Тасаууф ілімінің исламдағы орны
Тасаууф ілімінің тілдік мағынасын қарастырар болсақ, «тасаууф» сөзінің бірнеше мағыналары бар. Біз соның бірқатарын ғана айтып өтеміз:
1. «Сафа» − «таза болу», яғни жүректі таза ұстау;
2. «Сафф» ‒ «сапта тұру», яғни құлшылықта әрдайым алдыңғы сапта тұру;
3. «Суф» − «жүн» мағынасында. Ертеде сәләф ғалымдарымыздың уақытында, ең арзан киім жүннен жасалған киім болған, сол себептен оны дүниесі барлар мүлдем қолдан- бағандықтан көбіне сопылардың үстерінен табылатын;
4. «Суф» ‒ бұл жерде араб тіліндегі сад әріпі емес, син әріпі арқылы құрылған «суф» сөзі ежелгі грек тіліндегі «хикмет, даналық» деген мағынаға саяды, яғни әрдайым даналықпен іс-әрекет жасау дегенді білдіреді.
Ал, терминдік мағынасына келер болсақ, ғалым Абу Аббас Разуқтың айтуынша тасаууф ілімінің 2000-ға жуық анықтамасы бар [1]. Біз солардың ішінен бірнешеуіне ғана тоқтағанды дұрыс деп санадық.
1. Имам Жунейд (р.а. 297 жылы қайтыс болған): «Сопылық деп күллі жақсы мінездерді пайдаланып, барлық нашар мінездерді тәрк етуді айтамыз», – деген [2];
2. Имам ибн Ужайба (р.а.): «Сопылық мүліктердің жалғыз иесінің құзырына апаратын жолдарды үйрететін, ішкі жан дүниені кесірлі мінездерден тазартатын және оны әр алуан асыл құндылықтармен безендіретін ілім. Оның бастауы ‒ ілім, ортасы ‒ амал, соңы ‒ Алланың сыйы», – деген [3];
3. «Нәпсіге еруден бас тарту, бүкіл іс әрекетімізде Алланың разылығын көздеу, шынайы ықыласпен ғибадат жасау, дүниені жүрекпен тәрк ету» [4];
4. «Бүкіл жағымсыз мінездерден айрылу және кемелдікке апаратын мінездерді жинау үшін нәпсімен күресу» [5];
5. «Шариғаттың шеңберінен шықпай, Аллаға шынайы құлшылық жасауға нәпсіні тәрбиелеу» [6].
Сонымен қатар «Тасаууф» ілімінің «Тәзкиятун-нәфс», «Ахлақ», «Сулук» секілді өзге де көптеген атаулары бар.
Тасаууф ілімінің шығу тарихына қысқаша тоқталар болсақ, тасаууф ілімі көптеген фитналардың, келеңсіз оқиғалардың жайылған заманында, адамдардың жақсысы да, жаманы да дүниеге бет бұра бастаған уақытта жарық көрген ілімдердің бірі. Бұл іліге қатысты үш мәселеге жеке-жеке төқталайық.
Біріншісі: тасаууф ілімі – Исламның өзге де ілімдері сияқты сахабалар мен табиғиндердің уақытында бар болған ілім. Бұл жайлы Ибн Халдун өзінің «мұқаддимасында» былай дейді: «Сопылық білімі кейін (яғни Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бақилық болған соң) пайда болған шариғи ғылымдарға жатады. Алайда сопылық жолының негізі мен мәйегі белді сахабалар мен табиғиндерде және олардың артынан келгендерде ақиқат пен һидаят жолы ретінде бар болатын. Бұл жолдың негізі – құлшылықта тереңдеу, тек Аллаға ғана берілу, дүниенің сән-салтанатынан бас тарту, көпшіліктің жүгіре ұмтылатын мал-мүлік пен мансапқа, рахат пен ләззатқа бату секілді нәрселерді жүрегімен тәрк ету, елден оңашаланып Аллаға құлшылық жасау. Бұлардың бәрі жалпы түрде сахабаларда, үмбеттің алғашқыларында бар болатын. Екінші және одан кейінгі ғасырларда адамдар дүниеге ұмтыла бастады. Міне сол кезде құлшылыққа берілген жандар «сопы» деген атпен таныла бастады».
