Алматы: имамдардың IV форумында қабылданған құжаттар талқыланды (ФОТО)
Алматы орталық мешітінде қаланың бас имамы Еркінбек Шоқайдың төрағалығымен жиын өтіп, имамдардың ІV республикалық онлайн-форумында қабылданған құжаттар кеңінен талқыланды.
Бұл жиынға Алматы орталық мешітінің дін қызметкерлері мен аудан имамдары қатысты.
Басқасуда қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай имамдар форумында қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» құжаттарының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ бұл құжаттардың ел арасында орындалатын діни рәсімдерді бірізділікке келтіруге және имамдардың зияткерлік қабілетін дамытуға оң ықпалын тигізетінін ерекше атап өтті.
Жиын соңында аудан имадарына аталған құжаттарды жұртшылыққа кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Зияткер имам» тұжырымдамасы заман талабына сай зияткер имам деген мәртебеге лайықты дін қызметіндегі мамандарды іріктеу мен оларға мәртебе беруді көздейді. Сонымен қатар мешіттерде қызмет жасайтын имам-ұстаздардың жасампаз, діни мәселелерді үйлестіруді шебер меңгерген білімді, білікті, үлгілі, іскер, діни ағартушы маман болуын мақсат етеді.
«Ас беру мәдениеті» құжатын қабылдаудағы негізгі мақсат – еліміздің барлық аймағы бойынша құдайы астарды шариғат шеңберінде, салт-дәстүр аясында өткізу. Сонымен қатар, кейбір отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын, ысырапқа жол бермейтін ас беру мәдениетін қалыптастыру және оны насихаттау.
Құжатта құдайы ас берудің тарихи мәні, анықтамасы, дін мен дәстүрдегі орны, өзектілігі жан-жақты сараланып, тәптіштеп түсіндірілді. Қолыңыздағы құжатта құдайы ас беру мәдениетінің негізгі жеті тірегі ұсынылды. Жеті тірек ішінде шынайы ниет ету, құдайы асқа жиналу, Құран оқу, бата беру және дұға жасау, ысырапқа жол бермеу, құдайы аста уағыз-насихат айту, марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату, құдайы аста қарапайымдылықты сақтау сынды тақырыпшалар қамтылды.
«Зират және зиярат мәдениеті» құжаты екі бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде зират көтерудің үкімдері, зират көтеру мәдениеті, теңдік ұстанымы, құлпытас қою мәдениеті, зират құрылыстары мен кесене салу түрлері қамтылған.
Құжаттың екінші бөлімінде – зиярат жасаудың әдебі, зиратта ескерілуі тиіс жайттарға айрықша мән берілген.