АЛМАТЫ: МЕШІТ ЖАНЫНАН АСХАНА МЕН ХАТЫМХАНА АШЫЛДЫ (ФОТО)
ҚМДБ Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні Әуезов ауданы "Таугүл-3" мешітінің жанынан асхана мен хатымхана ашылды.
Бүгін Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы мен аудан имамдары "Таугүл-3" мешітінің жанынан бой көтерген ғимаратта хатымхана мен асхананың салтанатты ашылуына қатысты. Ғимарат 2-қабаттан тұрады. Нысанның 1-қабатында 5-сыныптан тұратын дәрісханалар мен 1 ұстаздар бөлмесі бар. Қазіргі таңда дәрісханада 15-20 шәкірт сабақ алуда. Мешіт қызметкеріне екі бөлмелі үй және ерлер, әйелдер дәретханасы қамтылған. Заманауи үлгідегі дәретханаларда мүгедек кісілерге арналған бөлме мен жуыну бөлмелері де қарастырылған. Арнайы жабдықталған қасапхана да бар. Ал 2-қабатта құран оқытып, дұға жасауға ыңғайлы хатымхана орналасқан. Көлемі 250 -300 шаршы метрді құрайтын жеке асхана барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Асхана бір мезетте сиымдылығы 100-150 адамға қызмет көрсете алады. Ел игілігі үшін салынған ғимарат қаражаты жеке кәсіпкер есебінен аударылды. Жақсылық жасап жарысқан абзал азамат атын атамауды сұраған екен. Сауапты амалға ұйытқы болған кәсіпкер азаматқа бас имам Төлеби Дәділұлы зор алғысын айтты. Жайылған дастарханда ел амандығы мен тыныштығы үшін құран оқылып, бата жасалды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі