ҚАЗАҚ ЖЫРАУЛАРЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ШАРИҒАТ
Қазақ жыраулар поэзиясы тақырыптық, мазмұндық аясында ерекше көрінетін мәселе - дін тақырыбы. Қазақтың әдебиеті ауызша дәстүрде таралуына орай, әуел бастан-ақ халық ақын-жыраулардың жалынды жырларына, ой-толғауларына үнемі құлақ түрді, оларды жадында ұстады. Діни қиссалар, ақын-жыраулардың шығармаларындағы діни мотивтегі өлең-жырлар халықты ислам дінінің рухында тәрбиелеуге, имандылық құндылықтарын нығайтуға айтарлықтай үлес қосты.
Бұл туындылар халыққа рухани бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі дінмен үйлескен ұлттық тәлім-тәрбиенің жандануына себепкер болды. Қазақ жыраулар поэзиясы жасалған кезеңдегі Орта Азия елдерінің сөз өнерінде діннің ықпалы күшті болғаны белгілі. Қазақ жыраулар поэзиясындағы діннің жырлану ерекшелігіне назар аударылған зерттеулер көп. Қазақ жыраулары жасаған жыр үлгілерінде дін тақырыбының берілуі басқа мұсылман елдерінің әдебиетіндегідей емес. Жер мен ел мүддесін жоғары қойып жырлаған, ерлікті дәріптеген қазақ жырауларында дін тақырыбы да адамгершіліктің терең қағидаттарымен астасып жатыр. Жыраулар поэзиясында діни қағидаттар имандылық тұрғысынан түсіндіріледі. Өз дәуірінің өзекті мәселелерін сөз еткен жыраулар діни заңдылықтарды гуманистік концепциялармен қатар қойып, сол тұрғыдан жырлаған. Жыраулардың толғауларынан шариғат заңдылықтарына деген ерекше көзқарасты көреміз.
Қазақ халқының ақын-жырауларының поэзиялық мұрасында ислам діні құндылықтарының әсері ерекше білінеді. Халқымыздың сөз майталмандары діннің парыздарынан, үкімдерінен тереңінен хабардар болған. Ақын-жыраулар шығармашылығында дін исламның шарттары, моральдық-адамгершілік құндылықтар поэзиялық туынды үлгісінде жеткізілді. Қазақ ақын-жыраулары мұрасындағы діни таным іздері Орта Азияда қалыптасқан, Түркістан жұрты тұтынып келген Ислам мектебінің негізінде көрініс тапқан. Қожа Ахмет Ясауи ілімімен астасып жатқан сопылық таным – халық шығармашылығының көзі болып саналатын жыраулық дәстүр арқылы кең тарады десек қателеспейміз. «Диуани хикметті» жыр жолымен жеткізген әулие шайырдың жолы Қазақ хандығы құрылғаннан бергі дәуірлерде де жыраулық сарында көрініс тапты. Сопылық танымның мәні мен маңызы жайлы М.Мырзахметов: «Сопылық ағымның ең басты да өзекті мәселесі – хақиқатқа жету. Міне осы хақиқатқа жету жолында адам рухы жағынан тазарып, іштей пәктенгенде ғана адам камили инсани (толық адам) қалпына қол жеткізе алмақ. Осы себепті де бүгінгі күнде осы мәселе тұрғысынан қарағанда қалыптасқан ортақ таным тарих оқулығында: «Сопылық ілімде камили инсан (Абайда толық адам) рухани қалыпқа түсіру, кәмалатқа жеткізу жолындағы дүниетаным ең басты мәселе ретінде қаралады» дейді.
