АЛМАТЫ: КЕЗЕКТІ КӨШПЕЛІ ЖИНАЛЫС БОСТАНДЫҚ АУДАНЫНДА ӨТТІ
Мешіт ісі мен діни қызметтің сапасын арттыру және жыл басында берілген тапсырмалардың орындалу барысын талдау мақсатында Бостандық ауданында кезекті көшпелі жиналыс болып өтті.
«Орбита-3» мешітінде өткен жиынға Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Орталық мешіттің арнаулы қызметкерлері және Бостандық ауданы мешіттерінің бас имамдары, наиб имамдары, іс басқарушылары және азаншылары қатысты.
Көшпелі жиналысты Бас имам сөз сөйлеп, жүргізіп отырды. Бас имам өз сөзінде Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бастамасымен атқарылған игі істерге тоқталып, әрі осы жолда аянбай тер төгіп келе жатқан дін қызметкерлеріне алғыс білдірді.
«Орбита-3» мешітінің бас имамы Аташов Асет аудан мешіттерінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Ал Нұр-Мүбарак мешітінің наиб имамы Орынбасаров Жалғас діни қызметтің жауапкершілігі туралы баяндама оқыды.
Содан Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Дулатбаев Жорабай №1, №2 хаттамаларда берілген тапсырмалар бойынша аудан мешіттерінің атқарған жұмыстарына сараптамалық баяндама жасады.
Басқосу барысында ҚМДБ және Алматы Орталық мешіті тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу есебі қаралып, мешіт имамдарының этикалық ұстанымы мен тұлғалық келбеті тілге тиек етілді. Сондай-ақ мешіттің ішкі-сыртқы тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ағартушылық және шаруашылық жұмыстарын жандандыру жағы да назардан тыс қалған жоқ.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі