Алматы Орталық мешіті 300 отбасыға көмек көрсетті (ФОТО)
Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен Республикада «Жүрек жылуы» қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда.
Соған орай бүгін Алматы Орталық мешіті «Жүрек жылуы» қайырымдылық шарасын өткізіп, әлеуметтік аз қамтылған 300 отбасыға көмек көрсетті.
Шараға «Ықылас-2050» қайырымдылық қоры, «Магнум» сауда орталығы, Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығының қызметкерлері, Алматы Орталық мешітінің қолы ашық жамағаты мен еріктілер тобы үлес қосты.
Шара барысында Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай «Алматы тв» телеарнасына «Жүрек жылуы» акциясының маңыздылығы туралы сұхбат беріп, елдімізде орын алған уақытша сынаққа сабыр етіп, Аллаға көптен-көп дұға етуге шақырды.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзі тоқ болып көршісі аш жатқан бізден емес», «Өздеріңді бір дана құрма беріп болсын тозақ отынан құтқарыңдар» деген асыл өсиетін орындап, сауапты іске атсалысқан баршаңызға алғыс білдіреміз!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі