Құран жайлы 40 хадис: 3-ХАДИС
Үшінші хадис
عَن عُمَر بْنِ الْخَطَابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَمَا إِنَّ نَبِيَّكُمْ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَدْ قَالَ : "إِنَّ اللهَ يَرْفَعُ بِهَذَا الْكِتَابِ أَقْوَامًا وَيَضَعُ بِهِ آخَرِيْنَ" (رواه مسلم و ابن ماجه).
Омар ибн Хаттабтан (р.а.): «Расында, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла Тағала бұл кітаппен бір қауымдарды көтереді, ал енді бір қауымдарды түсіреді», – деп айтқан еді», – деген» (Муслим, Ибн Мәжаһ)[1].
[1] «Сахих Муслим», «Жолаушылардың намазы және намазды қысқартып оқу» бөлімі, «Құран бұйрығына амал жасап, оны біреуге үйреткен адамның артықшылығы» тарауы, (269). «Сунан Ибн Мәжаһ», «Иман, сахабалардың артықшылығы, білім» бөлімі, «Құранды үйреніп, оны біреуге үйреткен адамның артықшылығы» тарауы, (218). «Муснад имам Ахмад», «Жаннатпен сүйіншіленген он сахабаның муснады», «Әділ төрт халифаның муснады», «Омар ибн әл-Хаттабтың муснады», (232). «Мусаннаф Абдур-Раззақ», «Жүздесу» тарауы, (20944). «Сахих Ибн Хиббан», «Құранмен бір қауымдар көтеріліп, ал оны тәрк етумен бір қауымдардың құлдырайтындығы» туралы тарау, (769). «Муснад әл-Бәззар», «Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а.) муснады», «Әбу Туфайлдың Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а.) риуаят еткен хадисі» туралы тарау, (249). Әл-Бағауи, «Шарх әс-сунна», (1184). Имам Муслимге тиесілі хадистің мәтінінде былай баяндалған: «Амир ибн Уәсиланың айтуынша, бірде Нафиғ ибн Абдилхарис Ғусфан жеріне Омармен жолығуға барады. Омар Нафиғты Меккеге әкім етіп тағайындаған болатын. Омар Нафиғты көрген кезде: «Меккенің әкімдігіне орныңа кімді қалдырдың?» – деп сұрайды. Нафиғ: «Ибн Әбзаны», – дейді. Омар: «Ибн Әбза деген кім?» – деп сұрайды. Нафиғ: «Құлдарымыздың бірі», – дейді. Омар: «Мекке жұртына құлды тағайындап кеткенің қалай?» – дейді. Нафиғ: «Шын мәнінде, Ибн Әбза Алланың кітабын жаттаған әрі мирас ілімін жақсы біледі», – дейді. Бұл жауапты естіген Омар: «Расында, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла Тағала бұл кітаппен бір қауымдарды көтереді, ал бір қауымдарды түсіреді», – деп айтқан еді», – дейді.
Хадистің мағынасы: «Шын мәнінде, Құранға иланып, оны қастерлеп, Құранды үйреніп, оны біреуге үйретіп, ондағы бұйрыққа амал етіп, адал дегенін адал деп, харам дегенін харам деген адамдарды Алла Тағала көтереді. Әрі олардың екі дүниеде де абыройларын арттырады. «Хужурат» сүресінде Алла Тағала: «Сендерден иман келтіріп, білім алғандардың дәрежелерін Алла көтереді» – деген. Ал енді Құранға сенбей, оған амал етпей, Құранда келген бұйрықтарға бағынбай, тыйғанынан тайылмаған адамдарды Алла Тағала төмендердің ең төменіне түсіреді. Алла Тағала Өзінің қасиетті кітабында: «Ал кім Менің зікірімнен /кітабымнан/ бас тартса, расында, ол бір ауыр ғұмыр кешеді. Сөйтіп Біз Қиямет күні оны махшарға соқыр күйде жинаймыз. Ол сонда: «Раббым мені неге соқыр күйде жинадың, мен /өткен дүниеде/ көретін едім ғой», – дейді. /Раббысы/ оған: «Саған біздің аяттарымыз келген кезде, сен оны ұмыт қалдырдың, дәл солай бүгін сен де ұмыт қаласың, – дейді», – деген.
Кітаптың авторы: Ғұлама Мулла Али ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Қари (1014 һ.ж.)
Хадистерді талдап, түсініктеме берген: Махмуд Шакур ибн Махмуд әл-Хажи Әмрир әл-Маядини
Қазақ тіліне аударған: Ержан Оразов
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.