РАМАЗАН БУТИ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?
Рамазан әл-Бути – әлемдік ғұлама. Университетте ислам ғылымдарының ішінде пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан дәріс оқитын. Бірде ол оқыған лекцияларын кітап етіп, «Фиқһ сира» атымен басып шығарды. Кітап санаулы күнде таусылып кетті де, қайтадан шығаруға тура келді. Бұл еңбегі жиырма шақты рет қайта басылып шықты.
Университетте ұстаздықтан бөлек, Рамазан Бути мешіт мінберінде де уағыз жүргізетін имам еді. Бір күні мынадай қиссаны жамағатқа айта бастады:
«Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әуелгі уақытта ағаш діңгегіне сүйеніп, уағыз айтатын. Діңгек мешіттің құбыла тарапындағы қабырғаға жапсарлас тұратын. Күндердің күні егде жастағы әйел келіп: «Уа, расул Алла! Менің балам – ағаш ұстасы. Рұқсат етсеңіз, сізге мінбер жасатсам», – деп өтінді. Әз-пайғамбар: «Қаласаңдар, жасаңдар»,-деді.
Бірнеше күн өткенде пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке кіріп келді. Діңгек тұрған жерге ағаш мінбер орнатылыпты. Діңгек мешіт бұрышына қойылған еді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) міберге шығып, құтпасын айтып тұрған. Кенет, діңгектен буазы інгеннің боздаған үні сияқты дауыс шыққанын дүйім жамағат естіді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберден түсіп, діңгекке қарай беттеді. Құшақтап, сипалады. Томар ағаш та бейне бір тірі жануар сияқты боздағаны басылды. Соңыра діңгекті мінбердің астына көмуін әмір етті»,-деді.
Ғалым ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріндегі бұл ғажайып құбылысты айтып тұрып, көз жасына ие бола алмай қалды. Сосын:
«Уа, Алланың құлдары! Адамның жансыз заттан да жүрегі тас болғаны ма?! Адам баласы Пайғамбарымызды сағынған діңгек құрлы бола алмағаны ма?! Ағаш екеш ағаштан да жүрегі қатты болғаны ма?!» – деп жылады.
Адамзаттың ең ардақтысы – пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Оған салауат айту – адамға тілегінің қабыл болуының төте жолы. Әрбір сүннеті адамның өмірін жақсылыққа жетелейді. Десе де, салауат айту былай тұрсын, қорықпай тіл тигізетіндер бар. Сөздерін естіп, оқығанда үнсіз ғана қынжылудан басқа шара жоқ. Себебі, оған жауап берсең, пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі есе тіл тигізуге дайын екені байқалады.
Руслан ҚАМБАР
"Нұр - Мүбарак" мешітінің найб имамы,
дінтанушы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.
Алла разы болсын, Руслан ұстаз
Керемет айтылған