Алматыдан Арысқа жылу аттанды
Бүгін, Алматы қаласы мешіттерінің ұйымдастыруымен, Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында Алматы Орталық мешітінен «Арысқа жылу» атты қайырымдылық керуені жолға шықты.
Бәрімізге белгілі, осы аптаның басында Арыс қаласында апатты жағдай орын алды. Соған орай, ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қайырымдылыққа үндеуі бойынша, Алматы қаласы өкілдігі төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстықтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында «Арысқа жылу» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Қайырымдылық шарасына бұзылмайтын азық-түлік, тұрмысқа қажетті киім-кешек, көрпе-төсек, гигиеналық заттар қабылданды. Ауыр жүк көлігіне тиелген заттар, шамамен, 15 тоннаға жуық болды.
Одан бөлек қайырымдылық науқанынан қаржылай көмек көрсетем деушілер де қапы қалған жоқ. Қайырымды жандар қала мешіттерінде қойылған арнайы жәшіктерге және ҚМДБ «Зекет» Корпоративтік қорының Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің есеп шотына ақшаларын салды. Нәтижесінде 6 млн-ға жуық қаржы жиналды. Бұл қаражаттың барлығы арыстықтардың есебіне үлестірілетін болады.
Осы ретте Алматы қаласының өкіл имам Еркінбек қари Керімбекұлы:
«Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, арыстық ағайынға Алматы жұртшылығы атынан сәлем жолдай отырып, Алладан елімізге амандық, жеңілдік пен сабыр тілейміз. Алла Тағала ел-жұртымызды түрлі апаттардан сақтап, тыныштығынан айырмасын. Арыс, біз біргеміз!», – деп жігерлі сөзін айтты.
Сонымен қатар, өкіл имам «Арысқа жылу» атты қайырымдылық шарасына үлес қосқан «Ақорда» Республикалық қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбалдыұлы сынды жомарт азаматтарға, кәсіпкерлерге, имамдарға және мешіт жамағаттарына үлкен алғыс білдірді.
Azan.kz