ДІНИ БАСҚАРМАДА КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІСТЕР БОЛДЫ (ФОТО)
Елордада ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен кезекті Орталық Аппарат жиналысы өтті.
Жиында Бас мүфти Діни басқармада кадрлық ауыс-түйістер болғанын мәлімдеді. ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бұған дейін Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған Хасан Аманқұловты Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындағанын хабарлады.
Сонымен қатар Бас мүфти Нұрбек Есмағанбетті Дін істері және талдау бөлімі меңгерушісі қызметінен босатып, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары етіп тағайындау туралы бұйрыққа қол қойғанын мәлімдеді.
«Хасан Аманқұл мен Нұрбек Есмағанбет Діни басқарма жүйесінде бірнеше жылдан бері қызмет етіп келеді. Жылдар бойы жинақтаған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді өздеріңізге жүктелген саланың дамуына сарп етесіздер деп сенемін. Алла Тағала игі істеріміз бен ізгі бастамаларымызға жар болсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.