Жалпы дінге қатысты төрт мәселе бар: діни таным, діни сана, бұларды қамтамасыз ететін діни сенім мен діни тәжірибе. Осы төртеуі де қазақта бар. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабына, діни сенімде Матуриди ақидасына және діни тәжірибеде Ясауи хәл ілімінің қабаттарына негізделген. Осы негіз біздің ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабаттарымыздан, әдет ғұрпымыздан, салт дәстүрімізден көруге болады. Ясауидің хәл ілімі дегеніміз - адам туралы ілім, адамның ар-ожданы, жеке тұлғаның өз жандүниесіне үңіліп, өз бойының мінін түзететін ар ілімін қалыптастыруымен ерекшеленді. Сондай-ақ, адамның кемелдікке жетуі теориялық (шариғат) және практикалық (тариқат) таныммен өлшеніп қана қоймай, оны басынан өткеріп, өзінің хәлі арқылы рухында сезініп, ол үшін адамның Жаратушыға махаббат арқылы жетуге міндетті. Қоғамдағы моральдық-этикалық нормалардың бұзылуы – иманның әлсіздігі мен нәпсінің үстемдігінің көрінісі, ал оны қалпына келтірудің негізгі жолы - махаббат. “Ғашықсыздардың иманы да, жаны да жоқ, олар–хайуан” деген Ясауи адамды тікелей рухани құндылықтарымен тәрбиелеу арқылы иман нұрымен ақиқатқа жетелеу керектігін уағыздайды. Шығармашылығында дінге қатысты мәселелерді көп қозғаған Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) өз жырында халықты құлшылық-ғибадат принциптеріне мән беруге шақыра отырып, дүниедегі тіршіліктің өткінші екендігін жеткізе білген: «Жігіттер, ғибадат қыл, маған нансаң, Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң, Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген, Түбінде сөз сенікі, өлмей қалсаң».
Ал Қабан жыраудың «Бақыт, қайда барасың?» атты жыры ислами тәлім мен өнегеге толы туынды. «Бақыт, қайда барасың? Шариғат сөзін тыңдаған, О дүниені ойлаған, Аллалы үйге барамын. Бақыт, қайда барасың? Сыйлай білген молланы, Діннің жолы қорғаны, Бісмілләлі үйге барамын. Бақыт, қайда барасың? Үйінде тұрған Құраны, Расул Алла ұраны, Тәртіпті үйге барамын». Қабан жыраудың бұл жырында әрбір мұсылман үшін ислам дінін өмірлік бағыт-бағдар етудің мән-маңызы толыққанды түрде жеткізіліп отыр. Қазақ халқының мәдениеті мен тарихы, рухани қазынаға толы әдебиеті еліміздегі дін исламның сан ғасырлық тарихын айғақтайды. Қазақ ақын-жырауларының мұраларында имандылық, отансүйгіштік, кісілік, қайырымдылық, ізгілік, мейірімділік, т.б. құндылықтар ұлықталды. Көсемсөз иелері халықтың ақылшысы әрі жол көрсетушісі болды. Ақын-жыраулар діннен де терең хабардар бола отырып, бұқара халықты өнеге мен тәлімге толы жырларымен сусындатты.
Бұл рухани қазыналар болашақта да халық игілігі үшін қызмет ете бермек. Ислам діні туралы өткір ойлар өзіне дейінгі ақын-жыраулар поэзиясынан сұрыпталып, Абай Құнанбайұлының шығармашылығында көптеп кездеседі. Ақын: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашан да жалған болмас» - деп, өлеңмен кәлима айтып, Алланың бар екеніне сенім білдіріп, иман келтіреді. Өлеңді әрі қарай оқиық. «Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас»,— дейді ақын. Абайдың осы өлең жолдары арқылы Алладан түскен кітап саны біз білетіннен де көп екенін байқаймыз. Алайда, қазіргі қоғамға соның тек төртеуі (Таурат, Забур, Інжіл және Құран) жетіп, осы төрт кітаптағы ілім Алланы танытуға, оның Жалғыз екенін ұғындыруға жетелейді дейді. Сондай-ақ, ақынның айтуынша Құдыретті Алла Тағала әр қауымға жеке пайғамбар жіберіп, ол пайғамбарларға Хақты танытуға кітап түсірсе де, адам өзгеріп, қоғам жаңарса да Алла өзгермейді. Осы өлең жолдары арқылы ғұлама ойшыл Алланың жалғыз екендігін айтып, оны ұлы Құдырет Иесіне теңейді. Бұл туралы Қасиетті Құран-Кәрімнің «Ықылас» сүресінде: «Ләм иәлид уә ләм иуләд, уә ләм иәкул-ләһу куфуан ахад» – яғни, «Ол тумады да туылмаған, Оған тең келер еш нәрсе жоқ» — делінген. Абайдың «Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес» деген пайымы Құранның «Ықылас» сүресінен шыға отырып, Алланың туылмағандығын, және оның Мәңгілік екендігін айтып ұлықтайды. Абай: Алланың, пайғамбардың жолындамыз, Ынтамызды бұзбастық иманымыз. Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі, Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз? — деп, дүниеқорлыққа, байлық соңына түсіп, халықтан бөлініп, діннен адаспауға шақырады. Дінбұзарлар мен мұнафиқтардың о дүниедегі тартар жазасын Құран мен хадиске сүйене отырып мәлімдейді. Абайдың бұл өлеңді жазудағы негізгі мақсаты оны сипаттау емес, жан-тәнімен беріле сүю, ғашықтық деген шешімге келген яғни Хақты сүюді, Оның махаббатпен жаратқан перзенті — адамзатты сүюді насихаттау болып табылады.
