АЛМАТЫ: "ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ЖАСТАР" АЯСЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Тұғырлы Тәуелсіздік қарсаңында ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлының ұйымдастыруымен қайырымдылық мекемелерінде тәлім алып, құран жаттап жүрген шәкірттермен кездесу өтті.
Кездесуде Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы ҚМДБ төрағасы бас мүфтидің Тәуелсіздік күнімен құттықтау сәлемін жеткізіп, шәкірттерге әдеп пен иман негіздерінен сөз сөйледі. Іс-шара мақсаты шәкірттерді бірлікке, ұйымшылдыққа баулу болып табылады. Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан: "Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қайырымдылық мекемелерінде құран жаттап, дәріс алып жүрген 135 шәкірттердің басы қосылып отыр. Дүниенің алдамшы қызығына мойын бұрмай Жаратқанның разылығы үшін алып жатқан білімдеріңізбен ел ертеңі үшін аянбай еңбек етулеріңізге тілектеспін. Ынтымақ пен бірлікке бастау болып, шәкірттермен кездесу ұйымдастырған Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлына зор алғыс білдіремін", - деді алғы сөзінде. Қайырымдылық мекемелерінің жетекшісі Данияр қари Жұмабаев та сөз сөйлеп, шәкірттерге сәттілік тіледі. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан қайырымдылық мекеме шәкірттеріне арнайы дастархан жайылып, ас берілді.
Алматы Орталық мешіті баспасөз қызметі