Зекет беру – парыз
Дініміздің парыздарының бірі – зекет. «Зекет» сөзі қазақ тілінде «көбею, өсу, тазару, мақтау және берекет» деген мағыналарды білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы: «Дініміз бойынша әл-ауқатты, бай болып саналатын мұсылманның, дүние-мүлкінің белгілеген мөлшерін, ешқандай пайда, мүдде күтпестен, шариғатта айтылған жәрдемге мұқтаж жандарға беру» дегенге саяды.
Зекет сөзі, Құран Кәрімнің 30 жерінде намазбен бірге айтылуы, зекет берудің ерекше ғибадат, мәні мен маңызының зор екендігін білдіреді. Сондықтан әрбір мұсылманның зекетке қатысты мағлұматтарды біліп, үйреніп, амалға асыруы міндетті болып табылады.
Олай болса зекет нелерден беріледі, соған тоқталайық. Зекеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттіліктер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.
Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисап көлемі:
Алтында: жиырма динар, яғни, 85 грамм;
Күмісте: екі жүз дирһам, яғни, 595 грамм;
Түйеде: бес;
Сиырда: отыз;
Қой мен ешкіде: қырық;
Сауда заттарында: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса;
Құнды қағаз яғни, ақшада: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса;
Ұшыр яғни, бау-бақша және егіс өнімдері.
Алла Тағала адамдарға әр түрлі сынақ түрлеріне салып қойған. Біреулер байлықпен сыналса, енді біреулері кедейлікпен сыналады. Кедейдің міндеті шүкіршілікпен сабыр сақтау болса, байдың міндеті өз қолындағы аманатты мұқтаждармен бөлісу.
Алла Тағала Құранда: «Олар қолдарындағы мал-мүліктерде қайыр-садақа тілеген пақырлар мен садақадан мақұрым қалған кедейлердің де ақысы бар екенін ұмытпайтын» (Зарият сүресі, 19-аят). Ал, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Малыңның зекетін бергенде кедейдің малыңдағы ақысын төлеген боласың» дейді (Тирмизи). Зекет беруге жағдай жеткен мұсылманның байлықтарының бір бөлігін беру арқылы қалған дүние-мүліктерінің кірін жуып, тазалау болып табылады. Зекеттің берілуімен қоғамда тұрақтылық, әділеттілік пайда болады. Байдың дәулеті тазарып, мал-мүлкі толығымен иесіне адал болады. Бұған дәлел: «… Зекет бергендер де тазарып құтылды» (Мүминун сүресі, 4-аят) деген аятқа назар аударғанымыз жөн. Зекет берген кісі мен алған кісінің арасында сүйіспеншілік пайда болып, әрі жақындық күшейе түседі. Кәміл иман иелері жомарттық танытып дәулеттерін зекет-садақа тарату арқылы немесе басқа қайырымдылық шараларымен нығайта түседі. Адам баласы жаратылғаннан бері әлеуметтік жағдайға байланысты бай-кедей теке тіресі жалғасып келе жатыр. Көбінесе кедейлер байларға кек сақтап қызғанышпен қараған, ал байлар болса, кедейлерді төмен санап тәкаппарлықпен менсінбеушілік танытқан. Ал, дініміз ислам қоғамда қамқорлық, мейірімділік және бауырластықты үгіттеумен зекет беру, садақа тарату және әр түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастушысы болып әлемге сәулесін төккен. Қазіргі таңда ауқатты мұсылмандар зекеттерін толық есептеп берген жағдайда мемлекетіміздегі мұқтаж жандардың сандарының азаюына және кедейлік қамытынан айығуына себеп болар еді.
Ислам тарихына үңілер болсақ: «Халифа Омар ибн Абдуләзиз дәуірінде қала әкімдері «зекет алатын ешкімді таба алмағандықтарын» білдіріп халифадан ақыл сұраған. Өйткені, бүкіл байлар зекетті уақытылы беріп отырған. Сондықтан, Омар ибн Абдуләзиз дәуірі төрт халифадан кейінгі ең жарқын дәуір деп саналады».
