АЛМАТЫ: РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНДЕ ДІН ӨКІЛДЕРІ МЕШІТТЕ БАС ҚОСТЫ (ФОТО)
Елімізде 18 қазан – Рухани келісім күні аталып өтеді. Осындай игі дәстүр жолымен бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Дін істері басқарма басшысы Нұрлан Қиқымов және өзге діни бірлестіктер басшылары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы өкілдігінде бас қосты. Бас имам Төлеби Оспан өзге дін өкілдері мен қонақтарға Алматы орталық мешітін көрсетіп, діни басқарма өкілдігінің атқарып отырған жұмысымен таныстырды.
Қазақстан Республикасы 130-дан астам ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, тұрақтылық пен бірлікте өмір сүріп отырған бірден-бір мемлекет. Мемлекетіміз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Сьезін қатарынан бірнеше рет өткізді. Бірлік пен татулыққа үндеген келелі жиын жер бетіндегі әртүрлі дін басшыларын ортақ мүддеде бас қосуына шақырды. Жақында ғана елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХІХ отырысы өтті. Барша Дін өкілдерін бір үстел басында тоғыстырып тұрған нәрсе бар. Ол – бірлік, достық, ізгілік секілді ортақ құндылықтар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген болатын. Келелі бас қосуда дін жанашырлары адамзат үшін асыл құндылықтар, түрлі ұлт өкілдерінің татулығы мен бірлігі турасында сөз қозғады. Қазақы қонақжайлық пен дәстүр аясында әртүрлі дін жанашырларына дастархан жайылды.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі