АШУРА КҮНІНДЕГІ АМАЛ
Ерте заманда арабтардың жыл санау жүйесі болмады. Пайғамбарымыздың (салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мадинаға қоныс аударған уақытынан бастап «һижра жыл санауы», яғни мұсылман жыл санауы басталады. Алла Тағала осы жыл санауының ішінде төрт айды аса құрметті етті. Олар - Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Режеп айлары.
Мұхаррам айы – мұсылман жыл санауының басы, алғашқы айы. Мұхаррам сөзі «тыйым салынған» деген мағынаны білдіреді. Бұл айда соғысу харам болғандықтан «мұхаррам» деп аталған.
Мұхаррам айының қадір-қасиеті жайлы дінімізде жан-жақты айтылған. Хасан әл-Басри (р.а.): «Шын мәнінде, Алла жылды мұхаррам айымен бастап және осы аймен жылды аяқтайды. Сонымен қатар осы жылда, Алланың алдында қасиеттілігі себепті рамазаннан кейін мұхаррамнан асқан ай жоқ», – деген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: “Рамазаннан (айы оразасы) кейін ең ізгі ораза Aлланың айы мұхаррамдағы ораза. Парыз намаздардан кейінгі ең ізгі намаз - түнгі намаз”.
Бұл айда мүмінге құлшылық етіп күнәларынан арылуға әрі мол сауапқа кенелуге ерекше мүмкіндік берілген. Мұхаррам айының оныншы жұлдызына дәл келетін Ашура күні айдың ең айтулы күні болып табылады. Осы күні ислам тарихында көптеген атаулы оқиғалар орын алған: Хазреті Адамның тәубесінің қабыл болуы, хазреті Нұхтың топаннан құтылуы, хазреті Юнустың балықтың қарнынан шығуы, хазреті Ибраһимнің отта жанбауы, хазреті Идристің тірідей көкке көтерілуі, хазреті Яқубтың ұлы хазреті Юсуфқа қауышуы, хазреті Юсуфтың құдықтан шығуы, хазреті Әййубтың аурудан құтылуы, хазреті Мұсаның қызыл теңізден өтуі, хазреті Исаның туылуы және өлімнен құтылып тірідей көкке көтерілуі Ашура күні болған.
Ашура күні ораза ұстау – сүннет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы күні ораза ұстайтын. Тіпті, Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда, Ашура күні ораза ұстау уәжіп болғандығы жайлы деректер кездеседі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашура күнінің оразасы туралы: «Өткен жылдың күнә-қателіктерін өшіреді, деп үміт етемін», – деген. Ашура күнімен қосып бір күн алдын және бір күн кейін ораза ұстау – мұстахаб. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мсен сәлемі болсын): «Ашура күні ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін алдында бір күн және кейін тағы бір күн тұтыңдар», – деген. Мәдинада Ашура күні ораза тұтқан Пайғамбарымыз яһудилердің де ораза тұтқандарын көріп: «Неге ораза тұттыңдар?», - деп сұрады. Олар «Алланың исраил ұлдарын дұшпаннан құтқарған күні, Мұса бұл күні ораза тұтқаны үшін тұттық», - деді. Расул Алла алейһиссалам мұсылмандардың бұл күні ораза тұтуларының себебін түсіндіру үшін: «Мен Мұса алейһиссаламға сендерден де лайықтымын», - деп бұйырды.
Бұл күні тек ораза ұстаумен ғана шектелмей, садақа беріп, нәпіл намаздар оқып, басқа да ізгі амалдар жасау да мол сауапқа кенелтеді.
Ақсай мешітінің қызметкері
Аманқұлов Жеңісхан
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.