БІЛІМ АЛУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Кемел дініміз Ислам мұсылман ер мен әйелді ілім, білім алуға, сауатты болуға шақырады. Шариғат тілінде білім сөзі – бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны білдіреді. Мұсылманды білім ізденуге жігерлендіретін аят-хадистер жетерлік.
Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи етіп түсірген аяттарында: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді», – деп, оқуға бұйырған («Ғалақ» сүресі, 1-5-аят).
Алла Елшісі де (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде ілім алудың артықшылықтарына ерекше тоқталған. Бұл жөнінде Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Әбу Дарда р.а: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді.
Білім – Алланың сүйікті пендесіне ғана нәсіп болады. Білім жолындағы адамға да қойылар талап жайлы: «Кімде-кім білімді үйренсе, Раббысының разылығына лайықты болуы үшін үйренуі тиіс. Ал керісінше, тек қана дүниені иелену, байлық, мансап үшін үйренген болса, ол пенде қиямет күні жәннаттың өзі тұрмақ иісін де сезбейді». Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, Пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол іліммен сусындаса, мол несібеге кенелгені» — деген».
Білімге ұмтылу – шынайы сенушілерге тән қасиет. Құран мұсылмандарды білімді байлық пен атақ үшін емес, сенім үшін игеруге шақырады. Ал өз білімін тәкаппарлыққа және атаққұмарлыққа негіз ретінде пайдаланғандардың орны тозақ екенін пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) те айтып кеткен. Діни және дүниелік білімді Алла ризалығы үшін үйреніп, өз білімі арқылы игі, сауапты істер атқаруға ұмтылғандар адамзатқа тек пайда әкелетіні сөзсіз. Ислам – ғылымды үйреткен ұстазды да, оны үйренген шәкіртті де құрметтеп сыйлайды.
Тарихқа үңілсек мұсылмандардың арасынан көптеген ғалымдар шыққан. Олар тек ғана дін ғылымдарында емес, жаратылыстану ғылымдарында көптеген ғылыми жаңалықтар ашқан. Медицина, география, алгебра, астрономия сында ғылымдар орта ғасырда шырқау шегіне жетті. Білім деген адамды адам баласын надандық қараңғылығынан шығаратын нұр тәрізді.
Раббымыз қасиетті Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» (Зумәр сүресі, 9-аят),-деп білім алудың маңыздылығы келтірілген.
Ислам әлемінде төртінші Халифа болған Али ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ» деген.
Ілім дүние мүліктен қымбат. Ілім сені қорғайды, малдың қорғаушысы сенсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние – мүлік жұмсаған сайын азаяды.
Білімнің пайдасы адам дүниеден өткеннен кейін де тоқтап калмастан, қияметке дейін жалғаса береді. Хадисте: «Адам каза болғанда барлық амалдары тоқтайды. Бірақ, үш түрлі амал бар, олар қияметке дейін жалғасын таба береді, жасаған жақсы істері, үйреткен білімі, артында қалған иманды баласының дұғасы». Демек, білім алып, оны басқаларға үйреткен адам бұл дүниеден өтіп кетсе де білімінің пайдасы қияметке дейін жалғаса береді.
Ақсай мешітінің қызметкері:
Аманқұлов Жеңісхан
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.