ЖҰМА МІНБЕРІ: Салиқалы әйелдің сипаты
КІРІСПЕ:
Алла Тағалаға сансыз мадақ мен шексіз шүкіршілік болсын. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын.
Жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес, әрқайсысы өзіне тән қасиеттермен ерекшеленеді. Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Алла Тағала еркек-әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі әйел яки еркек етіп жаратар еді.
Еркек пен әйел табиғатындағы өздеріне ерекшеліктерімен екеуі бір-бірін толықтыра түседі. Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Әйел денедегі жүрек болса, еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары яки ақыл жүректен артық деп айту мүмкін емес. Екеуі өз міндеттерін атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра алады.
- ҚҰРАН АЯТТАРЫ:
Бірінші аят:
لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ
«Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық»[1].
Қысқаша түсіндірмесі: Яғни, адам баласын өте көркем, сұлу бейнеде жараттық. Бойына көркем сипаттарды дарыттық. Оның көркем түрде жаратылғанының белгісі – дене-мүшелерін кемшіліксіз жаратып, ерекше үйлесімділік берген. Оны тек көркем жаратып қана қоймай, оған түсінік, ілім, ақыл, пайым, сөйлеу, әдептілік қабілеттерін бердік. Мужаһид «керемет бейнеде»деген Құран аятындағы сөзді: «ең жақсы түрде, жаратылғандардың кемелі» деп, түсіндірген.[2]
Екінші аят:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُوا رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَخَلَقَ مِنْهَا زَوْجَهَا وَبَثَّ مِنْهُمَا رِجَالًا كَثِيرًا وَنِسَاءً
«Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар»[3].
Қысқаша түсіндірмесі: Сендерді бір атадан жаратқан (Адам (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар) Алладан шынайы түрде қорқыңдар. Сол адамнан барша адамзаттың анасы Хауаны жаратты. Адам мен Хауадан бүткіл еркек, әйелден тұратын халықтарды өрбітті[4].
Үшінші аят:
لَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ ،
«Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар».[5]
Қысқаша түсіндірмесі: Бұл жердегі міндет – ер адамның жанұя напақасын табу, әйелге көркем мінезде қарым-қатынас жасау, зиян келтірмеу[6].
Төртінші:
فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِّلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللَّهُ ۚ
«Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынұсынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтықсыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқығын аяқасты етпей лайықты түрде сақтай білетін жандар»[7].
Қысқаша түсіндірмесі: Бұл аятта ер адамның қарамағындағы айелдің сипаты жайында баян етіледі. Алла Тағала Құранда екі түрлі әйел жайында айтқан: бірі – салиқалы бойұсынған әйел, екіншісі – бойұсынбайтын пасық әйел. Салиқалы әйел – ар-ұятты, отбасылық сырларды, отбасына тән абырой мен ерлері тапқан мал-дүниені сақтай білген әйел[8].
Бесінші:
وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِّتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحْمَةً ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ
Бой ұрып тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңы сүйіспеншілік, мейірім орнатқандығы да, оның белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін, мұнда көптеген ғибрат бар екені шүбәсіз.[9]
Қысқаша түсіндірмесі: Алланың шексіз құдірет иесі екенінің белгісі – өздерің тектес әйелдерді жаратуында. Әйел адамды жындардан, хайуандардан болған басқа мақлұқаттардан жаратпады. Әйелдің ер адамға ұқсатып жарату себебінен екеуінің арасында махаббат, сүйіспеншілік бір-біріне деген тартылыс күші орнаған. Аяттағы «сүйіспеншілік, мейірім» деген сөздерге қатысты ибн Аббас (р.а.): «Сүйіспеншілік» ер адам мен әйел адам арасындағы махаббат, «мейірім» бір-біріне деген жанашырлық, зиян тигізбеу» деп түсіндірген[10].
- ХАДИСТЕР:
Бірінші хадис:
Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте, жақсы әйелдің мәртебесі жөнінде Алла Елшісі ﷺ былай деген:
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: (الدُّنْيَا مَتَاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ)
«Бұл дүние өткінші бір ләззәт қана. Ал дүниедегі өткінші ләззәттың ең хайырлысы салиқалы, жақсы әйел» [11].