Тасаууфтың негізгі қарастырған тақырыптары: Алла Тағалаға ықыласпен ғибадат ету, дүниені жүрекпен тәрк ету. Мұнымен қатар, атақ, данқ және мансапқорлықтан ұзақ болу, жалпы айтқанда дүниенің қызылды-жасылды алдамшы ләззаттарынан бас тартып оңашада тек зікір, шүкір, пікірмен машғул болу, бұлардың барлығы сахабалар мен
табиғиндердің іс-әрекеттерінде көрінгені рас. Бірақ кейін келе һижри 2-ші ғасырдың аяғы мен 3-ші ғасырдың бастарында көптеген адамдар ғибадатты тастап, дүниеге, мансап пен мақамға ұмтыла бастаған уақытта, өзін олардан жырақ ұстап, сахабалар мен табиғиндердің өмірін кешіп, солардың ізінен бастартпай өздерін тек ғибадатқа арнағандарды сопы- лар немесе тасаууфшылар деп атай бастаған» [7].
Екіншісі: тасаууф дегеніміз – «ихсан». Ал ихсанды Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деп баяндаған: «Хазіреті Омар (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанында отырған едік, киімі аппақ, шашы қап-қара, бойында жолаушының белгісі жоқ бір бөтен кісі шыға келді. Ол Алла Елшісінің жанына отыра кетті де, тізесін тізесіне тақады да, екі алақанын санының үстіне қойды. Сөйтті де: «Уа, Мұхаммед! Маған Ислам жайлы айтшы», − деді. Алла Елшісі: «Ислам бұл Алладан басқа тәңірдің жоқ екеніне және Мұхаммед оның Елшісі екеніне куәлік келтіруің, намазды толық оқып, зекет беруің, рамазан айында ораза тұтып, шамаң жетсе қажылыққа баруың», − деп түсіндірді. Сонда әлгі кісі: «Дұрыс айтасың», − деді. Біз өзі сұрап, өзі растап отырғанына таң қалыстық. «Маған иман туралы айтшы», − деді. Алла Елшісі: «Аллаға, Оның періштелеріне, түсірген кітаптарына, жіберген пайғамбарларына, ақырет күніне және тағдырдың жақсысы мен жаманына иман келтіруің», − деп жауап берді. Әлгі кісі тағы да: «Дұрыс айтасың», − деді де: «Маған ихсан туралы айтшы», − деп сұрады. Алла Елшісі: «Ихсан бұл − Аллаға Оны көріп тұрғандай ғибадат етуің, сен Оны көрмесең де,сөзсіз, Оның сені көріп тұрғанын сезінуің», − деп жауап қайырды. «Қияметтің қашан болатынын айтшы», − деді. Алла Елшісі: «Сұралып тұрған адам сұрап тұрған адамнан артық білмейді», − деді. Әлгі кісі: «Ендеше, қияметтің белгілерін айтшы», − деді. Алла Елшісі: «Күңнің өз қожайынын дүниеге әкелуі және жалаң аяқ, үстінде киімі жоқ кедей малшылардың биік үй салып жарысқандарын көруің», − деп жауап берді. Сосын әлгі кісі кетіп қалды. Алла Елшісі әжептеуір уақыт кідіргеннен кейін: «Уа, Омар, жаңағы сұрақ сұраған кісінің кім екенін білесің бе?» − деді. Мен: «(білмеймін) Алла және Елшісі жақсырақ біледі», − дедім. Алла Елшісі: «Ол − сендерге діндеріңді үйрету үшін келген Жәбірейіл періште болатын», − деді» [8].
