Алматы Орталық мешітінің ауласында жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі (ФОТО)
Естеріңізге сала кетсек, осыдан бір жыл алдын Алматы қаласы әкімдігі мен Алла үйіне жанашыр кәсіпкер азаматтардың қолдауымен Алматы Орталық мешітінің ауласында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын.
Бүгінде сол жақсы ниетпен басталған игі іс аяқталып, қала тұрғындары мен қонақтарының құрметпен бас сұғып тұратын киелі ордасы, сүйікті құлшылық үйі ретінде қызмет көрсетіп келеді.
Алла үйіне жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мешіт ауласындағы ескірген қырлы кеспе тастардың (брусчатка) орнына соңғы үлгідегі қырлы кеспе тастар (752,4 м2 «Старый город», 3101 м2 «Квадрат» төсеніш тастар) мен 3875 м2 гранит тастар төселіп, 1584,7 м2 асфальбетон жабынымен жаңартылды.
Сонымен қатар, мешіт ауласының көркіне көрік қосатын кеш батқанда түрлі түске құбылатын 60 көзден су шашатын 110 м2 фонтан (құрғақ су бұрқақ), 32 мраморлы орындық, 32 мраморлы қоқыс салғыш, 3 мраморлы ауыз су фонтаны, «Шығыс ертегісі» бүлдіршін балаларға арналған құмды ойын алаңқайы, 26 биік дала жарық-шам бағаны (14 дана – опора.ОКСФ - 6, 12 дана – опора 8), 43 аласа сәнсәуле (торшер), екі қақпаға шлагбаумдар, мүгедектер арбасы көтерілетін пандус (7,2 м2), 40-45 көлікке арналған автотұрақ пайдалануға берілді.
ҚМДБ ғимаратының кіре беріс баспалдағы жасылдандырылып, екі маусымдық гүлзарлар егілді. Мешіт ауласына 120 түп туя шыршасы, 16 түп қарағай ағашы, 65 түп бұталы сәнтал (изгородь) отырғызылып, арнайы автосуарғыш жүйесі бар көгал (2938 м2 газон) төселді.
Мешіттің екі жағына сырттағы жамағатқа имамның мінбердегі айтқан уағызы тікелей көрсетіліп тұру үшін екі LED экран (диогоналы 4800х3840, 3840х2880), 4 ақпарат және 2 жарнама тақтасы орнатылды.
Пушкин көшесіндегі лотоктар жабылып, үстінен тротуар плиталары төселді.
Мешіттің қасапханасына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып кеңейтілді. Арнайы септик қазылып, ыстық-суық су кіргізілді.
Мешіттің іші сырланып, сыртқы фасады жуылды. Дәретхана ақталып сырланды.
Жауын-шашын кезінде мешіт төбесіндегі нөпір сулар ағып кететін арнайы суағар арықтары жасалды (BetoMax Drive ЛВ-20.26.36-Б – 255 м).
Мешіт ішіне ыстық-суық су кіргізіліп, санузел қойылды. Құбырлары орталық кәрізге қосылды. Мешіттің жылу жүйесі қалалық орталық жылу жүйесіне, ал мешіт ауласындағы жарық шамдары қала орталық жарығына қостырылды.
Айта кететін жайт, мешіттің іске жарайтын ескі қырлы кеспе тастары (брусчатка) жөндеуге зәру қала мешіттеріне жеткізілді.
Имам Мүслім (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шынында, Алла Тағала көркем, әрі көркемдікті жақсы көреді...», – дегендей, мешіт ауласының таза әрі көрікті болуына атсалысқан Алматы қаласы әкімдігіне, Медеу ауданы әкімдігіне және барша үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіреміз.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі,
Azan.kz