АЛМАТЫ: ИМАМДАР ҚАН ТАПСЫРДЫ
Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Дәділұлы бастаған аудан имамдары мен дін қызметкерлері Алматы қалалық қан орталығында қан тапсырды.
Бас прокуратураның мәліметінше қаңтар айының басында орын алған тәртіпсіздік кезінде 4353 адам жарақат алғанын жариялады. Елдегі Төтенше жағдай режимі кезінде медициналық авиация Нұр-Сұлтаннан Алматыдағы қан орталығына 360 доза қан жеткізген екен. Бүгінде қалалық ауруханаларда емделуші науқастарға қан қажеттілігі туындауда. Осы орайда ұйымдастырылған шара барысында Алматы арнасына сұхбат берген Төлеби Оспан: «Қан тапсыру да қайырымдылық. Мамандардың айтуынша, донор болудың адам ағзасына еш қаупі жоқ. Сол себепті алматылық мұсылман жамағатын қан тапсырып, науқастарға жәрдем беруге шақырамын», - деді бас имам.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі