АТА ЗАҢ - ЕЛ ТІРЕГІ
30 – тамыз Қазақ елінде айтулы мерекелердің бірі. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қазіргі Ата заңымыз қабылданған күн. Бұл қадам тереңнен тамыр тартатын мемлекеттігімізді тың өріске бастап, Қазақстан Республикасының күрделі геосаяси жағдайдағы дамуының даңғыл жолын айқындаған күн болғаны белгілі. Еліміздің конституциясында белгіленген адам құқығы мен бостандығы, саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды. Елдің тірегі болып табылатын Ата заң - халық билігі, теңдік, бірлік, заң үстемдігі сияқты қастерлі ұстанымдар қалыптасып, Қазақстанның келешектегі жан-жақты даму бағдарының мазмұнын айшықтай түсті.
Ел басқаруда даналық жолды ұстанған кез келген басшы халықтың бірлігі мен берекесін, бейбітшілігі мен игілігін, ар-ожданы мен діни сенімін жоғары қойып, адамгершілік құндылықтарға нұқсан келтірмеуге тырысқан. Өйткені, әділдік – барша азаматқа ортақ құндылық. Ал адам құқығы мен құндылығының негізгі кепілі – Ата заң.
Біз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде даму жолына түскен елміз. Біздің елде азаматтық қоғам жүйесі қалыптасып, адам құндылықтары басты орынға шығуда. Ендеше, азаматтық қоғамды қалыптастырып, ар-ожданымыздың алтын қазығы саналған Ата заңымызда айқын жазылған адамгершілік құндылықтарды дамыту сіз бен біздің белсенді, игі де ізгі амалдарымызға байланысты.
Ата Заңымыздың алғашқы бабында айқын жазылғандай, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Тегіне, нәсіліне, ұлтына, тілі мен дініне байланысты ешкімді кемсітуге болмайды. Өйткені, Конституция бойынша адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Сондықтан да бір шаңырақ пен ту астын мекен еткен халықтың тірегі һәм сүйеніші болған Ата заңға құрмет – ұлт болашығы үшін де аманатты іс болмақ.
Адамзат баласы қауымдасып өмір сүруге бейім жаратылған. Қоғамдық тәртіп орнаған қауым қашан да өркениет көшінен қалмаған. Даңқты батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген ұлағатты сөзі көп жайтты ұғындырса керек...
Мұсылмандардың алғашқы әміршісі болған Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) ел басқару аманатын қолға алған сәтте мінберге шығып былай деген еді:
«Ей, адамдар! Мен сендерге басшы болдым. Алайда, сендерден артық жерім жоқ. Егер бір жақсылық істеп жатсам, жәрдемшім болыңдар. Ал, жамандық істесем, мені түзетіңдер. Шындық – аманат, ал жалған – қиянат...»
Ата заң – елге қызмет етіп, халықтан құралған мемлекетте ізгі қоғам құру әрбір парасат иесіне жүк.
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!
Алла Тағала еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын арттырып, жақсылығы мен берекесін жаудырғай. Ел аман, жұрт тыныш болғай! Әмин!
Алматы қаласының бас имамы
Төлеби ОСПАН
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.