ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ МҰСЫЛМАН ЭТИКАСЫ
Жер бетіндегі діни көзқарас, дүниетаным ежелгі заманнан бері келе жатқаны белгілі. Діндер өздерінде қалыптасқан мойындалатын құндылықтар жүйесін – рухани құндылықтар деп атайды.
Ислам дінінің ортаға шығуы Араб халифатының ұзақ және оқиғалы тарихының басталуын белгіледі. Жаңадан пайда болған, ыдыраған және қалпына келтіруден өткен мемлекеттік құрылымдар өз кеңістіктеріне көптеген этникалық топтарды, соның ішінде бай мәдени дәстүрді де енгізді. Ислам негізінде пайда болған өркениетте моральдық ережелер жүйесі де қалыптасты.
Ислам дінінің ерекшелігі – ол қоғамның барлық саласын, жеке адамның өмірінің, мәдениеттердің, салт-дәстүрлердің, тілдердің, саяси құрылымдардың әр түрлілігіне қарамай мұсылман қауымдастығының рухани құндылықтарының ұқсастығында. Соның арқасында әлемде миллиардтан аса өкілі бар бұл діннің ішкі тұтастығы мықты.
Мұсылман этикасы өзінің қайнар көздері тұрғысынан исламның діни жүйесімен байланысты болса да тек адам мен Құдайдың қарым - қатынасы саласын ғана емес, адамның мінез-құлқы және оның барлық аспектілерін, этикалық категориялардың зайырлы-діни сипатты қарастырады.
Дәстүрлі исламдық ойда: "Құран сүннетті, ал сүннет Құранды түсіндіреді" деген қағида қалыптасқан. Ол ислам дәстүрінің беделді мәтіндері (Құран және сүннет) этикалық немесе заңды болсын, нормаларды қалыптастыруға негіз болған барлық жағдайларда әрекет етеді. Бұл қағида Құран да, сүннет те бір-бірінен бөлек мұсылман этикасының негізі бола алмайтындығын білдіреді. Құран мәтінінің кез-келген үзіндісін түсіндіру, біріншіден, Құран ережелерін (тәпсір, тәуил), екіншіден, сүннетті жақсы білуді талап етеді. Осылайша, Құран мен сүннет нормативті мұсылман этикасын жасауға негіз болатын беделді мәтіндердің біртұтас корпусын құрайды. Бұл тұрғыда мұсылман этикасын "Құран мен сүннет этикасы" деп атауға болады.
Ихсан – ислам этикасын қамтитын имандылықтың ең жоғарғы шыңы және мұсылманның өмірінің барлық саласын қамтыған адамгершілік нормаларының этикалық категориясы болып табылады.
Ихсан кез келген нәрсені дұрыс, жақсы, көркем түрде жасау, жақсы іс атқару, жақсылық қылу деген мағынаны білдіреді. Жаратушы сені көріп тұрғандай құлшылық жасау, көптің қолынан келе бермейтін, рухани кемелдену жолын көздеп, жаны мен тәнін түрлі кемшілік пен жамандық атаулыдан тазартып, Жаратушыға кіршіксіз таза көңілмен мойынсұнуды білдіреді.
"Дәстүрлі этика" термині "мұсылман этикасына" жақын мағынада қолданылады. Дәстүрлі этика дегеніміз – мәдени немесе басқа ерекшеліктеріне байланысты белгілі бір аймаққа тән моральдық нормаларды да білдіреді.
Қазақ халқының моральдық-этикалық тәрбиесінің басқа халықтарға ұқсамайтын өзіне тән мән-мазмұны, ерекшеліктері бар. Моральдық-этикалық дәстүрлер дегеніміз моральдық сана тәжірибесіне ендірілген, адамгершілік қатынас мазмұнында көрініс тапқан моральдық ережелер мен нормалар.
Тарихи кезеңдердің жаңа дәуірі туғанымен ешқашан құнын жоймайтын моральдық-этикалық категорияларға: ар, ұят, намыс, абырой, ұждан, борыш, парыз, т.б. жатқызуға болады.
Қазақ және мұсылман этикасы туралы басылымдарда «әдеп», «ахлақ», «мораль», «адамгершілік» сияқты ұғымдар қолданыла береді және оларға әртүрлі анықтамалар беріледі. Ал біздің мақсатымыз ел мұсылмандары ислам дінінің қазақылықпен ұштасқан этикалық нормаларын тұтастық шеңберінде ала отырып, алдағы уақытта қоғамымызда татулық пен тұрақтылықтың, ғылым мен білімнің, адамгершілік құндылықтарының дамуына өз деңгейімізде үлес қосу.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі
басқармасының жанындағы «Кеңес
беру және оңалту» орталығының директоры Р.Қайыргелді
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.