Өзінің Исламға қалай келгені жайында АҚШ азаматы Джейсон Крузиз баяндайды
Мен 2006 жылы Исламға келдім, сол үшін Жаратқан Аллаға сансыз шүкіршілік болсын. Менен жүріп өткен жолым жайлы және Алланың маған рақымын қалай түсіргені жайлы жазуды өтінгенде, көңіліме күдік ұялады. Кейбіреулердің Исламға қалай келгендері жайлы айтып, атақ-абыройға ие болғылары келгенін көрдім де, маған ондай керек емес деп іштей түйдім.
Сол себепті де, қадірлі оқырмандар, бұл хикаяны Алла Тағаланың ұлы шеберлігі деп қабылдап, менің жеке басымнан өткен хикаяға емес, Алланың рақымы мен ұлылығының белгісіне көңіл аударуларыңызды өтінемін. Исламға Алланың рақымынсыз ешкім келмейді, сол себепті, біз Оған және Оның адамдардың жүрегін Исламға қалай бұратынына мән беруіміз қажет.
Исламға дейін
Мен Нью-Йоркте римдік-католиктік отбасында дүниеге келдім. Біз жексенбі күндері шіркеуге баратынбыз. Мен алғашқы шіркеулік рәсімге қатысып, катехизисті (христиан дінінің негізін қамтитын сұрақтар жиынтығы – ауд.), тапсырып, содан кейін римдік-католиктік шіркеудің шеңберінде конфирмациядан (христиан дініндегі дінді сана-сезімімен қабылдауды білдіретін Католиктер шіркеуінің рәсімі –ауд.), да өттім. Мен жас кезімде Алланың үндеуін сезе бастадым. Ол үндеуді римдік-католиктік дінге үндеу деп түсіндім де, анама шіркеу қызметкері болғым келетінін айттым. Ол менің шешіміме қуанып, мені жергілікті шіркеудің қызметкеріне алып барды.
Қуанышқа орай ма, әлде өкінішке орай ма, дәл сол шіркеу қызметкері өзінің жұмысына көңілі толмайтын болып шықты. Ол маған шіркеу қызметінен аулақ жүруімді кеңес еткенде, менің көңілім су сепкендей басылды. Ол мені жылы қабақпен қарсы алса, жағдай басқаша болар ма еді, білмеймін.
Шіркеуге орналасуға жолым болмағандықтан және жасөспірім шақтағы өзімнің ақымақтығымның кесірінен, мен басқа жолмен кеттім. Жеті жасымда шаңырағымыз шайқалды, сөйтіп, мен әке-шешем ажырасқаннан кейін, әкемнің мейірімін көрмей өстім. 15 жасымнан бастап, Бүкіл Әлемді жаратқан Құдай туралы ойлағанның орнына түнгі клубтар мен сауық кештеріне көбірек қызығушылық таныттым. Әуелі қорғаушы болғым келді, кейін Манхэттенде зәулім үйі бар саясаткер болуды қаладым. Соның бәрін ең салтанатты сауық кештерін өткізгім келгендіктен армандаған едім.
Мектеп бітіргеннен кейін көп ұзамай колледжге түстім. Бірақ, жоғары білім алудың орнына керемет жоспар ойлап тауып, колледжді тастап, Аризонаға (осы күнге дейін тұрып жатқан жерім) көшіп кеттім.
Сол ісіме әлі күнге дейін өкінемін. Аризонаға келгеннен кейін, менің жағдайым күннен-күнге нашарлай түсті. Араласатын ортам Нью-Йорктегіден де жаман болды. Мен есірткі қабылдай бастадым. Білімім жоқ болғандықтан, жалақысы төмен жұмыстарға жалдандым, тапқан ақшамды есірткіге, түсініксіз қарым-қатынастарға және түнгі клубтарға жұмсаумен болдым.
