Алматы: «Байкен» мешітінде мәуліт мерекесі аталып өтті
Алматы қаласындағы «Байкен» мешітінде – мәуліт мерекесі аталып өтілді. Қазіргі жыл санаумен 571 жылы сәуірдің 20-сында рабиғәл-әууәл айының 12-інші жұлдызында Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа Меккеде дүниеге келген. Ислам әлемінде және еліміз Қазақстанда аталмыш уақытқа мән беріліп, Пайғамбарымыздың өмір баяны мен жеке танысу, Алла разылығы үшін мәуліт қасидасын айту дәстүрі жыл сайын жалғасын табуда.
«Байкен» мешіті жылдағы үрдіспен биыл да мәуліт мерекесін ерекше атап өтті. Бейсенбіден жұмаға қараған түні мешітте ауыз ашар дастарханы ұйымдастырылып, дастархан басында бас имам Жұмабаев Данияр қари жиналған жамағатқа Пайғамбарымыздың өнегелі ғұмырынан уағыз айтып, сахабалардың Пайғамбарымызға деген махаббатын керемет мысалдармен түсіндірді. Уағыздан кейін мешіт жамағаты тарапынан күнделікті таң намазынан соң оқылып жүрген Құран хатымның батасы жасалды. Құптан намазынан кейін «Тәсбих» намазы оқылып, дұға жасалды.
Жұма күні «Байкен» мешіті жамағатқа ылық толды. Алла үйіне жиналған жамағатқа Алматы қаласы орталық мешітінің наиб имамы Көкірекбаев Ермек Алматы қаласы өкілі Шоқай Еркінбек қаридың сәлемін жеткізіп құттықтауын оқып берді. Мешіт жамағатына: «Пайғамбарға деген махаббат қалай болу керек» деген тақырыппен қысқа-нұсқа уағыз айтты. Уағыздан соң бас имам Жұмабаев Данияр қари мен Жетпісбаев Жолдас қари мәуліт оқыды. Мәуліттен кейін Құран оқылып, ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің басшысы Н.Есмағанбет дұға жасап бата берді.