ЗЕКЕТ - НАМАЗДЫҢ ҚОРҒАНЫ
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғанда кеше ғана ру-ру, ауыл-ауыл болып мұсылмандық қабылдағандар діннен шыға бастады. Біреулері біржола кетсе, кейбір ауылдар: «Зекетті пайғамбарға бердік. Ол бақилық болды, енді ешкімге бермейміз», - деп малының ақысын беруден бас тартты.
Сындарлы шақта сахабалар мұсылман болып қалғаны дұрыс, зекетін бермесе бермесін дегендей ой айтты. Өйткені, сол шақта мұсылман қоғамына үлкен қауіп төніп тұрған. Алайда, Әбу Бәкір Сыддық (р.а.): «Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) беріп жүрген малының бас жігін маған бермейтін болса, олармен соғысамын. Зекет – малдың ақысы. Намаз бен зекеттің арасын бөлген әрбір адаммен соғысамын», – деп, намаз бен зекет егіз құлшылық екенін ұғындырған еді.
Зекет – асыл дініміздің үшінші негізі. Құранның көптеген аяттарында намаз бен зекет қатар жүреді. Зекет – тазару мен көбею деген мағынаны білдіреді. Шынымен-ақ, зекет кісінің мал-дүниесін тазартып, оның еселеп көбейетіндігіне зор септігі бар. Алла Тағала: «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан тазарт, әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол...[1]», – дейді пайғамбарымызға.
Зекеттің сырын ашатын отызға жуық аят бар. Алла Тағала зекетті адамдардың мүддесі мен игілігі үшін парыз еткен. Зекет қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық мәселені шешудің тетіктерінің бірі. Әрі бұл барлық үмбеттерге ортақ парыз болған. Құран Кәрімде: «...Сөйтіп, оларға қайырлы да игі істерді істеуде, намазды кемеліне жеткізіп оқуды және зекет беруді уахи еттік...[2]», – деген аят соны білдіреді.
Зекеттің әлеуметтік мәселемен қатар қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қасиеті бар. Бай-дәулетті және кедейлердің арасын жақындату арқылы ұрлық, тонау және де басқа қылмыстардың алдын алады. Бұған қоса, қоғамның моральдық келбеті мен адами құндылықтардың дәріптелуіне үлкен септігі бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырына қиын-қыстауда қол ұшын берген адамға Алла Тағала жәрдемін үзбейді. Мұсылманның уайымын бөліскеннің Алла қияметтегі қиыншылығын жеңілдетеді...[3]», – деп, қоғамда қайырымдылық пен бір-біріне көмек берудің қаншалықты маңызды екенін айтуда.
Омарұлы Абдулла (р.а.): «Алла Елшісімен бірге мешітте он кісі болып отырған едік. Ансарлық бір жігіт: «Уа, Алла елшісі! Мұсылманның қайсыбірі абзал?», – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Мінез-құлығы жақсысы», – деді. «Ең ақылдысы кім?», – деп еді: «Өлімді көп ойлап, соған дұрыс қамын жасайтыны», – деп жауап берді. Сосын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, мұхажирлер! Бес қасірет бар. Сол күнді сендер көрмесе екен деп Алладан тілеймін. (Біріншісі) Ел арасында арсыздық пен азғындық ашық белең алса, онда олар бұрын-соңды көрмеген түрлі ауру мен обаға душар болады. (Екіншісі) Сауда-саттықта таразыдан алдайтын болса, азық-түлік жетіспеушілігіне тап болады, (үшінші) мал-мүліктің зекетін бермейтін болса, жаңбыр жаумай қуаңшылық жайлайды...[4]», – деген еді. Демек, зекетке салық деп қарау қателік. Бұл иләһи заңның бір тетігі. Ол бұзылса, зардабын зекет беруден бас тартқан адам емес, жаппай қоғам тартады. Сондықтан да, бұл парызды дұрыс насихаттау міндетіміз.
Айша анамыз: «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым: «Уа, Алла! Тозақтан, тозақтың азабынан пана тілеймін. Байлықтың бүлігінен және кедейліктің бүлігінен Сенен пана тілеймін», - деп дұға етуші еді[5]», – дейді. Кедейліктен көз ашпаған адам Құдайын ұмыта бастайды. Байларға да іштей наразылығы туындап, іштарлық отына өртенеді. Кейде, тиын-тебен үшін ар-намысын қор етуге де баруы ықтимал. Міне, осылайша кедейлік пен жоқтық күпірлік болмаса да, соған жетелейді.
Демек, зекет – дінімізің тірегі. Бұл ғибадаттың ғибратты тұстары өте көп. Жаппай қоғамды түзейтін факторымен қатар жеке адамның да бойындағы сараңдық, дүниеқұмарлық сияқты иманға залалы бар жат мінезді түзейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мал-дүниеңнің зекетін өтесең, бойыңнан мал-дүниенің зиян тұсын алып тастағаның[6]», – деген. Зекетке бай-дәулетті адамның кедейге беретін ақысы деп қарау керек. Міне, ислам экономикасы басқа қаржы жүйелерінен ерекшелігі ешбір әлеуметтік жүйеде кездеспейтін жеңілдігінде және адами құндылықтарды сақтауында. Хадисте: «Мал-дүниелеріңді зекетпен қорғаңдар, науқастарыңды садақамен емдеңдер және қиыншылық толқынын дұға және мінәжатпен қарсы алыңдар», - деген ереже осының бір көрінісі болмақ.
[1] Тәубә сүресі, 103-аят.
[2] Әнбия сүресі, 73-аят.
[3] Бұхари.
[4] Ибн Мажа
[5] Бұхари
[6] Хаким
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.