Жақсы сөз – жан азығы
Алла Тағала адамды көркем бейнеде жаратқаны ақиқат. Бұл жерде тек дене-бітімімізді, жан дүниемізді ғана емес, бізге берілген ойлау, көру, есту, сөйлеу сынды қасиеттерді де меңзеп отырмыз. Соның ішінде, сөз арқылы өз ойларымызды жеткізу қабілетінің орны бір бөлек.
Бұл туралы Құранда: «Мейірімді Алла. (Ол)бізге Құранды тағылым етті. Адамзатты жаратты. Оған (сөз) сөйлеу қабілетін дарытты»[1] делінген.
Сөздерді саналы түрде айту мүмкіндігі, бізді өзге тіршілік иелерінен ерекшелеп қана қоймай, адам ететін қасиеттердің бірі. Сөйлеу нығметі үшін біз Жаратушы Аллаға шүкір етіп қана қоймай, тек жақсы һәм ізгі сөздер айтуға тырысуымыз керек.
Осы мәселеге қатысты Құранның бір аятында «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер»[2] деп келсе, екінші бір аятында: «Құлдарыма айт! “Ең сыпайы түрде сөйлесін. Өйткені, шайтан араларына бұзақылық салар. Расында шайтан адамдар үшін ашық дұшпан”»[3] - деп бұйырылады.
Ардақты пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»[4], - деген хадисі де жақсы сөздің дәрежесін айшықтап тұрғаны сөзсіз.
Өміріміздің барлық саласындағы қарым-қатынастар сөз арқылы жүзеге асады. Адам баласы өзінің дәрежесін сөз арқылы анықтайды.Шынында да, балағат, келеңсіз сөздер айту арқылы адам жүрегі қатайып, дәрежесі түседі. Себебі, жүрек пен тілдің арасында жол бар.
Керісінше, ойымызды жүйелеп, әр сөзімізді салмақтап, саралап сөйлеу арқылыөзіміздің ғана емес, өзгенің де жан сарайын ашуға, күш-қуат беруге мол мүмкіндігіміз бар. Сол себепті болар, дін мен дәстүрі сабақтасқан қазақ халқының дүниетанымында ақ батаға, ізгі тілектерге ғана емес, әр айтылған сөзге мән беріледі.
Осы тұста Бөлтірік шешеннің баласына айтқан өсиеттерін келтіруді жөн көрдік:
«Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады».
«Жатқа сөйлеме, жаманға сөйлеме. Асырып сөйлеме, батырып сөйлеме. Жасқа сөйлеме, масқа сөйлеме, ұрыға сөйлеме, қараға сөйлеме. Жаман сөзден жақсы сөз дұрыс. Жаманға айтқан сөзден, жақсыға айтқан сөз дұрыс. Ойсыз сөзден ойлы сөз дұрыс. Ойсызға айтқан сөзден, ойлыға айтқан сөз дұрыс. Айтылмай қалған сөзден, айтылып қалған сөз дұрыс. Сөйлемес жерде сөйлемей қалуды білсең, бәрінен де сол дұрыс. Олай болмаған жерде, қанша асыл деме, сөзіңнің алды бұрыс, арты – ұрыс».
Көріп отырғанымыздай қай жерде, кімге, қалай және не туралы сөйлеу керектігін алдын-ала ойластырып жүруіміз керек. Бұл бізді қиын жағдайға түсуден қорғайды.
Ғұламалар көркем мінез бен жылы сөз жүректің кілті деп бекер айтпаған. Дініміздегі әдептілік ережелері бізді әрдайым жылы шырай танытып, жақсы сөз айтуға үндейді.
«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, адамдарды да жұмсақ һәм жақсы сөз айту арқылы қарата аламыз. Осы тұста Қасиетті Құрандағы: «Екеуің Перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шыққан. Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар»[5], аяты біз үшін анық үлгі бола алады.
Ата-бабаларымыздан қалған «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөз – жан азығы», «Жанды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Ауыр істің салмағы білекке түсер, Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер» және өзге де нақылдар кез-келген сөздің бір жағынан үлкен күшке және сонымен бірге үлкен қауіпке де ие екендігін көрсетеді.
Жақсы сөздің де садақа екенін ұмытпай, Аллаға шын жүректен иман келтірген мұсылмандар ретінде, ойымызды түзеп, әр сөзімізді көркем етуге міндеттіміз.
Алла Тағала баршамызға тек жақсы сөз сөйлеп, жылы шырай танытатын құлдарынан болуды жазсын. Әмин!
Болатбек АБУОВ,
Қызылорда облысының бас имамы
[1] «әр-Рахман» сүресі, 1-4 аяттар
[2] «әл-Ахзаб» сүресі, 70-ші аят
[3] «әл-Исра» сүресі, 53-ші аят
[4] (Бұхари, Мүслим)
[5] «Таһа» сүресі, 43-44 аяттар
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.