Демек тасаууф «ихсанды» негізге ала отырып пайда болған ілім. Ал ихсан дегеніміз Ислам дінінің үш рүкінінің бірі. Кімде-кім діннің бір рүкінін мойындамаса немесе тәрк етсе онда оның діні кем болатындығын Абдалла ибн Сиддиқ «Иғлам бианна тасаууф мин шариғат Ислам» айтып өткен [9].
Және үшіншісі: имам әл-Қушайри сопылықтың һижри жыл санауы бойынша екінші жүз жылдықтың алдында пайда бола бастағанын келесі сөзінде айтады: «Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бақилық болғаннан кейін мұсылмандар «сахабалар» деген аттан өзге айттармен танылған жоқ еді. Өйткені, «сахаба» дегеннен артық дәреже де жоқ болатын. Кейіннен адамдар әртүрлі болып, мәртебелері де өзгере бастады. Сөйтіп аса діндарларға «әз-зүһһад» (дүниені жүрегімен тәрк етуші), «әл-Ъүббад» (құлшылығы мол адамдар) делінетін болды. Одан кейін бидғаттар бой көтере бастады. Әр топ өздерін «зүһһад», «ъүббад» дейтінді шығарды. Сол кезде Аллаға шынайы беріліп, ғафылдықтың барлық жолдарынан өздерін сақтай білетін Әһлү сүннет жолын ұстанатындардың озықтары «тасаууф» есімімен ерек- шеленді. Һижри бірінші жүз жылдықтың соңында аталмыш ұлыларға «сопы» деген атпен кең қолданыла бастады» [10].
Жоғарыдағы айтылған мәселелерді түйіндейтін болсақ, тасаууф ілімі басқада ілімдер сияқты кейіннен пайда болғанымен қатар өзінің жеке Құран мен Сүннетке сай анықтамалары мен қағидалары бар ілім.
Алла Тағала бүкіл әлемге рақым етіп пайғамбарлар жіберіп отырған және ол пайғамбарлардың белгілі міндеттері болғанындай, ақырғы елші Мұхаммедтің де (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) белгілі міндеттері болды. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла Тағала Өзінің аяттарын оқып
беретін, күнәдан арылтатын, оларға (үмметтерге) кітапты, хикметті үйрететін пайғамбарлар жіберіп, мүминдерге мол жақсылық жасады. Өйткені, олар бұрын ашық азғындықта еді» (Әли Имран сүресі, 164-аят).
Аятта ашық баяндалғандай, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) негізгі үш міндеті болды, олар:
1. «Дағуа» − Алланың хақ дініне даналықпен шақыру;
2. «Ілім үйрету» −иман, Ислам қағидаларын үйрету, жалпы айтқанда дінді үйрету;
3. «Тазарту» − нәпсінің құлдығынан босатып, жүректерімізді тек қана Алла деп соғатын халге жеткізу үшін тәрбиелеу, яғни керітартпа мінездермен жағымсыз сипаттардан тазарту.
Көпшілік ғалымдардың айтуынша, егер мұсылмандар осы үш саланың қайсы бірін тастап қойған болса, құлдырау орын алады дейді.
Сонымен бірге дінімізде ілім алу әрі оны үйрету процесі үздіксіз жалғасуы керек болғанүш ілімнің бар екенін айтуда, бұларды исламның үш рүкіні деп те атайды [9]. Егер қандайда бір мұсылман осы үш ілімнен хабарсыз болса онда оның дінінде нұқсандық бар деген пікірде. Бұлар:
1. «Ақида ілімі»[11] − «Иман негіздері, Сенімілімі», яғни Алланың барлығына, бірлігіне сену, иман ету, т.б. тақырыптар қозғалатын ілім саласы;
2. «Фиқһ ілімі» − «Ислам құқығы», яғни жасап жүрген ғибадаттарымзбен адамдармен жасап жүрген қарым-қатынасымызды реттейтін, ережелерін қоятын ілім саласы;
3. «Тасаууф ілімі» – «Тазару ілімі», яғни мүліктердің жалғыз иесінің құзырына апаратын жолдарды Құран мен Сүннетке сәйкес үйрететін, ішкі жан дүниені кесірлі мінездерден тазартатын және оны әр алуан асыл құндылықтармен безендіретін ілім.
