ҚАЗАҚСТАН ҚАЖЫЛАРЫН ОТАНДЫҚ «AIR ASTANA» ЖӘНЕ «SCAT» ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ ТАСЫМАЛДАЙДЫ (ФОТО)
Биыл қажыларды тікелей рейстермен қазақстандық «Air Astana» және «SCAT» әуе компаниялары және саудиялық «FlyNas» әуе компаниясы тасымалдайды.
Осы және өзге де мәселелерді талқылау мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті және «Air Astana» және «Scat» әуекомпанияларының өкілдері арасында жиын өтті.
Жиынға төрағалық еткен ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар Қазақстан қажылық миссиясы тарапынан биыл 4000 қажылық орны алынғанын, қажыларды қасиетті сапарға тасымалдауды Сауд Арабия тарапы талап еткен 50/50 қағидасы бойынша отандық «Air Astana» және «SCAT» әуе компаниялары және Сауд Арабиясы тарапынан «FlyNas» әуе компаниясы жүзеге асыратынын мәлімдеді.
Сауд Арабиясы Қажылық және ұмра министрлігі 2022 жылғы қажылық маусымына Қазақстанға 4527-ге дейін қажылық орындарын алуға рұқсат берген еді. Түрлі себептерге байланысты конкурс негізінде іріктелген 14 туроператорға оның 3000 қажылық орны бөлінген болатын. Дегенмен қажылыққа ниет етуші отандастарымыздың көптігін және бөлінген қажылық орындарының толып қалғанын алға тартқан аталған 14 туроператор арасынан сегізі қосымша орын сұрап, өтініш білдірді. Осыған орай Қазақстан азаматтары үшін 2022 жылғы қажылық маусымына қосымша 1000 қажылық орны алынды.
Ендігі кезекте 50/50 қағидасы бойынша тікелей рейстермен отандық «Air Astana» және «SCAT» әуе компанияларымен 2000 қажы, саудиялық «FlyNas» әуе компаниясымен 2000 қажы ұшады деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда қажылыққа баруға ниет еткен отандастарымыз Діни басқарма ұсынған 14 туроператорға құжаттарын өткізіп, тіркелуде. Пандемияның себебінен қажылықсыз өткен екі жыл ішінде ел мұсылмандарының қасиетті мекенге деген сағынышы артып, қажылыққа ниет етушілер күн санап көбеюде. Дегенмен қажылыққа ниет етуші отандастарымызға қажылықтың ұлы сапар һәм үлкен ғибадат екенін еске салып, оған рухани дайындалып, мешіттерден қажылыққа қатысты курстардан өтуге кеңес береміз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті мекендерге қажылық парызын өтеуге ниет білдіруші 4000 отандасымызға сәт-сапар тілейді.