Алматы: Бас имам қала тұрғындарын Алғыс айту күнімен құттықтады
Еркінбек қари ШОҚАЙ
Алматы қаласының Бас имамы
Құрметті қала тұрғындары! Қадірлі мұсылман бауырлар!
Сіздерді достық пен татулыққа, ынтымақ пен бірлікке, бауырмалдық пен отансүйгіштікке үндейтін мемлекеттік Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен 2016 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп аталып келеді. Бұл мейрамның қоғамдық тұрақтылықты реттеуге және елдегі түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астына ұйысып, бір атаның балаларындай ымырагершілікте өмір сүруіне үлкен маңызы бар. Сондықтан атаулы мереке мемлекетіміздің іргесін бекітіп, алтыбақан алауыздық пен тұрақсыздықтан сақтауға мол септігін тигізері анық.
Сондай-ақ, асыл дініміз – Ислам мен ата дәстүріміз ықылым заманнан Аллаға шүкір етуге, адамдарға алғыс айтуға шақырады. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар» (2:152) – деп күллі адамзат баласына бұйырады. Ал алғыс айтуға қатысты Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде: «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» (Тирмизи, Әбу Дәуіт), «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ», – деп артынан ерген үмбетіне үлгі көрсетеді. Сүннет жолын ұстанған атам қазақ та ұрпағын «қарғыс алма, алғыс ал» деп имандылық пен адамгершілікке тәрбиелеген.
Ең әуелі бізді жоқтан бар етіп жаратқан Алла Тағала, екінші Жаратқанның тура жолына шақырған әнбие-әулиелерімізге, үшінші әрбір тасы алтыннан қымбат жерімізді қорғап өткен жаужүрек бабаларымызға, үшінші мемлекет пен дін басындағы азаматтарымызға, бесінші ел-жұртымызға, ана-аналарымызға, туған-туыстарымызға, дос-жарандарымызға, көрші-қолаңдарымызға алғыс айта отырып, баршаңызға амандық, береке-бірлік тілеймін. Әмин!