Құран Кәрімде: «Ей, адамзат! Барлықтарың Аллаға мұқтажсыңдар. Ал, Алла (барлық нәрседен) мұстағни (яғни ешбір нәрсеге мұқтаж емес) және мақтауға өте лайық» (Фатыр сүресі, 15-аят). Осы аяттың тәпсірі бойынша, дүние-мүлік бір адамға немесе мемлекетке тиісті емес, тек қана Аллаға тиісті. Оны өзімдікі деп меншіктеніп алғандарға Алла Тағала былай айтқан: «…Алтын мен күмісті жиып алып оларды Алла жолында жұмсамағандар бар ғой, міне, соларды күйзелтуші азаппен сүйіншіле!» (Тәубе сүресі, 34-аят). «(Дүние-мүліктер) тозақ отында қыздырылады да сонымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын күн (оларға былай айтылады:) «Міне, осы өздерің үшін жинаған байлықтарың. Ал енді жинап жатқандарыңның дәмін (азабын) татыңдар!» (Тәубе сүресі, 35-аят).
Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Әр күні таң уақытында екі періште жер бетіне түседі. Бұлардың біреуі «Уа, Алла Тағалам! Мал-мүлкін хақ жолында жұмсағанға мал-мүліктің жаңасын бере гөр! - деп дұға етеді. Екіншісі: «Уа, Алла Тағалам! Сараңдық жасағанның мал-мүлкін жоқ ете гөр! - деп қарғыс бата береді» (Мүслим, Зекет). Осы хадистен ғибрат алған тақуа жандар: «Халалдың есебі, ал харамның азабы бар» деп дүние-мүліктеріне мен аманат иесімін деп мұқияттылықпен қараған.
Ислам қоғамында сараң әрі өркөкірек байлар мен өтірікші әрі ашкөзділік танытқан кедейлер де болатындығын айтқан Пайғамбармыз (с.ғ.с.) аздыратын байлықтан және тура жолдан тайдыратын кедейліктен Аллаға былай сыйынған: «Уа, Раббым! Кедейліктің және байлықтың фитнасынан, яғни жамандығынан саған сыйынамын» (Мүслим, Зікір 44) - деп дұға ететін. Алла Тағала берген әрбір нығметіне шүкіршілік жасағандардың ырыздық-нәсібесін арттыра беретіндігін Құранда былай айтқан: «Егер шүкіршілік етсеңдер, сендерге берген игіліктерімді арттырамын…» (Ибраһим сүресі, 7-аят).
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің сан-салалы қызметі аясында негізгі жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық береді. Соның бірі – қайырымдылық. Қайырымдылық іс-шарасы ҚМДБ жанынан құрылған «Зекет және қайырымдылық» қоры арқылы жүзеге асады. Қоғамда әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар, отбасылар көбінесе мешіттерден жәрдем сұрайды. Мешіттер көңілі қаяу жандарға көмек беру үшін зекет, садақа беретін жомарт адамдарды қайырымдылыққа ұйымдастырып көптеген ізгі шаралардың ұйытқысы болады. «Зекет және қайырымдылық» қоры, жылда ұйымдастырып келе жатқандай биыл 2021 жылы республика бойынша жылдық жоспар әзірлеп өңірлердегі 19 өкілімен зекет және қайырымдылық іс-шараларын бастап кетті. Биылғы ауқымды қайырымдылық әс-шаралардың басында: «Тайқазан» жобасы, «Жылулық сыйла» акциясы, «Көшпелі қайырымдылық керуені» жобасы, «Ел үлесі пәтерге» акциясы, «Жетім көрсең жебей жүр» жобасы, «Шарапатты рамазан», «Бақытты балалық шақ», «Раббың үшін құрбан шал», «Мектепке жол», «Қазыналы қарттарымыз», «Берекелі нан», «Алтын алқалы анаға тосын сый», «Үміт сыйла сәбиге» сияқты т.б. жобалар қолға алынған. Бұл жобаларды халық болып, жамағат болып, қолы ашық жомарт жандар болып бірге ат салысайық.
«Зекет және қайырымдылық» қоры тәжірибелік және біліктілігімен қайырымдылық көрсетемін деген азаматтарға қолайлы мүмкіндік жасаған. Қордың басты ұстанымы – шариғат талаптары бойынша зекет-садақа беру дәстүрін қалыптастыру, зекетті шариғи жолмен таратуда ашықтықты қамтамасыз ету болып табылады.
Саясат Көкенай,
Алматы қаласы «Байкен» мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.