Бірлігіміз бекем болғай!
Қадірлі отандастар!
Баршаңызды Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық, мол бақыт, мықты денсаулық, бірлік пен татулық тілеймін.
Біріншіден, бүгінгі сындарлы сәтте ең әуелі әр отбасында өзара сүйіспеншілік пен сыйластық, бірлік пен құрмет сынды құндылықтарды арттырудың маңызы ерекше. Бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қараған абзал. Отанның өзі отбасыдан құралады емес пе? Халқымыз: «Отан – отбасыдан басталады», – дейді.
Екіншіден, ұжымдағы бірлікті нығайтуға мән берілсе. Бұл ретте түрлі сала басшыларына көп міндет жүктеледі. Уақытының көп бөлігін жұмыста өткізетін азаматтар арасында өзара сыйластық сынды адамгершілік құндылықтар қалыптасса, бұл жағдай отбасы мен қоғамдағы бірлікке оң әсер етеді.
Үшіншіден, ағайын арасындағы татулыққа мән берсек. Қуаныш пен қайғыда бірге болу – туыстық қарым-қатынасты арттыратын адамгершілік қасиет.
Төртіншіден, қоғамдық бірлік – аса маңызды мәселенің бірі. Бұған әр азамат үлес қосуы тиіс деп есептеймін. Өйткені, еліміздің игілігі мен бірлігіне үлес қосу – өз болашағымызға үлес қосу.
Құрметті жамағат!
Алла Тағала қасиетті Құранда біздерге:
«Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) - деп бұйырса,
ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар» деп қашан да бірлік туы астында болуды өсиет еткен.
Осы ретте баршаңызды өзара бауырмал болуға шақырамын.
Жаратушы Жаббар Иеміз халқымыздың бірлігі мен ынтымағын баянды еткей. Бірлігіміз бекем болғай. Әмин!
Наурызбай қажы Тағаңұлы,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти