АЛМАТЫ: АЛАТАУ АУДАНЫ ИМАМДАРЫ ӘКІМДІК ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛДЫ
Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Ерланұлы ауданға қарасты мешіттердің бас имамдарын қабылдап жиналыс өткізді.
Алатау ауданының бас имамы Амантай Садиев бастаған дін қызметкерлері жергілікті әкімшілік пен мешіттер арасындағы қарым-қатысты нығайтып, жақын танысу мақсатында жиналысқа қатысты. Жиналыста Амантай Садиев Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының сәлемін жеткізіп, өкілдіктің ҚМДБ бекіткен жылдық жоспар аясындағы жұмыстарымен таныстырды. Кездесу барысында мешіттердің жер, ғимарат құжаттары мен өрт қауіпсіздігі және эвакуациялық жоспары мен видеобақылау құрылғыларының жұмысы талқыланды. Әкімшілік тарапынан мешіттерге қолдау көрсетілетіндігі айтылды. Аудан имамы Мүфтият баспасынан шыққан "Ихсан ілімі", "Толық адам" және жуырда жарық көрген "Қазақстандағы ислам тарихы" кітаптарын сыйға тартты. Әкімдік тарапы алдағы уақытта ауданның дін қызметкерлерімен тығыз қызмет жасауға ниет білдірді.
Ауданға қарасты "Заря Востока" мешітінің бас имамы, РАНТ мүшесі Ахметов Қазбек мерекелер қарсаңында студенттер мен оқушыларға кездесулер ұйымдастырып насихат айту жұмыстарын ұйымдастыруды ұсынды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар мақұлданып, жүзеге асуына Алатау ауданы әкімшілігі қолдау көрсететінін айтты.
Жиын соңында ақсақал имам Саттарқұл Сатиұлы Ел тыныштығы мен бірлігі үшін бата беріп, дұға жасады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі