Әйеліме лайк басшы, бауырым!
Айбек, 25 жаста
Меніңше, «әйеліңді бүкіл жұртшылыққа көрсету» деген сөз дұрыс емес, тіпті дөрекі. Мен оны көрсетіп жатқан жоқпын, жай ғана ел-жұрт менің отбасылық бақытыма куә болсын деп, өзімнің парақшамда оның суреттерін жариялаймын. Менің ғана емес, біздің бақытымыз дегенім дұрысырақ болар, себебі, ол да бақытты. Біздің бақыттан басымыз айналып жүргені соншалық, мұны жасыра алмаймыз. Томаға-тұйық адамдар ғана бәрін жасырып жүреді емес пе, бірақ, тұйық адамдар әдетте ызалы, кекті болады. Жайдары болу керек – сонда адамдар саған лайк басады.
Менің әйелімнің суретіне біреу зер салып қарап, еркектің әйелге қарағанындай сұқтанбайды деп ойлаймын. Мен мұны мүлде ойламаймын. Ойлайтын болсам, дегбірсізденіп, мазам қашады. Шайтан мені азапқа салады, оған желеу бермеу керек.
Арсен, 29 жаста
Менің әйелімнің суреттеріне лайк басатын еркектер нәпсі және ынтықтық деген сезімнен ада. Олар – өресі биік, аса өнегелі жандар. Негізі, үйленген еркек өзінің әйелінен басқа әйелді көрмейді. Ал, бойдақ еркектер тек тұрмыс құрмаған қыз-келіншектерге ғана қарайды. Еркектер өзі сондай ғой.
Арсенмен келісемін. Барлық еркектердің моногамды екендіктері – медицинада әлдеқашан дәлелденген дүние. Оның үстіне, олар үшін сезімнің маңызы зор. Еркек өзі жақсы көрмейтін әйелге еркектік көзбен қарай алмайды. Еркектер махаббатсыз өмір сүре алмайды, бірақ, олар өмірінің ақырына дейін бір ғана әйелді сүйіп өтеді. Соны немесе өзінің әйелін.
Менің әйелім суреттерін желілерге өзін басқа еркектерге көрсету үшін шығармайды. Ол өзінің суреттерін тек әйелдерге ғана көрсету үшін шығарады. Егер оны еркектер кездейсоқ көріп қалып, бағалап жатса, оған ол кінәлі емес. Ол барлық еркектерді бақылауда ұстап отыра алмайды ғой. Ол тек мені ғана бақылауда ұстай алады. Ал, мен оны, өкінішке орай, бақылауымда ұстай алмаймын.
Күйеуімнің орнына мен жауап берейін, себебі, менің де ол сияқты дауыс беру құқығым бар. Исламда әйелдің құқықтары өте көп. Мен соны күллі әлемге дәлелдегім келеді. Ал, күйеуіме әлдеқашан дәлелдеп қойғам. Исламды өзіңнің нәпсіңе сәйкес бейімдеудің қажеті жоқ. Ислам әйелдің құқықтарына ерекше көңіл бөледі. Ол біреудің қызы болса, әкесіне Жәннаттың есігін ашып береді. Біреудің жары болса, ерінің иманын толықтырады. Біреудің анасы болса, Жәннат оның аяғының астында. Әйел еркектің қабырғасынан жаратылған. Қорлық көретіндей аяғынан жаратылмаған. Басым болатындай басынан жаратылмаған. Онымен тең болуы үшін, бір қатарда жүруі үшін бүйірінен жаратылған. Еркек оны қорғап жүруі үшін оның қолының астынан жаратылған. Сүйікті болу үшін жүрегінің тарапынан жаратылған! Қысқасы, мен не айтайын деп тұр едім? Жә, ол маңызды емес. Ең бастысы, біз теңбіз.
Қазіргі әйелдер өте пәк, ар-ұяттарын таза сақтайды және қылымсу дегенді білмейді де. Менің әйелім де сондай. Егер қандай да бір бөтен еркек оның суретіне лайк басып жатса, бұл оның жүрегіне титтей де әсер етпейді. Өйткені, оның жүрегінде тек қана мен, біздің балаларымыз және менің анам бар.
Қуандық, 35 жаста
Бәлкім, 7-ші ғасырда сахабалар үшін қызғаныш деген мақтауға лайық қасиет болса болған шығар. Бірақ, ол кезде заман басқа болатын – ешкімге сенуге болмайтын: әйеліңе де, досыңа да. Ал, қазір заман өзгерді, адамдар адамгершілік, адалдық тұрғысынан әлдеқайда жақсарды, көңілдері кіршіксіз бола түсті. Қайда көз салсаң да, инабаттылықты, өнегелілікті көресің. Бала алдырту, опасыздық деген атымен жоқ. Тіпті кейде жалығып та кетесің.
Қызғаныш – кемістік сезімі. Ол адамның өз-өзін толыққанды сезінбегенінен, бойындағы кемшіліктерден ұялуынан туындайды. Әйелін бөгде еркектердің назарынан қызғанатын еркек – бәсекелестіктен қорқатын, өз-өзіне сенімсіз адам. Ондай еркек әйеліне де сенімсіз болады. Мықты еркек әйелін көрсетуден қорықпайды және оған суреттерін бүкіл елге көрсетуге тыйым салмайды. Өйткені, ол өзіне де, әйеліне де сенімді болады. Сондай-ақ, шайтаннан да қорықпайды. Әйелі де шайтаннан қорықпайды. Негізі, олар шайтанмен жақсы қарым-қатынаста болады.
