«Байкен» мешіті Бостандық ауданының орталық мешіті болды (ФОТО)
«Байкен» мешіті – Алматы шаһарының көрікті құлшылық үйлерінің бірі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан мешіт мұсылман жамағатының ғибадат-құлшылығын жасап, кіріп-шығуына ыңғайлы. Алматы қаласы бойынша бас имам Еркінбек қари Шоқай, заман талабына сай салынған мешітті Алматы қаласы Бостандық ауданының орталық мешіті деп өзгертуді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына ұсыныс білдірген.
Мүфти хазреттің қолдау білдірген арнайы бұйрығында: «Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Байкен» мешітіне 2020 жылдың 17 ақпанынан аудандық орталық мешіт статусы берілсін». Сонымен қатар, «Жұмабаев Данияр Алимухамедұлы 2020 жылдың 17 ақпанынан «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінің филиалы Алматы қаласы Бостандық аудандық орталық «Байкен» мешітіне аудандық бас имам болып тағайындалсын» деген.
Осыған орай қасиетті жұма күнінде Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Дулатбаев Жорабай бас имам Еркінбек қаридың сәлемін жеткізе отырып, мешіт жамағатына мешіттің мәні мен маңызы жайлы айта келіп Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бұйрығын жамағатқа оқып берді.