Мұсылман адаммен алғаш рет сол кезде жолықтым. Ол жақсы адам болатын, өзі шет елдік студент ретінде жергілікті колледжде оқитын. Алайда, мен онымен Ислам жайлы сөйлеспей, одан өзінің мәдениеті жайында сұрағанымда, ол өз елі жайында айтып берді де, дін туралы сөз қозғамады. Ол сол кезде Ислам жайлы айтып берсе, кейінгі өмірім басқаша болар ма еді, бірақ, ол мүмкіндіктен құр қалдым.
Ал, менің жиіркенішті өмір салтым болса бірнеше жылға созылды, ол жайында бүге-шігесіне дейін баяндағым келмейді. Көптеген қиындықты басымнан өткіздім. Таныс адамдарымның көпшілігі көз жұмды, өзім пышақтан жарақат алдым, соның бәрі есірткі пайдаланғанымның кесірінен болды. Мұны айтып отырған себебім – адам қандай жолда жүрсе де, Алла оны күндердің күнінде тура жолға қайтаруы мүмкін. Содан кейін мен өмір жайлы ойлана бастадым, есірткіден тазаруға бел будым. Соны түсініп, өткен өміріме көз салып, өзімнің Құдай жолына қайтқым келетінін аңғардым.
Менің Құдайды іздеуім
Мен Жаратқан Иемізбен байланыстан әлдеқашан айрылып қалған едім, сондықтан, сенім іздеуге кірістім. Өкінішке орай, шынайы жолды бірден таппадым. Оның орнына индуизмге жүгіндім. Өйткені, сол сәтте не үшін сондай сұмдық жайттарды басымнан кешіргеніме жауапты сол діннен тапқандай болдым. Алғашында есірткіден іргемді аулақ салып, өмірге деген жігерімнің жануына соның өзі жеткілікті болды. Бірақ, бірте-бірте өзімді Құдайдан қол үзгендей сезіне бастадым да, басқа жол іздеу қажеттігін түсіндім.
Алла Тағала маған бағыт көрсетіп отырды. Индуизмді тәрк етіп, христиандыққа орала бастадым. Маңдайыма жазылғаны сол шығар деп, шіркеу қызметкері болуға ұйғарып, римдік-католиктік шіркеуге қайтып бардым. Ондағылар маған білім алып, кейін Нью-Мексико монастырінде қызмет етуді ұсынды. Ол уақытта менің отбасым (анам, ағам және әпкем) Аризонаға көшіп келген еді. Өзім де достарыммен арақатынасымды әлі үзбеген едім.
Мен ол кезде шіркеуде салмақты қызмет атқаруға дайын емес едім. Оның орнына басқа шіркеу тауып алдым. Ол жерде солардың семинарлық бағдарламалары бойынша білім алып, тұрғылықты жерімде шіркеуде қызмет етуге мүмкіндігім бар еді. Сол тәуелсіз католиктік шіркеу сол сәтте менің бұрынғы өмірімде қалыптасқан либералдық құндылықтарыма жақын болып көрінді. Осылайша, семинарияда оқуды аяқтап, 2005 жылы шіркеу қызметіне тағайындалдым.
Менің шіркеудегі алғашқы миссиям – конфессия аралық қарым-қатынасты ретке келтіру болды. Өз саламдағы әр түрлі діни салт-дәстүр жайлы көбірек біліп, өз шіркеуімнің конфессия аралық бейбітшілік және түсіністік жолдауын солардың өкілдеріне жеткізу міндеті мойныма жүктелді. Мен ол кезде көптеген христиан дәстүрлерін білетіндіктен, иудаизм мен исламды зерттеуге кірістім. Мен кәдімгі жұмысшы дін қызметкері болдым, шіркеу қызметкері болсам да, қарапайым дүнияуи жұмыспен де айналыстым.
Мен қалай мұсылман болдым
Миссиямыздың ғимараты мешітке жақын маңда болатын. Мен оны Ислам жайлы көбірек біліп, конфессия аралық қарым-қатынасты дамытудың мүмкіншілігі деп білдім. Мешітке барғанда, ол жерден көптеген жақсы мұсылмандарды кездестірдім. Олар мені Аризона штатының Темп қаласындағы мешітке жіберді.
