтірік айтпайды және қателеспейді. Ал адам тірілігінде менмендігіне салып еркім өзімде деп, Алланың емес өз ойының құлы болса, онда өзін ғана емес, өзі жақсылық жасаймын деп жасаған амалы, Алланың айтқанына сәйкес болмағандықтан дүниеден өткен жақыны үшін ең ауыр жамандық болмақ.
Дінімізде қабірді әрлеу дұрыс емес, себебі оның сыртын әрлеу ішіне ешқандай жақсылығын тигізе алмайды және сыртының әдеміленуімен ішіндегі адамның Алла алдында абыройы артып немесе күнәлары кешірілмейді, оған жоғарыда келтірілген аят, хадистеріміз дәлел. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітілген тәртібі бойынша;
Зират көтерудің үкімдері;
1. Зиратқа арналған орын елді мекеннен алыстау, шеткері жерден, топырағы жұмсақ, қабір қазуға оңай және барынша кеңдеу алқаптан таңдалғаны дұрыс.
2. Қабірдің тереңдігін орташа ету, адам бойымен қазу - сүннет.
3. Қабірді мәйіттің оң жағы Құбылаға қарайтындай етіп қазу керек.
4. Қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін оған шағын белгі (құлпытас) қоюға рұқсат.
5. Қабірге белгі қою - Аллаға серік қосуға (ширк), орынсыз жаңашылдыққа (бидғат), қатаң тыйым салынған іске (харам) жатпайды.
6. Жерлеу орындарында мешіт, медресе, құлшылық ету орындарын тұрғызуға, зәулім ескерткіш немесе биік күмбез орнатуға болмайды.
7. Қабірді көмгенде қабірдің өзінен шыққан топырақпен көмген абзал.
8. Зираттың аумағын тарылтатын, яғни өзге мәйіттер жерленетін орындарды қажетсіз пайдалану яки кедергі келтіру шариғат бойынша құпталмайды.
9. Зират қоршалған жағдайда әрбір қабірге жеке-жеке қоршау жасаудың қажеті жоқ.
10. Құлпытаста жерленген адамның толық аты-жөні, туған және қайтыс болған күндері жазылса жеткілікті.
11. Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді.
12. Қабір басындағы бұрын жасалып қойған құрылыстарды бұзудың қажеті жоқ.
Зират көтеру мәдениеті;
1. Мұсылман жұртшылығы қайтыс болған кісінің есімі мен жатқан жері белгілі болсын деген мақсатпен оның басына құлпытас қоюды әдетке айналдырған.
2. Құлпытастардан бөлек зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызу марқұмға ешқандай пайда бермейді.
3. Өлілер үшін пайда келтірмейтін істі «тірілер көрсін немесе естісін» деген ниетпен жасау Алланың разылығынан алыстатады. Өйткені шариғат бойынша таза ниетпен жасалған ықыласты істер ғана сауапқа кенелтеді.
4. Қабір көтеруге кететін шығынды тірілерге жұмсау - әлдеқайда сауапты.
5. Қымбат құлпытастар мен зәулім ескерткіштерге кететін қаражатты жетім-жесірге көмектесу, көрші-қолаң, ағайын-туысқа қарайласу, білім ошақтарын тұрғызу, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығару сынды т.б. игі істерге жұмсап, сауабын қайтыс болған кісілерге бағыштау шариғат бойынша құптарлық игі іске жатады.
6. Шариғат заңдары зираттарды сәндеуді, үлкен ескерткіштер орнатуды талап етпейді. Керісінше мұсылман зираты барынша қарапайым болғаны жөн.
7. Қорымға қойылатын құлпытастарды бір-бірінен асып түсетіндей етіп әсіре сәндеу немесе оған мол шығын жұмсау ысырапқа жататындықтан шариғат мұны құптамайды. Дініміз ондай әрекетке тыйым салады.
Теңдік ұстанымы
1. Зират - барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екендігін, бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені.
