АЛЛАҒА ҰНАМДЫ ЕКІ ІС: ИМАН МЕН ЖАҚСЫЛЫҚ
Алланың адамзат баласына берген ең үлкен сыйы – Иман нығметі. Қандай адам болмасын Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген нәрселеріне жүрекпен сенсе, оның дұрыстығына иланса, Алла құзырында мүмін болып саналады. Әрбір мұсылман үшін Аллаға деген иман және оның шынайы болуы ең басты мәселе. Өйткені осы иманымыз арқылы біз екі дүние бақытына қол жеткіземіз.
Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен ізденіс пен білім, иман қажет. Бұған Абай Құнанбайұлының: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деген сөзі дәлел. Қожа Ахмет Иасауи бабамыз да: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады», – деп, иманды алғашқы орынға қояды. Алла иман келтіріп, салих амал жасаған құлдарына разы болады. Әрине, Алланың разылығын иеленген құл болуымыз үшін тек иман келтіру жеткіліксіз. Иманмен бірге ықыласпен құлышылық жасап, көркем мінез-құлық иесі де болуымыз маңызды.
Расында кімде-кім Аллаға шынайы түрде иман келтіріп, шамасына қарай қолынан келгенше жақсылық іс жасаса, ақыретте міндетті түрде оның сауабын алады.
Хақ Тағала Құран Кәрімде:
«Сонда кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал, енді кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді»,– деп баян етеді [Зілзәлә, 7-8].
Кез-келген жақсылықты Алла да, Оның құлы адам да, тіпті жан-жануарлар да жақсы көреді. Жақсы деген сөздің өзі құлаққа жағымды, жүрекке қонымды, көңілге ұнамды, тілге тиекті. Ал жамандықты жақтыратын ешбір жан жоқ. Сол себепті "Жақсылық жәннаттың кепілі, жәһаннам жамандықтың кесірі" дейміз.
«Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» [Аср сүресі]. Аяттан түсінгеніміз, жәй ғана «сендім, иман келтірдім» деу жеткіліксіз. Жүректегі иман сәулесінің сөнбеуі үшін ғибадат-құлшылық та керек.
Иә, «иманым менің – жиғаным» деп жырлап кеткен кешегі бабалырымыз да сенімдеріне селкеу түсірмей, ізгі, салихалы амалдарымен Құдай Тағаланың разылығын бірінші орынға қоя білген жандар еді.
Қазақтың маңдайына біткен шайыры Майлықожа бабамыз:
«Жақсылық отқа күймес, суға батпас,
Гауһар тас жарық қылмай, жерде жатпас
Қолдан келсе етіңіз жақсылықты,
Жақсылықты еткендер жаман таппас», – деген өлең жолдарынан өзгеге жақсылық жасау арқылы өзіңде бақытқа кенелетінің сөзсіз. Өйткені жақсылықтың қарымтасы әрқашанда жақсылықпен болмақ. Біреудің мұң-мұқтажын өтеу, оны басына түскен уақытша қиындықтан құтқарып, жағдайын жеңілдету. Ойлаған адамға бұдан асқан бақыт, бұдан асқан ләззат бар ма? Расында, адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау. Қоғам мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. «Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деп «әр-Рахман» сүресінде баяндалғандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы ‒ тек жақсылық қана.
Демек, нағыз мұсылман иманының кәмілдігін аузымен ғана емес, амалымен дәлелдейді. Өзі жақсы адам қашанда жақсылыққа асық болады, ізгілікке ғашық болады. Жәннаттық адамға Жәннаттық амалдар жеңілдетіледі, сонымен қатар, жақсылық жасаушы жандарға Раббысының берер сыйы да есепсіз болмақ. Алланың мейірімі қандай шексіз болса, мейірімділік пен қайырымдылыққа, жақсы амалдарға беретін Оның қайтарымы да сондай кең болары сөзсіз. Ендеше, жалғыз Алланың разылығын табу жолында аянып қалмай, қасиетті рамазан айында қайыр қылудан қалыс қалмайық.
Мансуров Нұрмахан
Алмалы ауданы, «Төлеби» мешітінің азаншысы.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.