ҚМДБ: Құрбан айттың бірінші күнінде 40 156 отбасыға ет таратылды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғам алдындағы негізгі 4 қызметінің бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. ҚМДБ көмекке мұқтаж жандарды қолдау, қауіпті індеттің алдын алу мақсатында биыл тағы да қашықтан құрбан шалуды қолға алып, WWW.QURBAN2021.KZ сайтын іске қосқан болатын.
Жоба мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну, т.б.
Құрбан айттың алғашқы күніндегі, яғни, 20 шілдедегі мәлімет бойынша республика деңгейінде qurban2021.kz сайты арқылы 2 132 адам құрбандық шалуға тапсырыс берсе, еліміз бойынша жалпы саны 7 670 мал шалынды. Оның ішінде қой – 6740, ірі қара – 603, ешкі – 318, түйе – 9. Барлық мәліметті жинақтап айтқанда, еліміз бойынша 40 156 отбасыға құрбандық еті таратылды.
Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Баршаңыз шынайы ниетпен құрбан шалып, мұқтаж отбасыларға мерекелік қуаныш сыйлап, сауапты іске ортақтасып отырсыздар.
Аса Қамқор, Ерекше Кеңшілік Иесі болған Алла Тағала осы амалдарыңыздың сауабын арттырып, өз құзыретінде қабылдыққа жазғай. Сауабы мол қайырымдылық істің жақсылығы өздеріңізге еселеп қайтып, халықтың алғысы мен батасына бөлене беріңіздер. Көмек алған жандардың сіздерге жолдаған дұға-тілектері қабыл болғай. Жаратқан Жаббар Иеміз мерейлеріңізді үстем етіп, екі дүниенің нығметі мен құрметіне бөленуді нәсіп еткей. Әмин!