Екінші хадис:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:)إِذَا صَلَّتْ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا وَصَامَتْ شَهْرَهَا وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا قِيلَ لَهَا ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ )
Абу Хурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі былай деген:«Егер әйел кісі бес уақыт намаз оқыса, Рамазан айында ораза тұтса және ар-намысын қорғап, күйеуіне бойұсынатын болса, онда оған: «Жұмаққа қалаған қақпасынан кір»,деп айтылады»[12].
Үшінші хадис:
عَنْ أبي أمامة رضي الله عنه، قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:(قلبٌ شاكرٌ ولسانٌ ذاكرٌ وزوجةٌ صالحةٌ تُعينُك على أمرِ دنياك ودينِك خيرُ ما اكْتَنَزَ الناسُ)
Абу Умамадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі ﷺ былай деген: «Шүкір етуші жүрек, Алланы еске алатын тіл және сенің дүниелік әрі діни істеріңе көмектесетін салиқалы әйел, адамдар жиған-терген қазынадан әлдеқайда хайырлы»[13].
Төртінші хадис:
عن سعد بن أبي وقاص رضي الله عنه قال :قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:)مِنَ السَّعَادَةِ: الْمَرْأَةُ الصَالِحةُ تَرَاهَا تُعْجِبُكَ، وَتَغِيبُ فَتَأْمَنُهَا عَلَى نَفْسِهَا، وَمَالِكَ، وَمِنَ الشَّقَاوَةِ: الْمَرْأَةُ تَرَاهَا فَتَسُوءُكَ، وَتَحْمِلُ لِسَانَهَا عَلَيْكَ، وَإِنْ غِبْتَ عَنْهَا لَمْ تَأْمَنْهَا عَلَى نَفْسِهَا، وَمَالِكَ (
Сағд ибн Әби Уақастан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі ﷺ былай деп айтқан: «Бақытқа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңді көтеретін, жоқ болғаныңда оған оның өзін және мал-мүлкіңді сеніп тапсыратын – салиқалы әйел. Ал бақытсыздыққа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңе қаяу түсіретін, тілімен саған қарсы шығатын және жоқ кезіңде оған оның өзін әрідүние-мүлкіңді сеніп тапсыра алмайтын әйел»[14].
Бесінші хадис:
عن سعد بن أبي وقاص رضي الله عنه عن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال:(مِنْ سَعَادَةِ ابْنِ آدَمَ ثَلاَثَةٌ، وَمِنْ شِقْوَةِ ابْنِ آدَمَ ثَلاَثَةٌ، مِنْ سَعَادَةِ ابْنِ آدَمَ الْمَرْأَةُ الصّالِحَةُ، وَالْمَسْكَنُ الصّالِحُ، وَالْمَرْكَبُ الصّالِحُ، وَمِنْ شِقْوَةِ ابْنِ آدَمَ، الْمَرْأَةُ السّوءُ، وَالْمَسْكَنُ السّوءُ، وَالْمَرْكَبُ السّوءُ) .
«Адам баласын бақытты қылатын және бақытсыз ететін үш нәрсе бар. Адамды бақытты қылатын үш нәрсе: ізгі әйел, жайлы үй және жақсы көлік. Ал адамды бақытсыз ететін үш нәрсе: жаман әйел, жайсыз үй және жаман көлік»[15].
Алтыншы хадис:
عن أبي أذينة الصدفي أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: (خَيْرُ نِسائِكُمُ الوَدُودُ الوَلودُ، الْمُوَاتِيَةُ، الْمُوَاسِيَةُ، إذا اتَّقَيْنَ اللهَ، و شَرُّ نِسائِكُمُ الْمُتَبَرِّجَاتُ الْمُتَخَيِلاتُ، وهُنَّ الْمُنافِقَاتُ، لا يدخلُ الجنةَ مِنْهُنَّ إلَّا مثلُ الغُرَابِ الأَعْصَمِ).
Әбу Узайна әс-Садфи (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі ﷺ былай деген: «Әйелдеріңнің ең жақсысы – күйеуін жақсы көретін, жиі бала туатын, ерін мақұлдайтын әрі оған бойұсынатын әйелдер. Ал әйелдеріңнің ең жаманы – өзінің сұлулығын басқаға көрсететін және менменшіл-тәкаппар әйелдер. Олар – екіжүзді мұнафықтар тәрізді. Олардың тек, тұмсықтары немесе аяқтары қызыл түсті шәуқарғаларға ұқсаған аз бөлігі ғана жұмаққа кіреді»[16].
