Халал Даму: Семинарға қатысушылар сертификатталды
«QMDB Halal оқыту орталығында» өткізілген мамандардың білімін жетілдіруге арналған үш күндік оқу-семинарға қатысушы мамандар марапатталды. Мамандарға біліктілігін арттыру бойынша арнайы куәлікті «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы табыстады.
Сертификаттаудың мақсаты – барлық мүдделі тараптарға өнімдердің, процесстердің және қызметтердің шариғат және халал стандарты талаптарына сай екендігін растау. Семинар барысында ішкі және сыртқы аудитті жоспарлау мен жүргізу ерекшеліктері, сондай-ақ анықталған сәйкессіздіктерді тіркеу және аудит нәтижелері бойынша құжат жүргізу мәселелері туралы мағлұмат берілді. Кәсіпорындарда аудит жүргізуге қатысты жаңартылған теориялық білім мен стандартының талаптары мен ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар, қатысушылар теориялық білімді бекіту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан шұжық цехы, қасапхана, кондитерлік кәсіпорындар, қоғамдық тамақтану орындарында тереңдетілген тәжірибеден өткізілді. Семинар соңында қатысушыларға арнайы «QMDB Halal» куәлігі табысталды.
Қатысушыларға алғысын білдірген Айбек Асқарбекұлы отандық халал индустриясының дамуы мен өркендеуі, халал стандарттау және сертификаттау саласының жандануы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.