Алматы: «Байкен» мешітінде «Отанды сүю – иманнан» атты шара өтті (ФОТО)
«Байкен» мешітінде жамағаттың бірлігін сақтау мақсатында айына бір рет кездесу ұйымдастырылып тұрады. Ал, бұл айда күллі алаш баласына қадірлі болған Тәуелсіздік мерекесіне орай «Отанды сүю – иманнан» атты шара өтті.
Кездесуге ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы, теология ғылымының докторы Мұхитдин Исаұлы қонақ ретінде шақырылды.
Ең алдымен, елімізге белгілі қари, «Байкен» мешітінің бас имамы Жұмабаев Данияр жамағатты тәуелсіздік мерекесімен құтықтап, үрдіске айналған кездесуге арнайы шақырылған қонаққа сөз берді.
Мұхитдин Исаұлы: «Тәуелсіздіктің нышаны болып табылатын елтаңба, байрақ, әнұран, ұлттық валюта қандай құнды болса, мешіттер де тәуелсіздіктің – нышаны. Шет елден келген қонақтар біздің мешіттеріміздегі жастарды көріп, ел болашағының ертеңі жарқын болатындығын айтады. Мен де, міне, жамағаттың көпшілігінің жастар екендігін көріп отырмын. Жастар, мемлекет – қоғамнан, қоғам – отбасынан құралады, сол секілді сендер де отбасы құру үшін әуелі жарды дұрыс таңдауларың керек. Отбасы көркем мінез-құлық және мәміледен құралады. Сонымен қатар, біздің бойымызды такаппарлық деген жаман әдет бар. Такаппарлықты жеңетін ең жақсы тәсіл ол – қызмет жасау. Қызмет жасаудың аясы өте кең. Міне, мешітте дастархан жайған екенсіздер, қаншама ерікті жастар көмектесіп жүгіріп жүр. Алла разы болсын. Қазір еріктілер тобы ата-әжелердің үйлерін сыпырып, тазалап, қарын күреп көмектеседі. Сол сияқты көшелердің, аулалардың, мешіттердің тазалығына көмектесіп жатқан жандар бар. Бұлардың барлығын не үшін істеп жатыр? Бір Алла ризашылығы үшін. Міне «отанды сүю – иманнан» осындайдан туындайды» деп жастарға келелі кеңесін айтты.