Ғаламторда менің әйелімді өзінің компьютеріне сақтап, түні бойы соған қарап жататын азғындар бар деп ойлайтын адамның – өзі азғын. Ол басқалар жайлы пікірді өзіне қарап қалыптастырады. Ол өзі солай істейтіндіктен, бізді солай қорқытпақ болады. Біз оларға қорқатынымызды көрсетпеуіміз керек. Егер оларға осалдығымызды көрсетсек, ертең әйелдерімізді ғана емес, қыздарымызда да ғаламторға шығара алмай қаламыз.
Менің ойымша, әйеліме өзге еркектердің қарағанында тұрған ештеңе жоқ. Несін аяймын? Сараңдық – Исламда өте құпталмайтын іс. Ол өзімшілдіктен туындайды, ал, мұсылман дегеніміз – өзінің өзімшілдігімен, нәпсісімен джихад жүргізетін адам. Оның үстіне, өзіңе тілегенді бауырыңа да тілеу иманның кәмілдігін білдіреді. Сол себепті, мен барша бауырларымызға менің әйелімдей әйелдері болуын тілеймін.
Әйеліме немесе біздің отбасылық бақытымызға көз тиеді деп қорықпаймын. Себебі, бізде отбасылық бақыт деген атымен жоқ, сол үшін көз тиетін де дәнеме жоқ. Әйеліме де оңайлықпен көз тие қоймайды, оған әлдеқашан біреудің көзі тиіп болған. Мен оған үйленген бойда-ақ ертеңіне оған біреудің көзі тиді. Мүмкін, оны ата-анама тым қатты мақтаймын деп, өзім көз тигізіп алған шығармын. Құдайым-ау, мен қандай ақымақ болған едім, құдайым-ау... Қысқасы, мен көз тиюден қорықпайтын болғалы қашан.
Мен әйелімнің әлеуметтік желілерде немен айналысатынын аса қадағалай бермеймін. Егер ол суретін желіге шығаруды қажет деп тапса, демек, солай болуы керек. Өйткені, менің әйелім өте ақылды, тіпті менен асып түседі, сол себепті, мен оған ләм-мим деп ауыз аша алмаймын. Кейде ол маған бейнебір кутуб әс-ситтаның барлық жинақтарын жаттап алғандай көрінеді. Мен оған ескерту жасасам, ол маған он ескерту жасайды және бәріне дәлел келтіріп береді. Менің әйелім әрдайым дұрыс істейді, сол үшін мен оны жанымдай жақсы көремін.
Менің жұбайыммен бір шаңырақтың астында өткізген бірнеше жыл ішінде түсінгенім, әйеліңе көп тиісе бермесең, өзіңнің құлағың тыныш, өмірің ұзақ болады екен. Әйелім телефон, планшетник шұқып, әлемеуттік желілерде отырғанда үйдің ішінде мамыражай тыныштық орнайды. Соған көңілім жайланып, жаным рахаттанады-ай. «Тыныш жатқан жыланның құйрығын баспа» дейді. Ол суреттерін ғаламторға шығара ма, басқа ма, білгенін істесін. Әйтеуір менің жүйкемді жұқартпаса болды.
Менің әйелім бұл дүниеде өте маңызды миссияны мойнында көтеріп жүр, исламдық сән миссиясын. Ол жұртшылыққа мұсылмандардың өте сәнді және заманауи екенін дәлелдеуге көп көңіл бөледі. Мұсылмандар әрдайым біреулерге бірдеңе дәлелдеп жүруі тиіс, біз сонда ғана табысқа қол жеткіземіз. Біз өркениетті адамдардың талаптарына сай бейімделуіміз қажет, олар бізді сонда ғана мойындайды ғой. Сондықтан, біз хиджабтың өркениетті адамдарға ұнайтын түрлерін ойлап тауып, сондай хиджабтарды киюіміз керек. Ол кең шалбар мен биік өкшелі аяқ-киім және қынама бел көйлектер, ашық түсті орамалдар болуы мүмкін, құлаққа әдемі сырға тағып, сол орамалдардың астынан шығарып қойса тіпті тамаша, содан соң жеңіл-желпі макияж жасауға болады. Менің әйелім осы міндетті тамаша атқарып жүр.
Әйелімнің суреттеріне неғұрлым көп еркек лайк басқан сайын, мен де өзімді соғұрлым жақсы сезінемін. Біріншіден, бұл оның шынымен де көрікті екенін білдіреді. Екіншіден, бұл менің талғамымның жақсы екенін дәлелдейді. Үшіншіден, соған қарап, мен басыма үлкен бақ қонғанын түсінемін. Төртіншіден, мен жолымның болғанын түсінгенде Аллаға мақтау-мадақ айтып, шүкірлік етемін. Осылайша, әйелім өзінің суреттерін желіге шығару арқылы маған Алланың берген рақымдарын есіме салады. Бұл керемет емес пе? Сондықтан, әйеліме лайк басшы, бауырым! Ол соған лайық!
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.