Ж.ХАСАНОВ: Кітап оқудың пайдалары
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағала Құран Кәрімнің «Алақ» сүресінің 1-аятында: «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы» деп бұйырады. Яғни Жаратушы Иеміздің адам баласына айтқан ең бірінші әмірі мен бұйрығы – «Оқы» деген сөз. Бұл аят бізге адам баласы бір нәрсені түсіну үшін, адамда сол нәрсе туралы білім болу керектігін ұғындыруда.
Оқу – Алла Тағаланың адам баласына берілген ең ұлы нығметтердің бірі. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде: «Құранды үйреттік», - деп баяндайды (Рахман-2). Яғни аятта Алла Тағала адам баласына оқуды үйреттік дейді. Сондықтан асыл дініміз адам баласын көп оқуға, білімді болуға, адамдарға пайдалы ғылыммен айналысуға үндейді.
Кітапты көп оқу – ол адамның ой-өрісін кеңейтеді, білімін жетілдіреді, сөздік қорын көбейтіп, сөйлеу мәнерін дамытады. «Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен түркі халқының ұлы ойшылы Әлішер Науаи. Расында қай ғасырда болмасын кітаптың алатын орны бөлек. Адамның кемелденуіне бірден-бір себеп болатын нәрсе ол – кітап оқу. Қаншама дамыған технологиялар шықпасын, бірақ олардың ешқайсысы кітаптың орнын баса алмасы анық.
Кітап оқып жүрген адамның күні қашанда жарық.
Негізінде кітап оқу арқылы логикамызды дамыта аламыз, кітап оқу терең әрі өткір ойлауға септігін тигізеді. Сондай-ақ сөйлесу барысында кітап оқушы адам өз ойын түсінікті әрі анық жеткізе алады. Ұйқысыздық мазалаған адамды немесе керісінше өмірінің көп бөлігін ұйқымен өткізетін адамға кітап оқу, осы екі жағдайданда да құтылуға көмектесетін бірден бір құрал. Кітапты өзіне дос еткен адам өзіне сенімді жүреді, көпшілік алдында немесе ұстазының алдында өзінің ойын, оқыған білімін қысылмай, тосылмай жеткізе алады. Осылай кітапты көп оқу арқылы жеткен білімін, белсенділігін көрсеткен адам, көпшілік алдында құрметке ие болады. Кітап оқу адамның білімді болуына үлкен үлес қосатын амал болғандықтан кітап оқу және ілім үйрену тақырыптары бір-бірімен тығыз байланысты. Ата бабамыз «Оқу білім бұлағы» деп бекер айтпағаны анық. Ал білім үйренуге келсек, білімге кітап оқусыз жете алмасымыз да шындық.
Білім үйрену жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дейді: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен» деп насихат қалдырған.
Адам баласы білімге құштар болса оның құштарлықпен жинаған білімі міндетті түрде өміріне пайдасын береді. Адам білімді болса халық оған құрметпен қарайды, сыйлайды, сондай-ақ ол адамдар арасында үлкен беделге ие болады. Міне бұл білімді адамның сипаты.
«Білім – бақтың жібермейтін қазығы» демекші, жақсы білім адамға бақыттан басқа ешнәрсе әкелмейді. Тақырыбымыз кітап оқу болғандықтан кітап оқудың адам баласына тигізетін бірнеше пайдаларын ұсынамыз:
- Кітап оқу – жады мен ойлауды дамытады. Яғни, көп кітап оқыған адам жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Бір мәселені шешу үшін ұзақ уақыт ойланып қиналмайды.
- Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзін тануға көмектеседі.
- Кітап оқу – талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді.
- Кітап оқу – көптеген табыс пен жетістіктің ең басты негізі.
- Кітап оқу – адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады.
- Кітап оқу – сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады.
- Кітап оқу – адам бойында бұғып жататын шығармашылық қабілеттерді дамытады.
Осылайша кітап оқудың пайдаларын, оның адам баласына пайдалы артықшылықтарын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Кітапты көбірек оқуға Алла жеңілдік берсін, Алла Тағала баршамызға екі дүниеде пайда беретін білім нәсіп етсін. Әмин!
Дайындаған Жақсылық ХАСАНОВ,
Алматы қаласы "Әл-Мадина" мешітінің азаншысы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.