Жыраулар поэзиясы қазақ халқының ар-ожданды, ел қорғауды бірінші орынға қоятынын, дәстүрлі дінге берік екенін байқатады. Мысалы, Үмбетей жырау былай айтып кеткен: Дін мұсылман баласы Адамдықтан жерімес, Тіл мұсылман, қарашы, Арамдықтан шегінбес. Дәніккесін бұл шіркін Адал бір дәм жегізбес! – деп адамдықтан аттамай, нағыз мұсылман болуға, арамдықтан аулақ жүруге шақырады. Жыраудың ойынша, тек тілмен ғана айтып, жүрегіне Құдайды ұялата алмаған мұсылман "харамнан" бойын алыстата алмаған дінсізбен тең. Ал, атақты жырау Қазтуған өзінің ерлік пен өрлікке, қажыр мен қайратқа толы жырларында Алланы естен шығармаған, оның құдіретін барынша сезінген, ол «Мадақ» жырында былай: «Бұлыт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәпірдің, Арасын бұзып дінді ашқан, Сүйіншіұлы Қазтуған!» – деп толғаған. Бір ауыз сөзінің өзі жыраулардың дінді қаншалықты құрмет тұтқаны жайлы мағлұмат береді. Жыраудың осы туындысына зер сала қарасақ, оның Ислам жолында еш тайынбайтынын, өз діні үшін ғазиз өмірін де арнайтынын көреміз. Қазтуған ақын Қожа Ахмет Ясауи жолымен жүріп, көпке қызмет етуді, ел үшін игілікті іс атқаруды борышым деп санайтын сияқты. Тіпті, өлеңінің соңында өз аты-жөнін айтуы да сопы ақынға бір табан жақындай түскендей әсер қалдырады.
Жиембет Бартоғашұлы Есім ханның беделді биі, кеңесшісі әрдайым ханға есіне өткенді салып, Құдайдан қорқуға шақырып, тәубешіл болуға үндеп отырған. Өзі де жырларында бір Аллаға сыйынып, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра үйлесімді өмір сүруді уағыздаған. Бұл жағдай ақынның мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан: «…Бастап келген өзге емес, Жиембет сынды биің-ді. Малын салып алдына, Әр саладан құйылды, Он екі ата Байұлы Бір тәңірге сыйынды» – деген толғауына байқауға болады. Жергілікті халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен таралды. Ислам діні қазақ халқына тікелей уағыз-насихаттан гөрі ел арасында ауызба-ауыз жеткізілген діни әдебиет, қисса-дастандар мен жыр-термелер арқылы жақсы тараған. Діни қиссалар, ертегілер мен аңыз-әңгімелердегі кейіпкерлердің өмірлері, адамгершілік принциптері, дін жолындағы жанкештілігі тыңдаушыларды баурап, исламға алып келді. Оқиғалар желісін Құраннан алатын діни қиссалар ислам дінінің таралуына зор ықпалын тигізді. Қарапайым халық қисса-дастандар арқылы діннің негіздерімен танысты.
Бақтияр Қасымалиев
"Ақсай" мешітінің бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.