Алматы: қайырымдылық акциясы өтті (ФОТО)
Алматы қаласындағы «Қалқаман 2» мешіті мен «Ниет» қайырымдылық қоры бірігіп, «Жақсы да, жақсылық та жалпыға ортақ» атты қайырымдылық акциясын өткізді.
Іс-шараға Әбу Бәкір мешітінің наиб имамы Айдос Шарапатбекұлы, «Ниет» қайырымдылық қорының президенті Әсем Сапарқызы қатысып, Құран жаттаған қарилар мен көпбалалы аналарға көмектесу мақсатында 35 отбасыға жаңа киім таратты. «Қалқаман 2» мешітінің бас имамы Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Алланың кәламын жаттап жүрген қариларды құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Акцияға қолдау көрсеткен «Ниет» қайырымдылық қорының Алла Тағаланың ерекше қорғауында болуын тілейміз. «Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды» дейді. Адамның жүрегі жақсылық іс жасаған сайын не өзгеге жылы сөз айтқан сайын жылып, көңіл-күйі көтеріле түседі. Себебі Алла біздің жүрегімізді жақсылыққа жақын еткен. Алла Тағала баршамызға Құран жолында жүруді нәсіп етсін! Елімізге тыныштық пен береке берсін!» деп дұға тілеп, қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, осыған дейін «Қалқаман 2» мешіті мен «Ниет» қоры бірігіп, бірнеше рет іс-шара ұйымдастырып, Ислам институтында тәлім алушыларға, Алматы қаласы имамдарына, Наурызбай ауданының көпбалалы ата-аналары мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға әртүрлі көмектер мен жаңа киім-кешектер таратқан болатын.