Жетінші хадис:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قِيلَ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ النِّسَاءِ خَيْرٌ؟ قَالَ: الَّتِي تَسُرُّهُ إِذَا نَظَرَ، وَتُطِيعُهُ إِذَا أَمَرَ، وَلَا تُخَالِفُهُ فِي نَفْسِهَا وَمَالِهَا بِمَا يَكْرَهُ .
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздан (ﷺ)бір кісі: «Қандай әйел ең жақсы?», – деп сұрағанда, Ол ﷺ: «Күйеуі оған қарағанда, оны қуантатын; ол оған бір нәрсе бұйырғанда, мойынсұнатын, өзіне және өзінің мал-мүлкіне қатысты бір нәрсе ұнамай тұрса да күйеуіне қарсы келмейтін әйел», – деп жауап берді[17].
- ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:
Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) былай деген: «Ер кісі, Аллаға иман келтірген соң, күйеуін жақсы көретін және көп бала туатын көркем мінезді әйелден артық еш нәрсе иеленген емес! Сонымен қатар ер кісі, Аллаға күпірлік келтірген соң, нашар мінезді және ашшы тілді әйелден жаман еш нәрсеге қол жеткізген емес!»[18].
Мужаһид (Алла оған разы болсын) былай дейтін: «Алла жолындағы күрес еркектерге бұйырылды, ал қызғану әйелдерге бұйырылды. Сондай-ақ сабырлық танытатын әйел, Алла жолында күресуші кісі алатын сауаптың жартысына ие болады»[19].
Имам әл-Мунауи: «Кез келген мүмін әйел осы айтылған сипаттармен ерекшеленетін болса (сабырлық, тақуалық, қанағатшыл), онда ол жұмақ иелерінің қатарынан болады. Алайда, әйелдердің арасында мұндай қасиеттермен ерекшеленетіндер өте аз. Себебі салиқалы әйел – ақ дақтары бар шәуқарға сияқты өте сирек кездеседі»[20].
-
ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:
-
Ертеде бір кісінің үйіне досы қонаққа келіпті. Өзі кедей болса да қонақжай жігіт әйеліне: «Қонаққа қарбызды әкел», деп бұйыра сөйлейді. Әйелі «Салқындасын» деп шатыр астына қойған қарбызды алып келеді. Күйеуі: «Басқасын әкел! Бұл жарамайды» дейді. Әйел үнсіз барып, басқасын әкеледі. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанады. Бұған таңданған досы: «Бәрі бірдей ғой, әйеліңді неге әуреге саласың?» деп сұрайды. Сонда үй иесі: «Негізі, үйде осы жалғыз қарбыздан басқа ештеңе жоқ. Әйелім күні бойы бір қарбызды әкеліп жүр. Онысы – менің абыройымды түсірмеу, сөзімді екі етпеу! Егер, ақылсыз әйел болғанда сол кезде-ақ, «Осыдан басқа – қарбыз жоқ қой. Неге жұмсай бересің?» деп айтар еді» деген екен. Әйелінің салиқалығына таңданған досы қатты риза болыпты.
-
Күндердің күнінде екі жұптың арасында жан-жал шығып, күйеуі әйелін ұрып жібереді. Сонда әйелі: «Мен барып сен үшін арызданамын» дейді. Күйеуі «Мен саған үйден шығуға рұқсат бермеймін» деп долданып, ашуланып есікті, терезелерді жауып қояды». Сөйтіп, «Енді не істейсің? Ұялы телефоның да менде» дейді. Сол сәтте әйелі әжетханаға кіріп, біраз уақыттан кейін дәрет алып шығып күйеуіне: «Мен терезесі жоқ, ұялы телефон қажет болмайтын есігі мәңгі ашық Раббыма сен туралы шағымданамын» деп жайнамазды алып ұзақ уақыт құлшылық етеді. Намаз оқып болғасын күйеуі келіп: «Сен расымен де мен туралы Алла Тағалаға шағымдандың ба?» дейді. Сонда әйелі: «Мен намаз бастаған уақытта-ақ ашуым тарқап кеткен. Мен Алладан шайтанның азғыруынан сақтауды және екеуміздің арамызға түспеуді сұрадым. Бұл болған жанжалға шайтан кінәлі, сондықтан, соған шағымдандым» деген екен.
- НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР:
- Ер бұзылса отбасы бұзылады, Әйел бұзылса, ұлт бұзылады.
- Әйел – үйдің көркі, еркек – түздің көркі.
