Бас имам тігін курсының 30 түлегіне сертификат табыстады (ФОТО)
Бүгін Алматы Орталық мешіті «Ықылас-2050» қайырымдылық қорының жанынан ашылған «Әйелдер киімін тігу және пішу» тегін курсына қазан-қараша айларында қатысып, шеберлігін шыңдаған 30 түлекке сертификат пен қайырымдылық есебінде азық-түлік себеті табысталды.
Марапаттау жиынына арнайы қатысқан Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай тігін курсының түлектеріне еңбекқорлық пен адал кәсіптің дініміздегі орны мен қоғамға пайдасы туралы айтты. Сондай-ақ курс түлектеріне сәттілік тілеп, сертификат табыс етті.
Сонымен қатар, бас имам атынан «Шеберлік даму» қайырымдылық жобасы аясында түлектердің шеберлік қабілеттерін дамытуға қосқан үлесі үшін тігін курсының жетекшісі Бейсенбина Ләззатқа алғыс хат берді.
Шара барысында түлектердің өз қолымен тігілген отандық өнімдер, жайнамаздар таныстырылды.
Айта кететін жайт, курсқа қатысқан түлектерге өздері тіккен киімдер сыйға берілді.