Ислам жайлы кітаптарды өз бетіммен оқи бастаған кезде, онда жазылған сөздер жүрегіме жетіп, жанымды тебіренткені мені таң қалдырды. Сол кезде Жаратқан Алла менің бүкіл өмірімнің мәні болған екен, бірақ мен оны әлі білмейтінмін. Темптегі мешітке барып, сол жерде Ахмад әл-Акум деген тамаша ұстазымды жолықтырдым.
Әл-Акум ағамыз - Америка мұсылмандары қоғамының аймақтық директоры. Ол Исламға кіріспе курсының негізін қалаған. Курс барлық дін өкілдеріне ашық болғандықтан, мен де сол курсқа бара бастадым. Дәл сол сабақтарға қатысып жүріп, Исламның ақиқат екендігін түсіндім.
Біршама уақыттан кейін мен Темп мешітінде шейх Ахмед Шкайраттың алдында кәлима шахадасын айттым. Әл-Акум ағамыз бен Шейх Шкайрат – екі асыл жандар. Оларсыз мен өзімді соншалықты жайлы сезінбес едім. Содан бастап, шіркеуден бас тартып, Жаратқан Алланың рақымымен мұсылман болдым.
Исламды қабылдағаннан кейінгі өмірім түбегейлі түрде жақсы жағына өзгерді. Алғашында жақындарым шіркеуді тастап кеткеніме қынжылып, неге мұндай шешім қабылдағанымды түсінбеген еді, өйткені, олар Исламнан қорқатын. Бірақ, менің оларға деген қарым-қатынасыма және қуаныштан бал-бұл жайнаған жүзіме қарап, ойларын өзгертті, олар Исламның - жақсылықтың үндеуі екенін түсінді.
Әл-Акум ағамыз жаңа дінді қабылдаған мұсылман үшін алғашқы жылдың ауыр болатынын білетін. Ол менің шатасып, күйзеліске түспеуім үшін әр түрлі ұжымдық жұмыстарға ат салысып, көптеген жақсы мұсылман бауырлармен араласуыма барлық жағдай жасады. Меніңше, дінге енді келген адамның мұсылман бауырларымен үздіксіз сөйлесіп, араласып тұруы оның өміріндегі Исламды қабылдау сияқты үлкен өзгеріске бойын үйретуіне ықпал етеді. Егер дінге жаңадан келген мұсылман ер немесе әйел өз бетімен жүретін болса, жаңа дін оларға тым қиын боп көрініп, тура жолдан таюы ғажап емес. Сол себепті, менің оқырмандарға айтар кішігірім өтінішім бар – жақында ғана Исламды қабылдаған таныстарыңыз болса, басында оларға көмектесіңіздер, ең болмаса, үш күнде бір рет оладан хабар алып тұрыңыздар.
Алланың рақымы шексіз!
Мен жұмыста табысқа жеттім. Өйткені, қазір мен мұсылман болғандықтан, дұрыс өмір салтын ұстануға қатысты өз ұстанымдарым бар. Мен қауіп-қатер тобындағы адамдардың арасында алкоголизм мен есірткіқұмарлықтың, АИЖВ пен гепатиттің алдын-алуға бағытталған бағдарламаның менеджері болдым.
Мен Америка мұсылмандар қоғамының ғана емес, Аризонаның жастар орталығының ерікті мүшесіне айналдым. Ал, жақында өзім алғаш рет кәлима шахаданы айтқан Темп мешітінің кеңесіне ұсынылдым. Алла Тағаланың рақымымен, көптеген жақсы дос та таптым. Оған қоса, бұрынғы пайдасыз достарыммен ат құйрығын кестім, өйткені, енді оларға ешқандай қатысым жоқ. Мен үшін өткен өмірімде орын алған жайттардан гөрі, мұсылман бауырларыммен арақатынасым әлдеқайда маңыздырақ.
ИншаАлла, болашақта өзім жанымдай жақсы көретін үмбетімізге пайда әкелу мақсатында фиқһті тереңірек үйренсем деген тілегім бар. Менің өмірімдегі жақсылықтың бәрі Алланың рақымының арқасында болды, ал қателіктер тек қана өзімнің кесірімнен орын алды».