2. Қайтыс болған адамды қабірге қоярда денесіне ешбір артық киім кигізбей, тіршіліктегі сәндік бұйымдардың ешқайсысын өзімен бірге жерлемей, жағасы мен жеңі жоқ, тек ақ матамен ғана қою, яғни күллі мұсылманды бірдей етіп жер қойнына тапсыру тәртібі осы теңдік ұстанымын білдіреді.
3. Адам баласының Алла Тағала құзырында тең екендігі қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерінде айрықша бяндалады.
4. Зираттарға құлпытас қою кезінде адамдар арасындағы теңдік ұстанымы қатаң сақталуы тиіс. Бір марқұмның қабір басына мәрмар тастан зәулім сарай тұрғызу, екінші қабір басына биік ескерткіш немесе кеуде-мүсін соғу, ал үшіншісіне қарапайым құлпытас қою - шариғаттың теңдік қағидаттарына қайшы келеді.
Құлпытас қою мәдениеті;
1. Қабірге биіктігі 1 метр, ал ені 50 сантиметрден аспайтын құлпы- тас қою;
2. Құлпытасқа марқұмның толық аты-жөнін, туған және қайтыс болған күндерін жазу;
3. Құлпытасқа марқұмның суретін салмау;
4. Құлпытасты қымбат, бағалы тастардан жасамау;
5. Құлпытасқа Құран аяттары мен сүрелерді жазбау.
Зират құрылыстары;
1. Зираттың жалпы көрінісі ешбір артық құрылыссыз, барынша қарапайым болғаны дұрыс.
2. Зиратты жан-жануарлар бұзып, тапталмауы үшін сыртына қоршау жасалған жөн.
3. Сырты толықтай қоршалған зират ішіндегі әрбір қабірдің басына өз алдына бөлек қоршау жасаудың қажеті жоқ.
4. Зират ішінде қабірлерді баспау үшін арнайы жүретін жол қал- дырған жөн.
5. Зираттарға жарық орнату, түрлі-түсті гүлдер егіп, абаттандыру сынды сәндеу жұмыстарын жасау орынсыз. Зират тамашалайтын жер емес, ғибрат алатын, ақыретті еске алатын мекен.
Кесене салу;
1. Кесене деп - жалпы халықтың Құран оқып, дұға жасау үшін зиярат жасайтын арнайы зираттарға айтылады.
2. Қазақ даласында халыққа еңбегі сіңіп, асыл дініміздің қанат жаюына қызмет еткен, құлшылығы мен тіршілігі үлгі болатын ғалым-ғұламалардың, әулие-абыздардың, әділ билік еткен хандардың, шейіт болған батырлардың басына кесене тұрғызылған. Мысалы, Қожа Ахмет Йассауи, Мәшһүр Жүсіп кесенелері т.б.
3. Зияратшылардың кімге дұға жасайтынын анықтап қою мақсатында кесенеде жатқан тұлғаның қысқаша тарихнамасы жазылғаны дұрыс.
4. Кесенеде жатқан тұлғаға Құран бағыштап, дұға ету үшін арнайы бір бөлменің болғаны жөн.
Аллаға деген сенім-бұл өмір. Сенімсіздік-бұл өлім. Сенушілер-тірі, ал опасыздар-өлі. Тірілер мен өлілер қалай тең еместігіндей, сенушілер мен кәпірлер де тең емес. «Расында, Алла (ақиқатты) қалаған құлына ғана естіртеді...» Алла Тағала өз сөзін, өзі қалаған адамға ғана естуге мүмкіндік береді. «...ал сен қабірлерде жатқандарға (еш нәрсе) естірте алмайсың!» Алланың және Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) осынша ескертулерін елемегендер қабірдегі өлілер сияқты. Алла бізді оған сенбеуден, менмендікке салынудан, ауыр азапқа ұшырағандардан болудан баршамызды сақтасын.
Дерек көзі: «Зират және зиярат мәдениеті», 2020 ж.
«Байкен» мешітінің ұстазы
Баубек Бердіғалиұлы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.