- Еркек – бас, әйел – мойын.
- Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас.
- Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады.
- Жақсы қатын жаман еркекті адам етеді.
- Жақсы әйел күйеуін төрге сүйрейді, жаман әйел күйеуін көрге сүйрейді.
- Ақылды әйел күйеуінің ойнап айтқанын, ойлап талдайды.
- Ерге жаққан қатын, елге де жағады.
- Жақсы әйел жарының жақсылығын асырар, жамандағын жасырар.
- САЛИҚАЛЫ ӘЙЕЛДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ:
Ежелден ата-бабаларымыз, әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін ару қыздың тал бойынан көруді көксеген. Әрбір ата-ана қыздарын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіруді парыз деп санаған және қыздың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін еш уақытта есінен шығармаған. Бүгінгі қызғалдақ қыздарымыз – ертеңгі ибалы да инабатты келін, болашақ ана, салиқалы әже болары белгілі. Сондықтан иманы мен ибалы жүзінен байқалатын қазақ қыздарына ата-бабаларымыз қырық үйден тыйым салып, көзінен таса қалдырмай, тәрбиесіне үлкен мән берген, өйткені әйелді тәрбиелеу бүкіл бір қауымды тәрбиелегенмен бірдей. Әйел – шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, отбасының ұйытқысы, тұрмыстың сәні мен салтанаты.
- ТАРИХИ ДЕРЕК:
Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді аналардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүгінгі болашақ ұрпақ жадында. Қазақ қоғамында әйелдің орны ерекше. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Ұлттың болашағы да қазақтың әйелінің қолында. Сондықтан қазақ әйелі отбасы қоғамының ұйытқысы, тәрбиенің берік қорғаны. Арыға бармай-ақ қазақ хандығы тұсынан бергі ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай ханымдар, Күнбике, Айбике, Зере аналардың ұлт тарихындағы орны бөлек. Жоғарыдағы аналарымыз, сондай-ақ тарихымыздағы өзге де батыр аналарымыз ақыл-парасатымен, қайтпас қайсарлығымен жұрт билеп көсемдік көрсетті, қол бастап жаугершілікті бастан кешті. Содан да болар тарихтағы ұлы аналарымыздың есімі бір рулы ел болып, ұранға айналды. Шежіре жылнамасын тізбектесек руға айналған аналарымыздың көп екенін қараймыз. Тіпті көп ру ана есімін ру атына беруге арланбаған. Керісінше ру-шежіресін сол аналардың құрметіне арнап, бір қауым елге айналған[21].
- УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:
- Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар;
- Салиқалы әйел – осы дүниеде берілген нығметтердің ең жақсысы;
- Күйеуімен жақсы мәміледе болу – мұсылман әйелдің басты міндеті;
- Білім алу ер адамға да, әйел адамға да – парыз;
- Қоғамдағы кейбір жауапты міндеттердің ер адамға жүктелуі – әйел адамға деген мейірімділік;
- Ер адам үшін әйел бойындағы ең басты қасиеттердің бірі – имандылық.
- ДҰҒА:
«Раббым! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!»[22].
Алла Тағала дін Исламға қуат, халқымызға амандық, елімізге тыныштық, қоғамымызға салиқалы, ибалы қыз-келіншектерді нәсіп еткей!
[1] «Тин» сүресі 4-аят.
[2] Сафуат аттафасир.
[3] «Ниса» сүресі, 1-аят.
[4] Сафуат аттафасир.
[5] «Бақара» сүресі, 228-аят.
[6] Сафуат аттафасир.
[7] «Ниса» сүресі 34-аят.
[8] Сафуат аттафасир.
[9] «Рум» сүресі, 21- аят.
[10] Сафуат аттафасир.
[11] Муслим хадистер жинағы
[12] Ахмад хадистер жинағы
[13] Байһақи хадистер жинағы
[14] Хаким хадистер жинағы
[15] Ахмад хадистер жинағы
[16] Байһақи хадистер жинағы
[17] Имам ән-Нәсәи (3131) риуаят етті.
[18] Ибн Әби Шәйба 4/308, әл-Бәйһақи 7/82 риуаят етті.
[19] Ибн Әби әд-Дуня «Китаб әл-ғиял» 551.
[20] «Фәйдул-Қадир» 2867.
[21] https://e-history.kz/kz/publications/view/3924
[22] Пайғамбар дұғасы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.