ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУ
Құрбан айт, яғни мұсылман күнтізбесі бойынша Зуль-хижжа айының оныншы күні, шариғат бойынша жылдың ең ұлы күніне жатады. Бұл туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың алдындағы ең ұлы күн – Құрбан айт күні, ал содан соң одан кейін келетін күн», - деген (Ахмад, Әбу Дәуд).
Бұл күні жасалатын ең үлкен құлшылықтардың бірі – құрбан шалу. Құрбан (арабша: «жақындау»), шариғаттағы терминдік мағынасы - Аллаһ Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.
Теңдесі жоқ болған Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!». Бұл аятта Алла Тағала Пайғамбарға және біздерге намаз оқуға және құрбан шалуға бұйрады. Алла Тағаланың әмірін орындау ниетімен шамасы келген мұсылмандар құрбан шалады. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Адданың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» - деп бұйырған. Осы хадистен құрбан шалудың қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.
Құрбандыққа мал шалу дәстүрі ислам тарихында өз ұлы Исмаилды Алла ризалығы үшін құрбан етпек болған Ибраһим пайғамбардан бастау алған.
Ханафи мәзһабында құрбан шалу – уәжіп. Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек.
- Мұсылман болу
- Құрбан айт уақытында жолаушы болмау
- Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.
Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.
Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Құрбандыққа шалынатын малдың бойында келесі кемшіліктердің бірі кездесетін болса, ол құрбан шалуға жарамсыз мал болып табылады. Ол кемшіліктер мыналар:
- Бір көзі соқыр
- Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз
- Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
- Тістерінің көбі түсіп қалған
- Емшектерінің басы жұлынып қалған
- Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған болуы.
Құрбандық ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау - мәкрүһ. Ал, қинамай сою -сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын» (Муслим, Сайд,57).
Құрбандық ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:«Инна салати уа нусуки уа махиана уа мәмәти лилләһи Раббил-а'аламина лә шәрика ләһ»(«Әнғам», 162-аят). «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ».
Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар ля илаһа иллаллоһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» - деп, тәкбір айтып,«Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» - деп бауыздалады. Тек қана Құрбандықтың иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» - деуі жеткілікті емес. Құрбандықты бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» - деуі керек. Әдейі ұмытып, «Бисмиллаһ» деп айтпаса, Құрбандығының етін жеуге болмайды. Өйткені Аллаһтың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу - харам. Құрбандықтың иесі Құрбандықты бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек.
Сойылатын мал Құрбандық ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру - мәкрүһ.
Ақсай мешітінің қызметкері
Аманқұлов Жеңісхан
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.