І
Иләһ тұтып иесін ұлы күштің,
Бай – Аллаға басыды и құлы – міскін.
Біл, мәңгілік бақытсыз бейбақ сол-дүр,
Кебін киген кім болса ібілістің.
Ол озбырға жаралған оты – мақтан,
Болғандықтан болды ойы осы баққан:
«Мен Адамнан (а.с.) абзалмын, басымды имен,
Жаратылған, өйткені, ол – топырақтан».
Шайтан солай өзін тым санады артық,
Қалмай құны бойында бағалар түк.
Алла үкімін екі етіп, арқасына
Азап жүгін алды өзі қалап артып...
Бұл тәмсілден аңғар, дос, бір мәнді ұлы,
Мұнда тарих, тағылым тұр барлығы.
Алыстаған Алладан шайтан малғұн,
Менмендіктің болған соң құрбандығы.
ІІ
Екінші тәмсіл енді «Абыл-Қабыл»,
Жайында болады деп дабыл қағыл!
Екеуі – Адам ата (а.с.) балалары,
Қарындас – егіздері жанында жүр.
Қабылдың қарындасы көрікті еді,
Кетердей егізі үшін өліп тегі.
Деді оған Адам ата (а.с.) бір күні кеп:
«Сен оның бола алмайсың бөрікті ері».
Заң солай шариғаттың бұйырғаны,
Ал, бірақ, іс одан да қиындады.
Абылдың қарындасын жаратпай тек,
Қалауы Қабылыңның құйындады.
Деді Адам (а.с.) теңдей көріп баласын бар:
«Демеймін сүйекке иттей таласыңдар.
Төреші Тәңірімнің өзі болсын,
Сондықтан бір құрбандық шаласыңдар!».
Көрікті кетпесе де егізге ойы,
Аллаға атады Абыл семіз қойын.
Ал, Қабыл астығының ең нашарын,
Шығарды билеп дүние-қоңыз бойын...
Белгілі кімнің жеңіп, жеңілгені,
Әрине, ізгі ниет жеңілмеді.
Насырға шауып бірақ істің арты,
Болмаған қылмыс болды өмірдегі.
Иә, адам, Рахмани нұрға бетте,
Тоқтау сал, қан жүктеген бұл ғадетке.
Иә, Алла, бізді бейбақ Қабыл менен
Шайтандай қызғаныштың құрбаны етпе.
Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