Бұл үш ілімді ғалымдарымыз жоғарыда айтылып өткен Жәбірейіл (а.с.) хадисінен алады, сол себепту «Ихсан» тасаууф ілімі болса, «Иман» − Ақида, ал «Ислам» − Фиқһ саласы екендігін айтады.
Тасаууф іліміне атақты (танымал) ғалымдардың көзқарасы:
1. Ахмад ибн Ханбалдың (р.а.) баласына айтқан өсиетінде былай делінген: «Ұлым, тасаууфпен шұғылданатын ғалымдармен бірге бол! Олар ілімге көп амал жасауда, әрдайым Алланың разылығын іздеуде, дүниені жүрекпен тәрк етуде біздерден озды, олардан абзал адамдар да қалмады» [12];
2. Имам Абу Хамид Ғаззали (р.а.): «Сопылық жолы Аллаға алып баратын өте керемет жол (тариқаттар жолы) және сопылардың ақылақтары өте керемет» [13], – деген;
3. Из ибн Абдуссалам (р.а.): «Таза сопылық жолы шариғат қағидаларын негізге алған жол» [14], – деп келтірген;
4. Имам Мәлік (р.а.): «Кімде-кім фиқһ үйреніп тасаууфты тастап қойса пасық болады, сол секілді кімде-кім фиқһ үйренбей тасаууфқа кірсе зындыққа (дінсізге) айналады, ал кімде-кім екеуін бірге үйренсе кемелдікке жетеді», – деген [15];
5. Имам Шафиғи (р.а.): «Бұл дүниеде үш нәрсені ұнаттым: шамасы жетпейтін іске ұмтылып босқа әуреленбеу, салиқалы адамдармен дос болу және сопылық жолмен жүру», – деп кеткен [16];
6. Имам Шатый би (р.а.): «Кейбір адамдар сопылық жол Құранға және сүннетке сәйкес жол емес деуде, (бірақ бұған дәлелдері жоқ) менің айтарым – сопылық жол Құран Кәрімге және сүннетке негізделген», – деген [17];
7. Имам Суюти (р.а.): «Тасаууф ілімі негізінде керемет ілім. Сопылар сүннетке бекем әртүрлі бидғаттардан алыс адамдар. Бірақ кейінгі кезде сопылырға және тасаууф іліміне жала жауып, қаралап жатқандардың қарасы көбеюде», – деп айтқаны келтіріледі [18];
8. Имам Науауи (р.а.): «Сопылық жол бес негізден тұрады:
- Адамдармен қарым-қатынаста және ғибадатта, үнемі тақуалықты көздеу;
- Әрбір іс-әрекет және ауыздан шыққан әрбір сөз сүннетке сай болуы;
- Адамдарға ешқашан мұқтаж болмау; - Кеңшілік пен таршылықта да Аллаға разылық таныту;
- Қиыншылық пен қуанышты жағдайда Алланы ұмытпау», – деген [19].
Қорыта айтатын болсақ, тасаууф ілімі өзге Ислам ілімдері сияқты Құран мен хадистен негізін алған ілім. Кейінгі кезде адасқан сопылардың кесірінен шариғатқа сәйкес келмейтін пиғылдар кірсе де, қолымызда қаймағы бұзылмаған тасаууф еңбектері бар. Сол еңбектерді оқып немесе оқыған ұстаздарға шәкірт болып тура сопылықты үйренемін дегендерге жол әрқашанда ашық.
