АЛМАТЫ:"ӘЛМЕРЕК" МЕШІТІНДЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ БАСТАЛДЫ
Алматы қаласы Түрксіб ауданы, Шортанбай жырау көшесіндегі «Әлмерек» мешітінде күрделі жөндеу жұмысы басталды.
Түрксіб ауданына қарасты "Әлмерек" мешітінің іргетасы 1996 жылы қаланған. Бүгінгі таңдағы жай-күйі ортадан төмен. Үлкенді-кішілі залымен бір қабатты ғимарат. Діни мерекелерде 300-ге жуық, күніне жиырма шақты жамағат бас қосатын құлшылық үйі. Алла үйіне дінімізге жанашыр азамат, Алматы қаласының жеке кәсіпкер азаматы осы мешіттің жәй-күйін көзімен көріп, орнына күмбезіне күн шағылысатын жаңа ғибадатхана салуды жоспарлады. Бүгінде құрылыс жұмыстары да басталып кетті. Мешіттің жаңа жобасында намаз оқу залын кеңейту, қосымша жертөле, әйел жамағатына арналған жеке орындар қарастырылған. Ауқымды жұмыс барысына арнап құрбандық шалынды. Оған мешіт имамы Бекбауов Ерман құран оқыса, Түрксіб аудандық мешітінің бас имамы Ержан Үсенханұлы батасын қайырды. Құрылыс компаниясымен уағдаласу уақытына қарағанда, жаңа мешіт үстіміздегі жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілмек. Жаратқан Алла істеріне берекет берсін!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі