Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің тапсырмасымен Алматы қаласы Орталық мешітінде «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» орай Құран оқылып, құрбан шалынды. Тарих беттеріндегі жанға батар бұл күндердің ызғарлы сәттерінде боздақ болған бабаларымызды еске алу, олардың өнегесін ұрпақ санасында жаңғырту кейінгі ұрпақтарының борышы екені белгілі. Сондықтан, еліміздің әрбір түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндай сауапты іске Алматы қаласының мешіттері де атсалысып, 30-31 мамыр күндері әрбір намаздардың соңында және кешкі ауызашар дастархандарында қуғын-сүргін құрбандарына арнап арнайы Құран оқып, уағыз-насихаттар жасалуда. Енді сол бір зұлматты күндердің тарихына тоқталып өтсек.
1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған.
Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар интелегенция өкілдері ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген. Бұл қазақтың өздері қиындықта болсада өзгені құшағына сыйдыра алған дархандығының көрнісі екені даусыз.
Алла Тағала қазақ елінің құрбандарын рақымына алсын!
Алматы қаласы Орталық мешітінің Баспасөз қызметі