Тасаууф баға жетпес ілім, өйткені қарайған жүректерді тазартып Алла Тағалаға сау-саламатты түрде қауыштыру үшін Құран мен Сүннеттен сүзген алтын дәстүрлері бар. Жүректің таза болуы біздің таза болуымызға жетелейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқандай: «Адам денесінде бір кесек ет бар егер сол ет (әртүрлі жаман сипаттардан) сау-саламатта, таза болса, онда бүкіл денеде сау-саламатта болады, ал егер ол (жүрек) бұзылса (кірленсе) бүкіл дене кірленеді» [20].
Сөзді сопыларға әкеп тірейтін болсақ, олар Алла Тағаланың әулие құлдары (адасқандар бұдан тыс). Исламда өзгені балағаттау харам, ал әулиелерге тіл тигізу мұсылмандықтан айыратын іс болса керек, себебі Алла Тағала құдси хадисте: «Кімде-кім менің уали (әлие) құлдарыма қарсы келсе оларға соғыс жариялаймын», − деуде [20].
Сөзімізді үлкен тасаууф ғалымы Абдул Қадыр Гайлани- дың (р.а.): «Біздің жол Құран және хадиске негізделген жол. Кімде-кім Құран, хадистен ауытқыса олар бізден емес», − деген сөзімен аяқтамақпыз. Осы айтылғандар тасаууф ілімі мен шынайы сопылар жөнінде ақиқатты көруге жол салады деген ойдамыз.
Әдебиеттер
1 Абу Аббас Разуқ. Қауағиду әт-Тасаууф. «Кутуб әл-илмия» баспасы, 2005 ж.
2 Абу Нугайм әл-Асфахани. Хиляту әл-Әулия. «Фикр» баспасы, 1996 ж.
3 Имам ибн Ужайба. Миғражуташаууф ила илми әт-тасаууф. «Фатх» басбасы, 2008ж.
4 Саид Журжани. «Тағрифат» баспасы.
5 Мұхаммед Фатхалла Гулен. Калбин зумред тепелери. 1-том. Ніл баспасы, 2011.
6 Имам Шазули. Шазилия тариқатынын имамы. Жылы көрсетілмеген.
7 Ибн Халдун. Муқаддимату ибн Халдун. Тауфиқия баспасы,2010.
8 Абу Аббас Разуқ. Қауағиду әт-Тасаууф. «Кутуб әл-илмия» баспасы, 2005.
9 Абдалла ибн Сиддиқ. Иғлам бианна тасаууф мин шариғат Ислам. Турас Имария баспасы, 2004.
10 Имам Абу Қасым Қушайри. Рисалату Қушайрия. Китап араби баспасы, 2003.
11 Ақида ілімінің негізгі қарастыратын тақырыптары: Илаһият, Нубууат, Самғият.
12 Тануир ал-Қулуб. Ғизау албаб ли-шархи манзуматил-адаб (Сафарини). Жылы көрсетілмеген.
13 Имам Ғазали. Ал-мунқиз мин далал. Кутуб әл-илмия ба-спасы, 1988.
14. Шейх Хамид Сиғар. Нуру тахқиқ фи сиххати ағмали тариқ. Талиф баспасы, 1970.
15 Имам Зарқани. Хашятуаллама ала адауи ала шарх имам Зарқани. Кутуб әл-илмия баспасы, жылы көрсетілмеген.
16 Имам Ажлуни. Кашфу хафауамузи лилбасамма- уштуһира мин ахадис ала алсинатин-нас. Қудси баспасы, 1351 һ.
17 Имам Шатиби. Иғтисам. Китаб Араби баспасы, 1417 һ.
18 Имам Суюти. Таййду ал-хақиқа ал-алия. Кутуб әл-илмия баспасы, жылы көрсетілмеген.
19 Имам Науауи. Мақасид Имам Наууауи фи-таухиду аибадату усулутасаууф. Башаир баспасы, жылы көрсетілмеген.
20 Аль-Бухари М. Сахих хадистер жинағы. Умма баспасы, 2003.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.